"Басқа әкімнің керегі жоқ": СҚО-ның тұрғындары басы дауға қалған басшының қызметіне қайта оралуын талап етті
Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл тұрғындары басы дауға қалған әкімді қызметіне қайтаруды талап етіп отыр. Шенеунік мас күйінде көлік айдап, жеке үйдің дуалына барып соғылған. Дегенмен жергілікті тұрғындар әкім Қайырболат Чехмановқа сөз жуытар емес. Олардың айтуынша, әкім ауылдықтар үшін бар жағдайды жасап беріпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Бірнеше күн бұрын Қайырболат Чехманов басқарған ауылдық округында шу шықты. Алайда халық наразылығының себебі әкімнің мас күйінде қызметтік көлікті айдағаны болмапты. 150-ден астам адам әкімдік ғимаратының алдына жиналып, басы дауға қалған басшыны қайтадан қызметіне тағайындалуын талап еткен.
"Ауылда үлкен бақ өртенген еді. Әкім бізбен бірге өртті ауыздықтау үшін жүгіріп жүрді. Ешнәрседен жалтарып қалмайды, үнемі көмектесіп жүреді", - деді ауыл тұрғындарының бірі.
Ауыл тұрғындары бұрынғы әкімнің жеткен жетістіктері мен ауылды гүлдендіруге ат салысқан еңбектерін жарыса айты. Сөздерінше, оның алдындағы басшылар ауылға көңіл мүлдем бөлмеген. Тұрғындар әкімнің мектепке барар балшық жолды түзеп, су жүйесін, тіпті, көшеге жарық бағандарын да орнатқанын жеткізді. Олар әкімнің оғаш қылығына көз жұмып қарап, оны кешіріп үлгергендігін айтты. Оның үстіне оқиға кесірінен айтарлықтай шығын да келмеген, ешкім де жараланбаған.
Әкімнің мас күйінде көлік айдағанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген адам осы ауылдың дуалы қираған тұрғыны екен. Қазір оны 150-ден астам адам түймедей жағдайды түйедей еттің деп кінәлап отыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Чехманов өз бетімен арыз жазып, жұмысынан босатуын өтінген болса да, алдағы уақытта қайта қызметіне келуден бас тартайды.
"Якорь ауылдық округінің әкімі мас күйінде көлік жүргізгені бізге белгілі. Ол бұл әрекетімен жергілікті атқарушы билікті ұятқа қалдырды", - деді СҚО-ның басшы қызметін атқарушы Олжас Ыдырысов.
Дегенмен ауыл тұрғындары сүйікті әкімін қайтармайынша тынышталмайтындығын жеткізді.
Бұған дейін желіде ауыл әкімнің қатысуымен түсірілген даулы видео тарағаны айтылған еді.