"NeoKitap: Жаңа буын. Жаңа көзқарас": Ақтөбеде кітап фестивалі өтті
Ақтөбе облысының жастар ресурстық орталығы Ұлттық кітап күніне орай "NeoKitap: Жаңа буын. Жаңа көзқарас" фестивалін ұйымдастырды. Қатысушылар назарына "Атамұра" баспасы жаңадан шыққан басылымдарын ұсынды.
Шараға еріктілер, қаладағы арнаулы оқу орындарының білім алушылары қатысты. Фестивалді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев және облыстық полиция департаменті ювеналдық полициятобының бастығы, полиция майоры Ботакөз Жалекешова ашып, жастарды Ұлттық кітап күнімен құттықтады.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" атты үшінші отырысында жастарды кітап оқуға баулу керектігін айтты. Бір қуантарлығы — қазір жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары. Кітапты талғап, таңдап, саралап оқи білу, оны ой елегінен өткізіп түйсіну, кітаптан алған білімді өмірде өз қажетіне жарата білу әрбір адамның білігі мен біліміне, пайымы мен парасатына байланысты. Мемлекет басшысы құрылтайдағы сөзінде: "Кітапқұмарлық — жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы — кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек.Елімізде жыл сайын 23 сәуір — Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні ретінде аталып өтілетін-ді. Енді міне Ұлттық кітап күні атаулы даталар күнтізбесіне енгізілді. Бұл күн жастардың рухани сусындап, басқосатын күніне айналатына сенімім мол", — деді басқарма басшысы Әлімбек Тұралиев.
Фестивальде, сондай-ақ, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған кітап көрмелері мен жәрмеңкелер, суретке түсу алаңы, тілектер бұрышы және оқырмандар бұрышы ұйымдастырылды. Кітапсүйер оқырман қазақ әдебиеті жауһарларының туындыларын жатқа оқып, жүрекжарды өлеңдерін де арнады. Жергілікті жас ақындар өлең оқып, ерекше әсер қалдырған қатысушыларға өз кітаптарын қолтаңбасымен сыйға тартты.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
