Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалы болып, дертіңнен айығып, баспана аласың": Әлмерек бабаның зираты қандай тылсымдарға толы?

Қазақта әулиенің басына барып түнеп, дұға-тілек тілеу бағзы заманнан келе жатқан дәстүр. Қасиетті қазақ даласы - әулие мен әнбиелердің мекені. Бүгінде сондай қасиет қонған жерлердің бірі Алматы маңындағы Әлмерек бабаның басына баратындардың қатары көбейген. Қорымға адамдар еміне шипа іздеп, бала сұрап, жолын ашу үшін баратын көрінеді. Мәселенің мән-жайын біліп, құдіретті деп саналатын жерді көру үшін Stan.kz журналисті Әлмерек бабаның басына барып қайтты. Келушілердің тағдыры мен бабаның қасиеті туралы мақаланы назарларыңызға ұсынбақпыз. 

Алматыдан 30 шақырым жерде орналасқан Әлмерек бабаның зиратына кесене соғылған. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, ел есінде Әлмерек өзі Ұлы жүздің албан руынан шыққан батыр, абыз ретінде қалыпты. Ол ХV-XVI ғасырларда өмір сүрген деседі. Әлмерек батыр 22 жасында қалмақтың Шонжы деген батырының басын алған. Асқан батырлығымен көзге түскен жас жігіт өмірінің орта шағында рубасы, айтқаны айдай келген аузы дуалы абыз болған екен. 

Қартая келе Әлмерек әскерге сарбаз жаттықтырумен айналысады. Шәкірттері атақты Райымбек батыр, өз немересі Саурық батыр, Ұзақ батыр да осы кісінің тікелей ұрпағы.

Әлмерек Тәуке ханның Жеті жарғысын жазуға ат салысқан Жетісудің ықпалды азаматтарының бірі болған деседі. 

"Әлмерек бабамыз албан руынан шыққан. Албанның биі болған кісі. Тәуке ханның тұсында өмір сүрген. Жас кезінде батырлығымен аты шыққан. Кейін келе өзінің ақылымен, білімімен, даналығымен танылған. Ұрпақтарының болашағын болжаған. Өзінің бес ұрпағының қалай өсіп-өнетінін айтып кеткен. Райымбек батырдың атасымен тұстас өмір сүрген. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, Райымбек батырға екі рет бата берген. Бір рет төрт жасында ойнап жүргенде, екінші рет - он жеті жасында жоңғарлармен соғысқа шығарда. Өтеген батыр, Малай батыр Әлмеректен бата алған.

"Әулие бабам Әлмерек, шын сыйынсаң әл береді" деп жатады", - дейді жиырма жыл бойы қабыр басында жұмыс істеген Алтыншаш апа. 

Дінмұхамед Қонаевтың нұсқауымен 90 жылдары Әлмерек бабаның артында қалған ұрпақтары жиналып ас беріп, басына кесене тұрғызған көрінеді. Сол кезде қарапайым мазардың айналасына шағын бақ отырғызылып, ғибадат бөлмесі салынған. Қазір бұл жер ауруына шипа іздеген жандардың ағылып келетін орнына айналды. 

Осы уақыт аралығында бабаның басына келіп, тілек тілеп, дертіне шипа тапқандар көп сыңайлы. Бірінің көзі көрмей, енді бірі өзін қоярға жер таппай қысылса, екіншісі қотыр басқан денесін жазуға келген. Мұндай жағдайлар өте көп. Әртүрлі ауруға шалдыққан адамдар келеді дейді, Алтыншаш апа. Әркім басына берген дерттен шипа іздеп, әулие маңындағы бес бұлақтан су ішіп, жуынып, дұға етіп, тілек тілеп, қайтатыны да жасырын емес. 

"Осы жиырма екі жылда қаншама адам келіп жатыр. Қазақта "Әруақсыз ел болмайды, әруақты сыйлаған қор болмайды" дейді. Өзіміз талай жағдайдың куәсі болдық. Бір қыз көзі көрмей келіп, бірінші бұлағына көзін жуып, көзі көріп кеткен. Содан 45 жастағы мүлдем бала көтермеген әйел де келді. Ол да ана бақытын сезінді. Қанша адамдар балалы болып жатады. Денсаулық сұрап келетіндер де бар. Мұның барлығын беретін бір Алла ғой. Алладан тіле, әулиеге түне дейді ғой қазақтар. Мұндай оқиғалар өте көп. Алла ниетің мен тілегіңе береді ғой. Шын ниетпен, тілек тілеп келген адамдарда барлығы жақсы болып жатады. Біреулер жар сұрап келеді, біреулер бала, енді бірі ауруына шипа сұрап келеді. Әрине, оның барлығын беретін әуелі Алла. Осы әулиенің құрметіне беретін шығар. Тек қана бақсы балгерлер емес, келген адамның барлығы қуат алып қайтады. Әулиенің басында періштелер әумин деп, нұр шашып тұрады дейді. Біз өзіміз әруақты сыйлаған халықпыз ғой", - дейді ол кісі. 



Тіпті, жыл сайын келіп, ем алып, дұға ететіндер бар екен. Оған қоса, Әлмерек бабаның басына көршілес орыс ағайындар да келетін көрінеді. Орыс ағайындардың өзі жандары тыныштық тауып, сабырға келгендерін айтып, алғысын жаудырып кетеді дейді Алтыншаш Кәрібаева. 

"Барлығын тілегіне жетіп, бабамыздан қуат алып кетеді. Басқа елдерден де келеді. Ресейдің Сургуттан, Новосибирск қалаларынан да келеді. Олардың өзі келіп алып, кете алмай жүреді. Мына жерде бес бұлағы бар. 2000 жылы Кегеннен бір мұғалім әйел келген. Үстінің барлығын жара басып кеткен. Бармаған жері қалмапты. Үш күн қонып, суына шомылып, жақсарып кеткен. Көбі енді тұрмыс-тіршіліктен шаршап, баратын жер таппағанда әулиеге барады ғой. Адамдар келіп, суына түсіп, күш алып, жадырап қайтады", - дейді қызметкер Алтыншаш Кәрібаева. 

(Емші Тұрақын Үмбетова)

Әлмерек бабаның басына емшілер де келетін көрінеді. Олардың басым бөлігі өзіне көмекке жүгінгендерді алып келеді. Stan.kz тілшісі зиратқа барғанда сондай емшілердің бірі Тұрақын Үмбетова да келіпті. 75 жасты алқымдаған әжей әулиеге табынбаймыз, Аллаға сыйынамыз, әулиелер қорғап-қоршап жүреді дейді. 

"Әлмерек бабаның басына халықты ертіп алып келемін. Жолы ашылмайтындардың жолы ашылады, ауырғандар ем табады. Емшілікпен айналысқаныма 25 жылдан асып кетті. Сонда да Алланың күшімен шаршамаймыз, келіп, зиярат етеміз. Қиналып жүрген адамға көмектесу үшін алып келемін. Бұл жерлердің тылсым сыры бар. Алланың кереметімен адамдардың жолдары ашылып, баласы жоқтар балалы, отбасы жоқтар отбасылы, баспанасыздар баспаналы болып жатады. Барлығы Алланың кереметімен. Бұл жер күш, әл, қуат береді. Қатты ауырып келген, дәрігерге барып, ешқандай ем таппағандар да біздің алдымызға келіп жазылып кетеді. Бұл - тылсым дүниенің кереметі. Әлмерек абыз атаның көріпкелдігі болған. Келген адамдарды жылы қарсы алады", - деп түсіндірді Тұрақын емші. 

Қамшы ұстаған емші әулие басына келіп, дертіне шипа тапқан жас баланың оқиғасымен бөлісті. Тіпті, медицина емін таба алмаған бала әулиелердің басына барып, дұға-тілек етіп, шипа тауып, баланың басы жазылып кеткенін айтады. 

"Халық көп келеді. Келіп ем алып, риза болып қайтады. Адамдарда қысым болады. Әруақ қолдайды деп айтып жатады. Кез келген адам келе бермейді. Ауруханада ұзақ жатады. Мысалы, жақында осы Қалқаманнан жас жігіт болды. Сонда жаңағы бала "бір жерде апа бар, сол кісіге барамын" деп ауруханадан шығып кетіпті. Емделіп, қаралып, Әлмерек атаның басына, Бәйдібек атаның басына апарып келгеннен кейін, жаңағы бала жазылып кетті", - дейді бабаның басына келген емші әжейлердің бірі Тұрақын Үмбетова. 

(Дертінен айыққан Жанар)

Оған қоса, осыдан 15 жыл бұрын ауыр дертке шалдығып, дәрігерлер емін таппаған Жанар есімді келіншек те бабаның басына үнемі келіп тұратынын айтады. Әулиелерге барып түнеп, Алладан тілеп, қазір денсаулығы жақсарған көрінеді.

"Бүгін қасиетті жұма күні әулие атаның басына келіп жатырмыз. Келуіміздің басты себебі - Алладан тілек тілеу. Барлығы Алланың құзырымен болатын нәрсе ғой. Алладан басқа ешкім ешнәрсе бере алмайды. Бұл әулиенің басында Алланың нұры жауып тұрады дейді. Алланың нұры жауған жерде періштелер болады екен. Сол періштелер арқылы адамзат баласының дұға-тілегі қабыл болады дейді. Мен бұл әулиенің басына 2006 жылдан бастап келемін. Өйткені мен өзім он бес жылдай қатты ауырдым. Ешқандай медицинадан көмек болмады. Содан адамнан-адам себеп болып, Отырарда жатқан үлкен әулие бабамыз Арыстан Бабтан бастап, осы Әлмерек бабаның басына дейін араладым. Алладан тілек тілеп, қолдау сұрап, жазылдым. Он бес жылда түрлі ота жасаттым. Шыны керек, медицина көмек бермеді. 41 әулиенің басын аралап өтіп, содан Алланың арқасында дертіме шипа қонды", - дейді Жанар. 

Оған қоса, келіншек біз аруақтарға табынбаймыз, кез келген нәрсеге себепші Алла екенін айтады. Дегенмен Әлмерек бабаның зиратына нұр түсіп тұр, нұр түскен жерде періштелер болады деп сенеді келіншек. 



"Әулиелер тек қолдаушымыз. Көбі әулиенің басына барады, Аллаға серік қосады деп айтып жатады. Ондай ұғымға қарсымын. Өйткені әулиелерден ешнәрсе сұрамаймыз. Ең әуелі Алладан сұраймыз. Бұл кісілер о дүниеде жатса да, желеп-жебеп, қолдап, қоршап жататынына сенімдімін. 2006 жылдан бері талай адамды көрдім: он екі жасқа дейін сөйлей алмай келген баланың тілі шығып, сөйлеп кетті. Бұл Алланың құдіреті. Қатерлі ісіктен он төрт күн ғана өмірің қалды деп ауруханадан шығарып тастаған Қызылордадан бір келіншек келген. Сол келіншектің осында келіп, жазылып кеткенін көрдім. Алланың арқасында, әулиелердің қолдауымен адамзат баласы иманға келіп, арақтан, нашақорлықтан арылып, тазарып жатыр. Сондай құдіреттер бар",  - дейді келушілердің бірі Жанар. 

Шырақшының сөзінше, Әлмеректің 3 некеден 8 ұлы қалған екен. Олардың 5-і рулық дәрежеге жеткен. Қазір барлығының зираты әкелерінің қасында. Бұл қорымда тек Әлмерек бабаның ғана емес, үш жүздің беделді тұлғаларының да зираты бар. 

"Бабамыз халыққа қызмет істеген хас батырдың өзі. Бұл кісілерге тән үлкен құдірет тазалық пен Құраннан калыптасқан. Біз сол арқылы амал істеуіміз керек. Алланың қалаған ісін істесе, пенде тілегіне жетеді. Сол үшін әрқайсымызға сүннет бойынша дұға қылып, Алладан сұрап, Алла деп қайтыңыздар дейді. Бұл жерге келгеннен кейін Аллаға сансыз мақтау айтып, қайтатын мекеніңізге жеткен кезде сабырға келу керек. Бұл кісінің жанында үш жүздің адамдары жатыр. Сол үшін жалғыз баба емес. Өте ескі қорым. Осы жерге келіп зират етіп, бабаларымыздың жатқан жерін көрсетіп білдіріп кеткен Дінмұхамед Қонаев еді. Бұрынғы ел басқарушымыз. Сол кісіге Алла разы болсын. Негізі Әлмеректің сегіз ұрпағы бар. Жанында сегіз шырағы жанып тұрады. Келетіндердің саны өте көп. Адам аяғы үзілген емес. Күні-түні ағылып жатады. Шипа Алладан болады. Әулиенің жанында нұр тұрады оны ешкім көре алмайды", - дейді шырақшы Марат Нұрақынұлы. 

Талқылау