Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ тілінде өлең оқып, кеңестерімен бөліседі: Министр Алексей Цой туралы не білеміз?

Қазақстанның жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жайлы не белгілі? Бұл туралы Stan.kz редакциясы дайындаған материалдан оқи аласыздар.

Коронавирустан емделіп жатқан экс-министр Елжан Біртановтың орнына, коронавирустың жаңа толқынымен жаңа министр де келді. 25 маусым күні денсаулық сақтау министрі болып Алексей Цой тағайындалды.

40-тан енді ғана асқан жас министрлердің қатарын Цой мырза да толықтырды. Жаңа министр Шымкент қаласының тумасы, дүниеге 1977 жылы 2 сәуір күні келген. Бүгінде ол асыл жар және екі ұлдың ардақты әкесі. 

Ол өзінің қызмет бабын 2001 жылы эндоскопист-хирург ретінде бастаған. Содан бері 19 жыл бойы ол медицина саласының төңірегінде қызмет етіп келеді. Айта кетейік, Цой бес жыл қатарынан, 2014-2019 жылдар аралығында денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ал денсаулық сақтау министрі болып тағайындалмай тұрып ол үш күн бұрын бірінші вице-министр қызметіне кіріскен еді. 

Алексей Цой медицинадан бөлек редакторлықпен де айналысыпты. Мәселен, министр кезінде бір жыл "Вестник МЦ УДП РК" журналының бас редакторы болған. 

Министр медицинамен ғана шектеліп қалған жоқ, оның бизнес саласынан және заң саласынан да хабары бар. Цойдың әскери әкімшілік доктор және заңгер дәрежесі бар. Стэнфорд университетінде (АҚШ), Сингапур, Мәскеу, Германия, Ұлыбритания және басқа елдерде еңбек тағылымдамасынан өтіп, шетелдік әріптестерімен тәжірбие алмасты. Сонымен қатар ол мемлекеттік және бизнес құрылымдарында түрлі басшылық қызметтер атқарды.

Жаңа министр белсенді желі қолданушысы. Оның Instagram парақшасында 24 мың оқырманы бар, Facebook-те 4037, Telegram каналында 1429 оқырман. Ол өз оқырмандарын жаңа посттармен жиі қуантып отырады. Цой өзінің парақшаларында денсаулыққа қатысты пайдалы ақпараттармен, кеңестермен және еш қиындықсыз жасауға болатын жаттығулармен бөлісіп отырады. Сонымен қатар ол медитация жасаудың қаншалықты пайдалы екенін жиі жазады, соған қарағанда министр тән саулығына ғана емес, жан саулығына да аса үлкен көңіл бөлінетіні байқалады.

Министрдің парақшасында медицинға қатысты ақпараттардан бөлек, жүзінен күлкі кетпейтін танымал түрік аспазшысы Бурак Оздемирдің видеолары да жиі кездеседі, осылайша Цой өз оқырмандарымен дәмді тамақтардың құрамымен де бөлісуді жөн көреді.

Жас министр заман талабына сай неше түрлі челлендждерден де қалыс қалмайды, оған Абайдың 175 жылдығына арнайы түсірілген видеосы дәлел.

Бұл видеодан көптің көкейінде жүрген: "Қазақша сөйлей ала ма?", деген сұрақтың жауабын алуға болады.

Алексей Цой өлең оқып қана қоймай, бимен де жақсы айналысатын тәрізді. Ашық-жарқын министрдің парақшасында "Hey la" әніне ырғақпен билеп жатқан видеосы да бар. 

 

Жаңа министрдің коронавируспен күресудегі беталасы да жаман болмайды деген үміт әркімнің жүрегіне ұялағаны жасырын емес.

Алексей коронавирусқа қарсы алдыңғы шепте жүрген әріптестерін мейрамдарымен құттықтай отыра, пандемияға қатысты өз пікірін білдірді:

"Қазір, пандемия кезінде, қоғамымыз өте осал болған тұста, мен біздің заманымыздың ең асыл және үлкен сұранысқа ие қызметі туралы айтқым келеді. Менің ойымша, осы қиын-қыстау кезеңде бүкіл әлем медицина мамандарының құндылығы мен маңыздылығына көз жеткізді.Технология мен қоғамның қарқынды дамуына қарамастан, дәл қазір медицина қызметкерлері коронавируспен күресте ауыр жүк арқалап, оның халық арасында таралуына жол бермеу үшін аянбай еңбек етуде", - деді ол.

Цой медицина қызметкерлерінің күнделікті ауыр жұмысын атап өтті:

"Көзге көрінбейтін қарсыласпен күресте, өмірлік жағдайға қарамастан, сіздер өз жұмыстарыңызды жалғастырып, біздің қоғамды қорғау үшін үлкен үлес қосып жүрсіздер. Барлық дәрігерлерге ризашылығымды білдіру үшін сөз табу өте қиын! Осындай үлкен жауапкершілікті өз мойнына алған мықты рух пен табандылық иесісіздер. Уақыт көрсетіп отырғандай, мұндай жұмысты барлығы бірдей атқара алмайды, оны тек сіздер істей аласыздар!", - деп Цой, Қазақстан Республикасы президентінің Медициналық орталығының атынан, медицина қызметкерлеріне ризашылық білдіріп, оларға мықты денсаулық, күш-қуат және шыдамдылық тіледі.

Ал бұған дейін жаңа министр әріптесі Біртановқа үндеу арнаған еді.

"Құрметті Елжан Амантайұлы, сіз ел үшін қиын уақытта коронавируспен күресу қарсаңында алдыңғы шепте болдыңыз. Сіздің өңірлерде және инфекция ошақтарында тікелей халықпен және мамандармен жұмыс жасауыңыз денсаулық сақтау жүйесінде оң өзгерістерге алып келді. Өкінішке орай, вирус ешкімді аямайды. Сізге тезірек сауығып, қызметке қайта оралуыңызды шын жүректен тілеймін", - деп жазды Цой өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Алдағы уақытта жаңа министр еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне тың өзгерістер алып келетініне бек сенімдіміз. 


"Қазақстанға "жас көкелер" керек емес": Саясаттанушылар биліктегі өзгерістер жайлы не дейді?

 

Дайындаған Сабина Нұрғали

Талқылау