Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жылына 56%: Неліктен қазақстандық банктерде пайыздық мөлшерлеме жоғары және оны төмендетуге бола ма

18 маусымда Kaspi Bank бөлімшесіне жасалған шабуыл елді дүр сілкіндірді. Бұл жағдайдан кейін қаржы сарапшылары елде несие мәселесін көтеріп, пайыздық мөлшерлемені төмендетуді ұсынған. Қаржыгерлердің сөзінше, сыйақы мөлшерлемесінің жоғары болуы халықтың өмір сүру деңгейіне кері әсер етеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56% шегінде. Stan.kz тілшісі экономистерден жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің жоғары болу себебін сұрап көрді. 

несие

Экономист Расул Рысмамбетов Қазақстанда несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің жоғары болуының басты себебі инфляция деңгейі екенін атап өтті. Оның үстіне сыйақы мөлшерлемесі елдегі негізгі экономикалық көрсеткіштерге де байланысты. 

"Бізде инфляция өте жоғары, 2022 жылы 20% болды. 2023 жылдың маусымында да жоғары болып отыр. Бұл – теңгенің шынайы бағасы. Оның үстіне банктер несиеге 5-8% көлемінде табсты, сосын қайтарымсыз займ үлесін қосады. Нәтижесінде 30% шығады, кейде 40%-ға жетуі мүмкін. Бізде экономика әлсіз, сондықтан банктер микроқаржы ұйымдарына несие беруді тоқтату керек. Бәріміз білеміз, микроқаржы ұйымдары 1-2 айға 15-20 мың теңгені қарызға береді. Cонымен қатар валюталық қауіп-қатер мен инфляцияның деңгейі секілді факторлардың кесірінен банктер өнеркәсіп пен өндіріске несие бере алмайды. Себебі өнеркәсіптік несиелер қымбатқа түседі. Сондықтан кәсіпке несие қажет болса, азаматтар "Даму" қоры сынды мекемелерге жүгінеді", – деді экономист. 

Қаржы маманының пайымдауынша, несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету үшін жаппай несие беруді тоқтату керек. 

"Бұл туралы 2022 жылы президент те тапсырма берді. Қазір азаматтар несиені табыс көзін растамай-ақ алады. Мұның барлығы шынайы кедейлік деңгейін көрсетпей тастайды. Биліктегілер рәсімделген ипотека мен несиеге алынған тауар санын көріп, халықтың жағдайы жақсы екен деп ойлайды. Негізінде азаматтар несие алмаса, жалақысы ештеңеге жетпейді, табыс деңгейі төмен. Тапқан-таянғаны ипотеканы төлеуге кетеді, ал балаларды мектепке дайындау үшін тағы несие алады. Осылайша несие спиралі туындайды. Бұл тек банктердің емес, үлкен экономикалық мәселе болып отыр. Аталмыш мәселені шешу жолында биыл жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдадық. Бірақ банкроттықты рәсімдеуді жылдамдату үшін заңды әлі жетілдіру қажет", – деп қосты маман. 

Расул Рысмамбетовтің сөзінше, егер елде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 40%-ға дейін төмендесе, банктердің табысы артады әрі халыққа да тиімді болады.

"Егер банктер табыс көзін растаған соң ғана несие берсе, оларда нақты кіріс пайда болады. Несиені төлемеу қатері азаяды. Сәйкесінше несиеден түскен табысын басқа жаққа жұмсай алады. Мәселен, өнеркәсіптік несие беру және т.б. Дегенмен осы тұста халықтың табысына байланысты тағы бір проблема туындайды. Егер азаматтардың кірісі несие алуға жетпей қалса, олар көлеңкелі несие, онлайн қарыз алу нарығын жағалайды. Тиімді сыйақы мөлшерлемесін бірте-бірте төмендете берсек, халықтың шын мәнінде қандай деңгейге өмір сүріп жатқанын көреміз. Азаматтардың табысы нақты не нәрсеге жететіні белгілі болады. Былтыр Қаржы нарығын реттеу агенттігі аталмыш мөлшерлемені 44%-ға дейін төмендетуді ұсынған еді. Бұдан бөлек мемлекет те халықтың табысын арттыру үшін шаралар қабылдуы қажет. Мәселен, жаңа жұмыс орындарын ашып, жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсетсін. Тек несие берумен ғана шектелмеу керек", – деп қосты маман. 

Экономистің пайымдауынша, қазір теңгенің тұрақталығына ешкім сенбейді. Өйткені мемлекет ұлттық валютамызды алтын қорының арқасында ұстап тұр. Ал алтын қоры белгілі деңгейде мұнай бағасына бағынышты. 

"Егер мұнай арзандап кетсе, теңге тағы да әлсірейді. Сондықтан азаматтар ақша жинау үшін жалақының бір бөлігіне доллар сатып алады. Айтқым келетіні, несие бойыншы жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемені төмендетсек, біздің қаншалықты кедейленіп жатқамыз айқындалады.  

Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін төмендетуге лобби топтар жол бермей отыр

Экономист Мақсат Халық та Қазақстанда жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемені түсіруге мүмкіндік бар деп есептейді. Маманның айтуынша, бұл үшін депутаттар да нақты ұсыныс айтуы керек. 

"Егер пайыздық мөлшерлемені төмендетсе, банктер қосымша табысынан айырылып қалады. Меніңше, бұған жол бермей отырған лобби топтар бар. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды да қабылдатпай келген осы лобби топтар еді. Олар несиеден қыруар табыс көріп отырды", – деп бастады Мақсат Халық. 

Маманның пікірінше, еліміздің дамушы мемлекет болуы және инфляция деңгейінен бөлек несие мөлшерлемесінің жоғары болуының тағы бір себебі бар екен. 

"Банктер инфляцияның үстінен табыс көргісі келеді. Осы себепті бізде бизнеске арналған ұзақ мерзімді несие жоқ. Егер үкімет нақты схема дайындап, тауар өндірісін жолға қойса, инфляция деңгейі түсер еді. Сонымен қатар бұрын несие алып, оны қайтармай отырған азаматтардың жиынтығы да несие пайызына әсер етеді. Қазақстанда әр үш адамға несие берсе, оның біреуі қайтармайды екен. Сондықтан банк қарызын уақыты төлеп жүрген адамның мойнына үшінші адамның қарызын пайыздық мөлшерлеме арқылы ілгісі келеді. Бізде несиесін қайтармайтын адамдар өз әрекеті арқылы пайыздық мөлшерлеменің артуына себепкер болатынын білмейді", – деді ол. 

Экономист Қазақстанда жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемені 30%-ға дейін түсірсе де, банктер банкрот болмай жұмыс істей алатынын мәлімдеді. 

Талқылау