Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Немқұрайлықтың арты өлімге әкелді": Ақтөбеде жасөспірімді өлтірді деп айыпталған оқушының анасы басты күдіктінің ұсталмағанына шамданды

Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында мектептегі әлімжеттіктің салдарынан 9-сынып оқушысы Нұржан Сыдықов мерт болды. Қазір 10 және 11-сыныптан 6 күдікті ұсталған. Редакциямызға 11-сынып оқитын күдіктінің анасы Маржан Ибраймова хабарласып, оқиғаға кінәлілердің барлығы ұсталмағанын айтады. Ақтөбелік әйел тергеу жан-жақты әрі объективті болуын талап етеді.

Фото: Stan.kz

Бұған дейін редакциямызға бірнеше ата-ана қоңырау шалып, Қопада әлімжеттік кең тарағанын айтқан. Салдарынан 2 қыркүйекте 9-сынып оқитын Нұржан Сыдықов қаза болды. Алғашында 11-сыныптың 2 оқушысы, 10-сыныптан 1 оқушы қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған еді. Араға 2 ай 10 күн салып, тағы да 11-сыныптың 3 оқушысы қамауға алынды. 

Күдікті деп танылған 11-сынып оқушысы Нұржауған Базарбаевтың анасы Маржан Ибраймова жанжалды бастаған негізгі тұлға ұсталмағанын айтады. Сөзінше, әлімжеттік мектепте ғана емес, тіптен үлкен жігіттерден бастау алып келе жатыр. 

“Мерт болған бала мен ұлым екеуінің арасында мүлдем араздық болмаған, әзіл-қалжыңдары жарасып, сахнада бірге өнер көрсетіп жүрген еді. Оның қасақана өлтіру ниеті болған жоқ”, – деді күдіктінің анасы. 

Айтуынша, сол күнгі оқиғаны ұйымдастырушы – 18 жастағы жігіт, жәбірленушінің бөлесі. Ибраймова сол жігіттің бостандықта жүріп, күдікті деп танылмағанына наразы. 

“18 жастағы жігіт ауыл шетіндегі мал өрісінде 9-сынып оқушысы З және 10-сынып оқушысы Д есімді баламен кездесіп қалады. З деген бала 18 жастағы Ә-мен дұрыс амандаспаған дейді. Сол кезде ол 10-сыныптағы Д-ға “Мыналар үлкенді сыйлау білмейді, неге үйретпейсіңдер?” деген. Осыдан кейін мектеп жанындағы турникке 2 қыркүйек кешкі 9 шамасында Ә мен 11-сынып оқушысы Е екеуі барады да, олардың жанына 9,10,11-сыныптың балдары жиналады. Әрі қарай бәрі оқиға орнына қарай кеткен. Бұл бейнебақылау камераларына жазылды”, – деді ана.

Сөзінше, қазір қамауда отырған балалар тек сол жігіттің айтқанын орындады.

“Ересек жігіт 10-сыныптың балалары 9-дың оқушыларын ұрғызып, қарап тұрған. Содан соң 11-сынып оқушыларына "Мыналар жай ұрып жатыр ғой, біздің кезімізде бұлай болмайтын” деп дұрыстап ұрғызған. Содан кейін 11-сынып оқушылары 10-сыныпты жинап, Ә-нің сөзін қайталаған. Қайтадан ұратын кезде Ә кетіп қалыпты. Нұржан талып қалған кезде балалар Ә-ге қоңырау шалыпты, бірақ ол “мен сендерге емші емеспін” деп мән бермей, тұтқаны қоя салған көрінеді”, – деді Маржан Ибраймова.

Іске қатысушы 17 бала Ә туралы айтпай отыр. Маржанның айтуынша, олар үлкен балалардан қорқады. 

“Басында қамауға алынған 3 күдікті ғана ол туралы айтып отыр. Қалғандарын қорқытып, қоқан лоқы көрсеткен деп есептеймін. Сол үшін жауаптарын бұрмалап, жасырып отыр. Бәрін тек менің ұлыма ысырып тастамақшы. Полицейлер де істі тезірек жабу үшін осы бар күдіктілермен ғана тергеп жатыр. Істің анық-қанығын зерттеп жатқан жоқ”, – деді ол.

Әйел Қопада әлімжеттік сіңіп кеткені сонша – үлкен жігіттер кішкентай балаларды өз үйлерінің шаруасына жұмсаған дейді.

“2023 жылы да осы үлкен жігіттер менің ұлымды сыныптастарымен бірге соққыға жыққан еді. Баламның кеуде тұсы ауырып, дене жарақаттарын алған. Бұған мектеп мұғалімі де куә. Мұғалім мен учаскелік полицей ауылдағы көне монша маңынан жігіттерді ұрып жатқан жерінен ұстап алған еді. Бірақ іс тек ескертумен шектелді. Осындай немқұрайлық пен шара қолданбағанның арты өлімге ұласып отыр. Мұндай жағдай қайталанбас үшін бәрі бірдей әділ жаза алуы керек деп ойлаймын”, – деді күдіктінің анасы.

Полиция департаменті жағдайға пікір білдірді.

“Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-тармағы “Адам өлтіру” бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 6 адам қамауға алынды”, – деп мәлімдеді Ақтөбе ПД.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде өзінен кіші баланы өлтірді деп күдікке ілінген оқушының анасы ұлына ауыр айып тағылғанына наразылық білдіріп, редакциямыздан көмек сұраған еді. Кейін күдіктілер саны артқан еді.

Талқылау