"Қыз туа бересің деп анамды көп жазғырды": Ұлданай, Ұлтуар есім иелері аттарының өмірлеріне әсері мен өз оқиғаларымен бөлісті
Ежелден қазақ халқы нәрестеге ат қоярда бірқатар сенімді ұстанған. Оның ішінде ырымдарға да сүйеніп, баланы көз тиюден сақтайтын, жарқын болашаққа артылған үміттің белгісін байқайсыз. Әрбір есімнің жеке образы, қойылудағы астары, мән-мағынасы болады. Адамның аты өміріне қалай әсер етеді? Қазақ баласына есімдерді қалай қойған? Stan.kz тілшісі анықтап көрді.
Қазақстанда 1905-2019 жылдар аралығында нәрестелерге "Ұл"-дан басталатын 75 400 есім берілген. Оның 70%-ы еліміздің оңтүстік аймақтары Қызылорда, Жамбыл, Түркістанға тиесілі.
Кейбір елдер мен олардың мәдениетінде адамға екі түрлі ат беретін болған. Олардың бірін тек баланың ата-анасы, шіркеу қызметкері, шаман ғана білген. Осылайша, адамдар бұл тәсіл баланы тіл-көзден аман сақтайды деп есептеген.
Шардара ауданының тұрғыны, бес баланың анасы Ұлданай Кенжеқұлова анасының қыз туа бергендіктен бала босанғанда қуаныштан гөрі көңілсіздік жиі орнағанын айтады.
"Отбасымызда 5 қыз 5 ұлмыз. Менен бұрын үш әпкем бір ағам болды. Мен үйде бесіншімін. Мен туғанда әкем ұл күтсе керек, атымды Ұлданай деп қойды. Артымнан ұл бала дүниеге келсін деген ойы ғой. Бірақ менен кейін Қалдығыз есімді сіңілім туды. Үйдегілер оны туғаннан Қалдыбек деп атадық. Әкеміздің көңілі күйі тіпті болмады.
Әкемнің қыз туа бересің деп анамды жазғырған кездері де болды. Меніңше, ұл баланың дүниеге келуі қыздарға "ұл-" бөлшегімен есім қоюға байланысты емес немесе әйелге де байланысты емес. Мысалы менен кейін қыз дүниеге келді. Дегенмен де әке-шешемнің тілегі қабыл болып одан кейін төрт ұл бала туылды. Оның бірі егіз ұлдар", - дейді ол.
Айтуынша, әке-шешесі есімін Ұлданай деп қойғаны үшін ренжіген кезі болмаған. Керісінше, аты өзіне қатты ұнайды, көңілі толады.
Екі баланың анасы алматылық Ұлтуар Қожахметова үйде бесінші бала екенін айтады. Оның сөзінше, аты өзінен кейін ұл баланың дүниеге келуіне әсер еткен.
"Менен үлкен 4 әпкем бар, мен бесінші қызбын. Үлкен әпкем Анар 1980 жылы, екінші әпкем 1982 жылы, үшінші әпкем 1984 жылы, төртінші әпкем 1988 жылы, сосын мен 1992 жылы тудым. Сосын көптен күткен інім Жандос 1997 жылы туылды", - дейді ол.
Ұлтуар бастапқыда ата-анасына реніш болғанын жасырмайды.
"Лақап атым болды. Құрбыларым Аяу дейтін. 16 жасымда куәлік алатын кезде ауыстыратын ойым да болды. Бірақ ауыстырмадым. Бәрі атымды естігенде анаң ұл туды ма деп сұрайтын еді. Иә, туды деп мақтанышпен айтатынмын. Қәзір осы есімнің арқасында өзім де ұлды болдым", - дейді Ұлтуар.
Ерекше есім иесінің бүгінде екі баласы бар: қызы - Айша, ұлы - Әліби.
Ұлы адамдардың есімдерін халық белгілі бір жетістік және ұмтылыспен байланыстырады. Өз аттастарының жетістіктерін бағалап, адам өзі де осындай белеске жете алатынына сенімділігі арта түседі.
Әдетте бір адамның кем дегенде екі есімі болады: бірі - құжаттағы, ресми ат, екіншісі қысқартылған, еркелетіп айтылатын және т.б.
Адам осы есімдердің әрқайсысын әртүрлі қабылдайды. Бұл туралы кеңірек психолог Гүлжан Досболқызы кеңірек тарқатып айтты.
Қазақтар балаға жеке тұлға ретінде емес, ұрпақ ретінде қарайды
"Зигмунд Фрейдтің "Тотем және Табу" кітабында және басқа да зерттеулерде ежелгі адамдарға көп нәрсе таңсық болып көрінгендігі жазылады. Сондықтан көп нәрседен қорқып, енді-енді бейімделіп, қорқынышпен өмір сүргендіктен наным-сенімдер, ырымдар пайда болған. Есімдер де осы нанымдарға тікелей байланысты. Яғни ат қойып, сондай болсын деп ырымдаған.
Сондай-ақ, бұл адамның қай кезеңде, ғасырда туғанына да байланысты. Ашаршылық, соғыс кезінде бала туылып жатса, нанымдар жетегінде Аман, Есен, Тоғжан, Қуаныш және т.б деген сияқты есімдер пайда болды. Қазақтар "Жақсы сөз - жарым ырыс" деп ойлайтын халық, сондықтан осындай жақсылыққа деген үмітпен баласына ат қойған. Соғыстан кейін Жеңіске жеткен соң да, осыған сәйкес есімдер тарала бастады", - дейді маман.
Сондай-ақ, ол ат қою - адамның көңіл-күйіне де байланысты екенін айтады.
"Мәселен, Ұлмекен, Ұлболсын есімдері сол кездегі эмоционалдық, ішкі ойы мен жоспарлары, не ойлап, не жоспарлап жүр соған да байланысты. XXI ғасыр - нарциссизм ғасыры. Адамдар өз-өзіне қарап, тамсанып, айнаға қарап, селфи түсіріп жүрген заман", - дейді ол.
Бала туған кезде бізде оған ұрпағы, жалғасы ретінде қарайды. Оны жеке тұлға ретінде емес, ұрпақ ретінде қарастырған.
"Сондықтан өзінің бөлшегі, жалғасы болғандықтан өзіне қалай ұнайды, солай қояды. Бұрын ата-әжелер ырымдап қоятын болса, қазір ата-аналар өздері қояды. Қазір сәнді аттар көбейіп кетті, түрікше, арабша аттар қою кең етек ала бастады. Оның мағынасын біле бермейді. Өзіне ұнайтын есімді қайтадан өзіне қоя алмайтын болғандықтан, оны баласына қояды. Демек бұл жерде нарциссизмнің нышаны білінеді", - дейді психолог.
Гүлжан Досболқызы адам өмірде әртүрлі рөл атқарады дей келе, жұмыста - әріптес, үйде - баласы/қызы ретінде ерекше аты болуы мүмкін екенін айтады. Осылайша, достарының арасында, жұмыста ерекше аты болуы мүмкін.
"Солай болуы керек те сияқты. Бұл сол адамға қатысты қарым-қатынас, сезімді білдіреді", - дейді ол.
Дәрігер-невропатолог Мәди Алдаберген адамның есімінің мәнісін, мағынасын білу арқылы көп мәселені шешуге, алдын алуға болатынын айтады. Адамның есімдерінің тағдырға әсері туралы редакциямызға сұхбат та берген еді.
"100% сенімділікпен қазақстандықтардың 95%-ы есімдерін кім бергенін, қандай оймен бергенін білмейді деп айтуға болады. Кім қойғанын білсе де, көбі атының тарихын, қандай мақсатта қойылғанын білмей жатады", - дейді ол.
Маман қайтыс болған, ауырған, өмірі трагедияға толы болған адамдардың атын сәбиге қоюға болмайтынын айтады.
Ат қоюда қазақтар наным-сенімге жүгінген
Этнограф Ахмет Тоқтабай көшпенділер қоғамында ұлдың орны ерекше болғанын айтады.
"Көшпенділер салтында ұл бала әскер қорғайтын адам, барымта болса да, соғыс болса да шығатын болғандықтан қоғамда үлкен рөл атқарған. Елін, жерін қорғаушы деген мағынаны білдіреді. Қыз бала көбейіп кетсе, артынан ұл тусын дейді. Ұл болса, тегі жоғалып кетпейді, қыз туса, өзгенің түтінін түтетеді, ошағын жағады. Қазақтың барлық эпостарынан "жалғыз ұлға зар болды" деген тіркестерді кездестіруге болады", - дейді ол.
Айтуынша, ежелгі қазақтар ұл туу үшін әулиелерге барып, түнеп, бұршақ салып, Күнге табынатын.
"Қазақтар ырымшыл халық, Алладан тілейді, дұға етеді. Үнемі қыз туа берген әйелдің өзі күйеуіне екінші, үшінші әйел алып берген жағдайлар да тарихта кездеседі. Қазақтың ат қоюы салтқа, өмір тіршілікке, тарихи ортаға байланысты", - дейді тарихшы.
"Мәселен, Шығыс қазақтарында есімдерге "Хан" қосымшасының жалғануын кездестіруге болады.
"Абылайхан", "Батыйхан", "Жеңісхан" деген есімдерді кездестіруге болады. Есімі арқылы адамның қай жерден екенін білуге болады. Бала тоқтамай қойғанда, шетінеп қайтыс бола берсе, мән-мағынасы жоқ аттар қою да кең таралған. Шылғаубай, Боқтыбай деп қояды, мұндай есімдері бар адамдары өзім кездестіргенмін. Кейін ер жеткенде мықты жігіт болыпты деседі", - дейді Ахмет Тоқтабай.
Қазақтың бұрынғы салты болғандықтан, көз тимес үшін мұндай есімдер қойған дұрыс, дейді этнограф.
Кейбір мамандар түрлі наным-сенімге, ырымға сүйеніп қыз балаларға "Ұл" түбірлі есім қоюды дискриминация дейді. БҰҰ жанындағы әлем халықтары бойынша қор арнайы «Қызболсын» деген деректі фильм түсірген екен. Мұнда есімдері «Ұл» түбірінен басталатын қыздар өз өмірлері, ойымен бөліседі. Осы арқылы жоба авторы ата-аналарға есім таңдауда мейілінше мұқият болуды ескертпек.
Қазақтардың есім қоюында әлдебір сиқыр бар
Психолог Елена Безрукова адам есімін шифрланған құпиясөзбен теңестіреді.
"Жер шарындағы барлық ұлтта ет қою рәсімі бар және олардың әрқайсысы есімнің құпиясөзі іспетес екенін түсінеді. Адамға өмірінің бағдарын енгізеді. Мен адамның атын естіп, адамның өмірі қалай өтіп жатқанын болжай аламын. Славян әліпбиіне қызығып жүруіме байланысты 2 мыңға жуық есімді оқып шықтым. Адамның есімінде оның өмірлік миссиясы шифрланған деген қорытындыға келдім. Светлана, Елена, Қайрат, Алмат деген есімдерді алып қарастырып, әркімнің өмірлік бағыты әртүрлі екенін түсіндік. Есім - бұл шабыт, өмірдің құпиясөзі, миссиясы.
Адамның екіден көп есімі болуы қалыпты нәрсе. Жалпы адам сөзге қатты әсершіл болып келеді. Мәселен, менің есімімді Алена қойған, Елена деп жазған. Өзімді Алена деген есіммен жағымды сезініп жүрдім. Алайда 17 жасыма жеткенде өзімнің Алена емес Елена болғанымды түсіндім. Бірақ ол кезде маған бұл есім ұнамайтын. Есейгенімді түсіндім. Қазір мені Алена деп тек өткен өмірімдегі, жақындарым ғана атай алады", - дейді ол.
Адамның толық есіміне тұнып тұрған байлық жатыр, дейді Елена Безрукова.
"Қазақ есімдеріне және олардың адамға қалай әсер ететініне қатысты зерттеуім бар. Меніңше, қазақ халқы есімге келген өте дана болған деп айтар едім. Тілге деген қарым-қатынасы өзгеше. Тіл адамның есімдеріне сиқыр беретіндей. Егер ата-ана қызына артынан ұл бала дүниеге келетіндей есім беруі керек деп санаса, солай болуы тиіс. Демек бұл қыз баланы дүниеге әкелетін "жолсерік" болады", - дейді маман.
Ислам бойынша адамның есімі мінезіне, өміріне қалай әсер етеді?
ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы баланың есімі оның өмірлік жолдасы болғандықтан, ат қойғанда, көркем, мән-мағынасы жоғары, жақсы есімдерді таңдап қою керектігін айтады.
"Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімдердің ішінде әдемі һәм мағыналы есімдерді жақсы көретін. Өзінің бір хадисінде: «(Балаларыңа) Пайғамбарлардың есімдерін қойыңдар, әрі есімдердің Аллаға ең сүйіктісі – Абдулла («Алланың құлы»), Абдуррахман («Рахманның құлы»), ең шынайысы – Харис («Диқан»), Һәммәм («Қайратты»), ал ең жағымсызы – Харб («Соғыс») және Мурра («Ащы, ауыр, қайғылы»), деген. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаман мағына беретін жағымсыз есімдерді ғана өзгертетін. «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Омардың Ғасия (қарсы шығушы) атты қызының есімін Жәмила (Әдемі) деп өзгерткен", - дейді ол.
Ал балаға мағынасыз немесе жаман мағына беретін есім берілсе, ертең сол есімі себепті мазаққа айналуы мүмкін, дейді имам.
"Мысалы ғалым немесе батырдың атын қойып балаға сол ғалым, батыр жайлы айтса, бала соған еліктеп, сондай болуға тырысып өседі. Осы жақтарынан балаға қойылған есім оның өміріне, мінезіне әсері болуы мүмкін", - дейді Медет Құрмашұлы.
Айтуынша, нәрестелерінің бәрі қыз болып, ұл баланы күтіп жүргенде тағы да қыз бала туылса, кейінгі бала ұл болсын деген ниетпен Ұлболсын, Ұлбала, Ұлту, Ұлтуған, деп қою шариғатқа қайшы емес.
"Дегенмен жалпы ат қойғанда ырымға, белгілі бір уақиғаға немесе құбылысқа қарап емес, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде айтып өткендей, ізгі, жақсы мағынадағы есімдерді қою керек", - дейді ол.
Ата-ана жеті күн ішінде өздеріне ұнаған жақсы әрі мағыналы есімді таңдап, баласына қою керек, дейді маман.
"Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баланың құлағына азан шақырып, жақсы есім қоюды үмметіне өсиет еткен. Есімі осы азан шақырып қойылғаны болады. Сондай-ақ, баланы екінші атпен де атаудың оқасы жоқ. Ал баланы тіл-көзден сақтау оған Құраннан таңдаулы сүрелер мен аяттарды, салауат пен дұғаларды оқып, дем салумен болады.
Ұлды болу үшін Ислам қандай амалдар, дұғалар оқуға кеңес береді?
Медет Құрмашұлы ұлды да, қызды да беруші Алла Тағала екенін айтады.
"Сондықтан дұға қабыл болатын уақыттарда, Алладан жарылқау тілеп, Аллаға дұға етіп, шын жүрекпен сұрауымыз керек. Сондай-ақ, шариғат талаптарына сай келетін амалдарды да қолданудың еш оқасы жоқ", - дейді ол. Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы төмендегі дұғаларды оқуға кеңес береді:
Дұғалар: Зәкария пайғамбардың дұғасы:
Мағынасы: Сол арада Зәкария (Ғ.С.) Раббына жалбарынды: «Раббым! Маған қасыңнан игі ұрпақ бер. Шәксіз Сен дұғаларды естушісің» деді. (Әли Имран сүресі: 38-аят).
«Уа, Раббым! Сүйегім қаусап, басым ағарған. Дегенмен саған қойған тілегім, босқа кетпеген еді».(4). Шынында мен өзімнен кейінгі жақындарымнан (мұрагер бола алмайды деп) қорқамын. Сондай-ақ жұбайым кемпір. Сонда да маған өз қасыңнан бір мұрагер (перзент) бере көр!» (Мәриям сүресі: 4-5 аяттар).
Ибраһим пайғамбардың дұғасы:
«Уа, раббым, маған салиқалы перзент бере гөр» деп дұға жасаған. (Саффат сүресі: 100-аят).
Дайындаған: Назерке МҰСА