Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Непалда бұрынғы рэпер премьер-министр атануы мүмкін: Ол зумерлердің төңкерісінен соң сайлауда жеңген

Фото: Getty Images / Балендра Шах

Непалда билікке күтпеген жаңа тұлға келуі мүмкін. Рэперден саясаткерге айналған Балендра Шахтың партиясы сайлауда жеңіске жетіп, ұзақ жылдар бойы саясатты бақылап келген ескі элитаның позициясын әлсіретті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Непалда өткен сайлауда бұрын рэпер болған және Катманду қаласының мэрі қызметін атқарған Балендра Шах жеңіске жетіп, елдің премьер-министрі болуы мүмкін. Оның Ұлттық тәуелсіз партиясы (Rastriya Swatantra Party – RSP) Z буынының жаппай наразылықтарынан кейін өткен алғашқы сайлауда айқын жеңіске жетті. Наразылықтар кезінде ондаған адам қаза тауып, соңында үкімет отставкаға кеткен еді.

Непалдың сайлау жүйесінде әдетте коалициялық үкіметтер құрылатын. Алайда бұл жолы бірнеше онжылдықтан кейін алғаш рет бір партия парламентте көпшілік орынға ие болды. 35 жастағы Балендра Шах сайлауда Непалдың бұрынғы премьер-министрі, 74 жастағы К.П. Шарма Олиді жеңді. Оли бұған дейін төрт рет премьер-министр болған. RSP партиясының жетекшілерінің бірі Рамеш Паудьял бұл жеңісті "үміт пен өзгерістің жеңісі" деп атады. Оның айтуынша, бұл Z буыны қозғалысының нақты нәтижесі.

Сайлау нәтижелері Непал қоғамының дәстүрлі саяси элитаға наразы екенін көрсетті. Көптеген ескі партия парламенттегі орындарының бір бөлігінен айырылды. Сайлау соңғы жылдардағы ең маңызды әрі шиеленісті саяси науқандардың бірі болды. Онда ұзақ уақыт билік еткен саясаткерлер мен жемқорлықты жоюды және елді жаңартуды уәде еткен жас буын арасында күрес жүрді. Балендра Шах саясатта үлкен тәжірибеге ие болмаса да, сайлау науқанын белсенді жүргізіп, өзгерісті қалайтын жастардың қолдауына ие болды.

Мамандығы бойынша ол инженер, алайда алғашында рэпер ретінде танылған. Оның әндерінде кедейлік, жұмыссыздық және жемқорлық мәселелері жиі сынға алынған. 2022 жылы ол саясатқа келіп, Катманду қаласының мэрі қызметіне тәуелсіз кандидат ретінде сайланды. Сайлауда жеңіске жеткен соң қаладағы тәртіпті реттеуге кірісіп, заңсыз құрылыстарды бұзу және қоқыс мәселесін шешу жұмыстарын бастады.

Алайда Балендра Шахтың бүкіл елге танылуына өткен жылдың қыркүйегіндегі жастар наразылықтары себеп болды. Алғашында бұл наразылықтар әлеуметтік желілерге тыйым салуға қарсы басталған. Кейін ол жемқорлық пен экономикалық қиындықтарға қарсы жалпы халықтық наразылыққа ұласты. Билік күш қолданған кезде 21 наразылық білдіруші қаза тапты. Кейінгі тәртіпсіздіктер кезінде жалпы 70 адам көз жұмды. Соның салдарынан премьер-министр К.П.Шарма Оли бастаған үкімет отставкаға кетті. Катманду қаласының сарапшысы Амиш Радж Мулмидің айтуынша, Непалда халық ұзақ жылдар бойы билікті бөлісіп келген үш ірі партияның саяси ойындарынан шаршаған.

“Осы жолғы сайлау нәтижесі ескі партияларға қарсы берілген дауыс. Дәстүрлі партиялардың көптеген жақтастары сайлауға мүлде қатыспаған", – дейді ол.

40 жастағы тұрғын Рагхунат Неупане бұл өзгеріске қуанышты екенін айтты. Оның сөзінше, Балендра Шах пен оның партиясы парламентте екі үшінші көпшілікке ие болуы мүмкін, бұл елде тұрақты үкімет құруға мүмкіндік береді.

"Менің ойымша, Бален жемқорлықты азайтып, экономиканы дамытуға қабілетті", – дейді ол.

Сонымен қатар кейбір алаңдаушылық та бар. Мэр қызметінде жүргенде Балендра Шах көшедегі саудагерлерге қарсы полицияны қатаң қолданды деп құқық қорғау ұйымдары тарапынан сынға алынған.



Еске салайық, бұған дейін Бангладештің экс-премьер-министрі студенттерге қысым жасағаны үшін өлім жазасына кесілгенін жазған едік. Бангладеште наразылық шаралары кезінде премьер-министр Шейх Хасина отставкаға кетуге мәжбүр болды. Наразылардың шеруі жүздеген адамның өміріне қастандық келтіріп, премьер-министрдің резиденциясы Ганобхабанға басып кірумен аяқталды. Хасина қауіпсіздік мақсатында Үндістанға қашып, кейін Ұлыбританиядан пана сұрап отыр. Елде уақытша үкімет құрылуы мүмкін, және әскер қолбасшысы генерал Вакер-Уз-Заман халыққа "әділдік орнатуға" уәде берді. Қақтығыс кезінде кемінде 90 адам, оның ішінде 13 полиция қызметкері қаза тапты.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 12:36