Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Несие алғандарға жәрдемақы берілмейді": Еңбек министрі жаңа құжатты түсіндірді

министрФото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәжілісте өткен брифингте несиесі бар отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) беру тәртібіне қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, құжат "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Онда несие алған отбасыларға АӘК төлеу шарттары қайта қарастырылуы мүмкін екені айтылған.

Жақыпованың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек қарызды жабуға арналмаған. Сондықтан есептеу кезінде отбасының несиеге жұмсайтын шығыны есепке алынады.

"Мәселен, үш адамнан тұратын отбасы 3 миллион теңге несие рәсімдеді делік. Ай сайынғы төлем әрқайсына 300 мың теңгеден келеді. Бұл табыс кедейлік шегінен жоғары болғандықтан, оларға АӘК тағайындалмайды. Ал егер несие көлемі шағын болса, мысалы 300 мың теңге, есеп керісінше табыстың кедейлік шегінен төмен екенін көрсетеді. Бұл жағдайда АӘК беріледі", – деді министр.

Ол сондай-ақ аталған өзгерістер ипотекалық несиеге қатысы жоғын да атап айтты.

Министр құжат әзірге заңдық күшіне енбегенін, қазір ол тек қоғамды ақпараттандыру және ұсыныстар жинау мақсатында талқылауға ұсынылғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін министр Қазақстанда жалақыны конвертпен беруге тыйым салынатынын айтқан еді. Сондай-ақ көпбалалы емес отбасыларға да көмек берілетінін айтты.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 10 Қыркүйек, 2025 15:43
Талқылау