Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Непалда су тасқыны салдарынан 100-ден астам адам қаза тапты

Непал астанасы Катманду маңында өзендер жағасынан шығып кетті. Құтқарушылар тікұшақтар мен моторлы қайықтардың көмегімен 3 мыңға жуық адамды эвакуациялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі dw.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: EPA/UPG

Мәліметтерге сенсек, Непалда болған жойқын су тасқыны мен көшкіндер салдарынан кем дегенде 101 адам қаза тауып, тағы 64 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Қайтыс болғандар саны әлі де өсуі мүмкін.

Непал астанасы Катманду маңайы қатты зардап шеккен. Себебі өзендер жағасынан шығып, үйлер су астында қалды. Тасқын кезінде бірнеше тасжол жабылған. Адамдар судан беліне дейін малтығып, биіктеу жерлерге жетуге тырысып жатыр. 29 қыркүйекте тараған деректерге сәйкес шамамен 3 300 адам құтқарылған.

Құтқару операциясына 3 мыңға жуық адам, тікұшақтар мен моторлы қайықтар қатысып жатыр. Кейбір құтқарушылар зардап шеккендерді қауіпсіз аймақтарға жеткізу үшін салдарды пайдаланды. Катмандуға ішкі әуе рейстері қайта жанданды. Екі күн бұрын әуе қатынасының тоқтатылуына байланысты әуежайларда жүздеген адам қалып қойған еді.

Айта кетейік, Оңтүстік Азияда маусымнан қыркүйекке дейін созылатын жаңбырлы маусым кезінде су тасқындары жиі болып тұрады. Осы кезеңде жылдық жауын-шашынның 70-80% жауады. Сарапшылардың пікірінше, климаттың өзгеруі су тасқындарының жиілеуі мен күшеюіне әкеліп отыр.



Еске салайық, бұған дейін Нигерияда су тасқынынан кейін 300-ге жуық сотталушы түрмеден қашып кеткенін жазған едік. Түрме басшылығының мәліметінше, Нигерияның солтүстік-шығысындағы жойқын су тасқынан Майдугури қаласындағы түрменің қабырғаларын опырылып түскен. 

Талқылау