Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Непалда наразылыққа шыққандар қаржы министрін шешіндіріп, өзеннен жалаңаш өткізген (видео)

өзен ішінде жалаңаш жүргіздіФото: Видеодан скрин

Непал үкіметінің кеңсесі орналасқан Катмандудағы Сингха Дурбар сарайы өртеніп кетті. 1908 жылы салынған сарайдың отқа орануына үкіметтің ірі әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы шешімі себеп болған. Осы қаулыдан соң 8 қыркүйекте "Z ұрпағы наразылықтары" деп аталатын шерулер мен тәртіпсіздіктер басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Meduza Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Басқа да үкіметтік ғимараттарға шабуыл жасалды. Наразылық білдірушілер Непал президентінің кеңсесі орналасқан Шитал Нивас сарайын, парламент ғимараты мен Жоғарғы сотты өртеп жіберді. Олар шенеуніктердің үйлеріне де шабуыл жасаған. Непалдың бұрынғы премьер-министрі Джала Натха Кханалдың әйелі үйінің өртенуінен қайтыс болған. Сондай-ақ "Z ұрпағы наразылықтарына" қатысушылар елдің қаржы министрі Бишну Прасад Пауделдің ішкиіміне дейін шешіп, мотоцикл дулығасын басына кигізіп өзен ішімен қуалады. Шенеунік наразылық білдірушілердің құрығына күндіз түскен. Алдымен олар министрді ұрып-соғып, сосын жол бойымен сүйреп апарған. Кейін ол босап шығып, өзенге секірген. Дегенмен ол жерде де құтылып кете алмады.

Екі күн ішінде тәртіпсіздік және полициямен қақтығыс салдарынан 22 наразылық білдіруші қаза тауып, 400-ден астам адам жараланды. Үкімет әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы шешімінен бас тартты. Премьер-министр Шарма Оли отставкаға кетті, бірақ бұл наразылықтарды тоқтата алмады. 9 қыркүйекте президент Рам Шандр Пауделдің отставкаға кеткені туралы хабар шықты. Бірақ президент кеңсесі мұны жоққа шығарды. 

Непалда басталған "Z ұрпақ төңкерісі" шерушілердің көпшілігінің жасына байланысты аталған. Зумерлердің көшеге шығуына кедейлік, жұмыссыздық, жемқорлық және әлеуметтік желілерді бұғаттау себеп болған.

Айта кетейік, бұған дейін Непалда халық әлеуметтік желілердің бұғатталуы мен елді жайлаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай наразылыққа шығып, премьер-министр Шарма Олидің резиденциясын өртеп жіберген еді. Оқиғадан соң премьер-министр отставкаға кеткенін мәлімдеді.

Отставкаға кеткендер арасында елдің ішкі істер министрі Рамеш Лекхак, ауыл шаруашылығы министрі Рамнатх Адхикари, жастар және спорт министрі Теджу Лал Чаудхари, сондай-ақ су ресурстары министрі Прадип Ядав бар.

Сондай-ақ Непал әскері саяси басшылық жоқ кезде елдегі қауіпсіздік үшін жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдеді.

Әскерилердің мәлімдемесінде "ұлттық тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастықты, ұлттық бірлікті және непал халқының қауіпсіздігін қорғау жөніндегі конституциялық міндеттерін толық орындайтындары" айтылған.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 10 Қыркүйек, 2025 13:20
Талқылау