Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аи-92- нің бағасы нешеге барып тоқтайды? Сарапшылар болжамы

Жанармай бағасының артуы қазақстандықтарды алаңдатуда. Қазірдің өзінде кейбір бензин құю бекеттерінде Аи-92 160 теңгеге сатылуда. Жанармайдың қымбаттауы қашанға дейін жалғаспақ? Мұнай және газ нарығының  сарапшысы болжам жасады. 

Сарапшы Ерлан Жаукиннің сөзінше, бүгінде Түркістан облыстары мен Шымкент қаласындағы жанармай стансаларында бензин бағасы өзге өңірлерге қарағанда арзандау. Мұны аталмыш өңірлерге бензин жеткізудің шығындары аз болуымен түсіндіруге болады. 

"Бензин бағасы әлі де қымбаттауы мүмкін. Олай деуімізге негіз жеткілікті. Тіпті біздің есебіміз бойынша, бір литрі 175-180 теңгеге дейін баруы ғажап емес. Әрине, әр өңірдің ерекшелігіне байланысты сәл құбылу байқалуы мүмкін. Бірақ өзге өңірлердегі өсім басқаларына да әсер етпей қоймайды. 

Баға өсіп жатыр деген сөз жалпы бензиннің біздің елдегі құны қымбат дегенді білдірмесе керек. Бұған дейін көрші елдердегі бағамен салыстырып, талдау да жасаған болатынбыз. Сол салыстырулардың қорытындысы бойынша, Аи-92- нің бағасы литріне 175 теңге болғанның өзінде аймақтағы ең арзан бензин Қазақстанда болады деген тоқтамға келгенбіз. Бұл әлем бойынша ең арзан бензииннің бірі біздің елде сатылады деген сөз. Бірақ ішкі нарық әркез әлемдік статистикамен өмір сүрмейді ғой. Оның өз шындығы, өз ережелері бар. Бұл мысалдан бензиннің әділетті бағасы қанша болуы мүмкін екенін көруге болады", - дейді ол. 

Бұған қоса, маман Ресейдегі жағдай туралы пікір білдірді. 

"Соңғы кезде Ресейде бензин тапшылығы болуы мүмкін деген әңгіме жиі айтылып жүр. Яғни, Ресей бензин экспортын шектеуі ықтимал. Бұл әзірге Ресейдің өзі ішіндегі бағаның артуына түрткі болуда. Наурыздың басынан бері Ресей Үкіметі ішкі нарықтағы бензин бағасын тұрақтандыру мәселесін мұнай кәсіпорындарымен бірге талқылап жатыр. Бұл жерде мынаны ескеру керек. Ресей нарығында бағаны ұстаудың тетігі біршама әділетті принциппен жұмыс істейді деуге болады. Яғни, мұнай өңдеушіге ішкі нарық, экспорт бағасы мен өндеу шығынының айырмашылығы бюджет өтеп береді. Егер экспорт бағасы ішкі нарықтағы бағадан төмен болса, өндіруші бюджетке айырмашылығын төлейді. Ал экспорт бағасы ішкі бағадан жоғары болса, бюджет өндірушіге айырмашылығын төлейді", - деп қосты Ерлан Жаукин.

Аи

Дегенмен Қазақстанда мұндай тетік жоқ, дейді ол. Сондықтан отандық өндірушілер нарық шартына қарай икемделуге мәжбүр. Сөзінше, еліміздегі көлік отынының қымбаттауына көрші елдегі жанармай бағасы ықпал етуде. 

"Қазір Ресейде бір литр бензин бағасы біздің валютамен 245-250 теңге болып тұр. Яғни, қазақстандық бензин ресейліктер үшін арзан. Қазақстан нарығындағы бензиннің бәрі Ресейге кетпеу үшін біздегі баға 200-205 теңгенің төңірегінде болуы керек. Бұл қазақстандық бензиннің Ресейге "ағатын" жолдарын жабар еді. Қазақстанның қолында өз бензинімізді өз нарығымызда ұстап тұрудың тағы бір жолы бар. Ол -  әкімшілік шара. Нақты айтсақ, бензинді көлік багынан басқа ыдыспен алып шығуға тыйым салу тетігі. 2019 жылы мемлекет осындай шараны қолданған. Бұл әрине нарық ережесіне қайшы. Бірақ әсері пәрменді", - деп қосты сарапшы. 

Мұнай саласының маманы халық арасында айтылып жүрген қауесетті жоққа шығарды.

"Жанармай қымбаттаса, тіршілікке қажет тауар мен бұйымдардың бәрі қымбаттайды деген уәж де жиі айтылып жүр. Оның қаншалықты негізді екенін түсіну үшін 2018 жылды еске алайық.  Бұл жылы бензин бағасы 163 теңге болып тұрды. Содан бастап бүгінге дейін баға тек арзандап отырды. Арада үш жылдай уақыт өтті. Бензин бағасы өзге тауарлардың бағасына тікелей әсер ететіні шындық болса, дүкен сөрлеріндегі бағаның бәрі осы 3 жылда арзандай бреуі керек еді ғой. Өкінішке қарай, ондай оң тенденцияны көрген жоқпыз. Керіснше, бензин арзандаған сайын, өзге тауардың бәрі қымбаттай берді. Осыдан-ақ бензин бағасының өзге тауар бағаларына тікелей әсер ететіні туралы болжам мен байбаламның дұрыс емес екенін көруге болады", - дейді ол.

Ерлан Жаукин елдегі өндірушілер үшін бензиннің бір литрі 200-205 теңге болғаны әділетті дейді. Бірақ бағаның әлеуметтік мәні деген бар.

"Аи-92 бензині құбылған сайын тұтынушылардың көңіл күйі де құбылатынын бұған дейінгі өзгерістер көрсетті. Яғни, өндірушіге қолайлы баға тұтынушыға жақпайды, тұтынушыға қолайлы баға өндірушіге жақпайды. Осы екі шектің ортасынан ұстағаннан басқа жөнді амал жоқ әзірше", - деп сөзін қорытындылады маман.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бензин бағасы тағы қымбаттағаны айтылған еді. 

Талқылау
Пікір
Ғареке
10 Мау, 21 жыл - 08:24

Рессейдің бензинін Қазақстанмен салыстыра отырып халқының күн көріс деңгей нақтырақ айлық жалақысымен салыстыру керек. Қазақстанда Рессейдікінен төмен айлық жалақы. Болжағыштар соны салыстырыңдар, бетін  ғана ойламай тереңінен ойланыңдар.