Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2 сағаттық медитация 1,5 миллион теңге: Қазақстандықтар қызметін қомақты қаржыға бағалаған коучты сынның астына алды

медитация 1,5 миллион теңгеге сатқанФото: Видеодан скрин

Желіде энергия бойынша сарапшы Жанна Слямова 2 сағаттық медитацияны 1 500 000 теңгеге сатып жатыр деген ақпарат тарады. Осы жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі коучқа хабарласып, мән-жайды сұрап білді. 

Мұны заңгер Алуа Секишова Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында баяндады.  Оның айтуынша, курсты алушылар әуелі ақша аударып, сосын ғана келісімшарт жасасқан. 

"2 сағаттық медитацияға 1 жарым миллион теңге. Бүгін маған Жанна Слямовадан рухани медитация сатып алғандар хабарласты. Олар медитацияны келісімшартсыз 1 500 000 теңгеге алыпты. Алушылар әуелі ақша аударған. Бір-екі күннен соң ғана келісімшарт жіберілген. Ұйымдастырушы оларды Түркістан, Ақтау және басқа да қалаларда өтетін ретриттерді сатып алуға көндірген. Айта кетейік, мұндай ретриттердің бағасы 1 000 000 теңгеден басталып, 3 500 000 теңгеге дейін жетеді. Міне, нағыз рухани тәжірибе деген осы. Ал сіздерге қалай?", – деп жазды ол. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі энергия бойынша сарапшы Жанна Слямовадан мән-жайды сұрап білді. Ол жоғарыда келтірілген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты. 

"Ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Біз осы жазба негізінде ар-намыс, абырой және іскерлік беделді қорғау мақсатында шағым дайындап жатырмыз", – делінген жауапта.

Дегенмен Жанна Слямова бұл жағдайға қатысты толық ақпарат ұсынбады. Қазір сапарда жүргенін, алдағы уақытта толық жауап ұсынатынын айтты. 

Адамдар несиеге, қарызға сатып алып жатыр

Медитация бағасына қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі, 1,5 миллион теңгеге курс алуды ақымақтық десе, енді бірі оны өзінің болашағына құйған инвестиция деп санайды. 

"Ең сорақысы артық ақшасы жоқ адамдар несие алып, қарызға кіріп, сондай "курстарға" қатысып жатыр. Айтарға сөзім жоқ. Жалған коучтар, рухани "ағартушылар" ерте ме, кеш пе әшкере болады деп үміттенемін".

"Бұрын өзімді әлсіз, қорғансыз сезініп жүрген сәтте Жаннаның клубына кірдім. Маған біреу көмектессе екен деген үмітпен барған едім. Қазір соған алданғаныма қатты өкінемін. Біраз ақшамды беріп тастадым. Маған тек маманданған психолог керек болған екен. Кейін өзімді жинап, ары қарай өмірімді жалғастырдым. Басқаларға айтарым, білімі, тәжірибесі бар кәсіби психотерапевт іздеңіздер. Ал Жанна өте мықты манипулятор. Адамды ұят пен кінә арқылы басқарып, шешім қабылдауға мәжбүрлейді".

"Белгілі бір шектеуі бар адамдар бұл ақшаны көп көреді. Мен бай адамдармен араласып, мынаны түсіндім: "әр адам бағаны өз ішкі сеніміне қарай қояды. Егер біреу ол бағамен келіспесе бұл оның мәселесі". Әр адам өзі үшін ақша төлейді. Дегенмен мұндай терең ұғымды бәрі бірдей түсіне бермейді".

"Басында күмәнмен қарадым. Бірақ осы медитацияны алған соң өзімді қайта тапқандай болдым. Ішкі күйзеліс, шешілмей жүрген сұрақтарыма жауап алдым. Ақшасы әрине көп, бірақ жаныма келген тыныштық одан да қымбат екеніне көзім жетті".

"Медитацияға миллион теңге жұмсау біреу үшін ақымақтық болып көрінуі мүмкін. Бірақ мен үшін бұл өзіңе инвестиция құю. Жан дүниең реттелмей, табысың да артпайды, ісің де жүрмейді". 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 22 Шілде, 2025 17:07
Талқылау