"Немеремді беруге қорқамын": Депутат жекеменшік балабақшаларды лицензиялауды ұсынды
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жекеменшік балабақшаларды лицензиялау керек екенін айтып, балалардың қауіпсіздігі басты назарда тұруы керек екенін айтты. Ол оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан балабақшаларға бөлінетін 800 миллиард теңге қайда кеткенін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Депутаттың сөзінше, қазір кім көрінген балабақша ашып алған. Ол психология мен педагогикадан хабары жоқ адам сабақ береді, тәрбие береді деп қынжылды.
"Сол себепті бірінші кезекте айтып жатқан мәселе – лицензиялау. Бизнесті қорғаймыз деп баланың қауіпсіздігін ысырып қоюға болмайды. Баланың тәрбиесі мен денсаулығы бизнес емес, оны қоюымыз керек. Үкімет жылына миллиардтаған қаржы бөліп жатыр. Оның нәтижесі – баласы таяқ жейді, дұрыс тамақтанбайды, балабақшадан ауырып келеді. Сондықтан лицензиялау мәселесін тездетіп енгізуіміз керек. Ешкімге қарамау керек, – деді мәжіліс депутаты.
Ол мемлекеттік мүдде бірінші кезекте болуы керек екенін, содан кейін ғана кәсіпкерлік екенін алға тартты.
"Адамның құқығы балабақшадан бастап қорғалуы керек. Лицензияны енгізу керек. Жекеменшік балабақшалар шулайды деп лицензияны кіргізбеуіміз керек пе? Олар кім соншама? Мемлекеттің барлық мүддесін ұстап отырған кәсіпкерлер ме? Олай емес", – деді Еділ Жаңбыршин мәжілісте.
Депутаттың сөзінше, жаңалықтарда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтар жиі көрсетіледі.
"Бұл тоқтайтын емес. Осыған орай мен және әріптестерім білім беру ұйымдарын лицензиялау дейтін мәселені ұсынған еді. Бірақ үкімет біздің бастамамызды қолдамады. Олардың негізгі уәжі – бұл балаларды оқыту мен қамтудың төмендеуіне әкеледі. Өйткені біз лицензияласақ, олар арнайы талаптарға сәйкес болуы керек. Енді біз балалардың құқығын былай ысырып қойып, бизнесті қолдауымыз керек пе? Білім беретін ұйымдарда кім сапалы білім мен тәрбие беріп жатыр? Олар не ішіп-жеп жатыр? Ата-аналарға балаларының қандай жағдайда тәрбиеленіп жатқаны маңызды деп ойлаймын. Сондықтан, Ғани Бектайұлы, неліктен үкімет осы лицензиялау мәселесіне қолдау білдірмеді? Негізгі себептері қандай?” –деп сұрады Еділ Жаңбыршин.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалардың қауіпсіздігі маңызды екенін жасырмады. Ол бұл бағытта үлкен шаралар қабылданғанын айтты.
"Бұған дейінгі талаптардың барлығында осы балабақшаларға қатысты тәртіп күшейтілді. Оның бәрі лицензияның тәртібіне дейін көтерілді. Бірақ бүгінде бұл мәселеге келу үшін балаларды балабақшамен қамту мәселесінде жекеменшік мекемелердің үлкен рөл атқарып отырғаны белгілі. Балаларды қамтуда да олардың үлесі бар екенін көріп отырмыз. Сіздің айтып отырған ұсынысыңызды біз де жалпы түсініктікпен қабылдаймыз және бұл мәселеге де қайтып келу керек екенін қоғаммен, сарапшылармен ақылдасып отырмыз. Сондықтан да жалпы лицензиялау мәселесін бүгін-ертең емес, бұған келу үшін тиісті нормамен 2026 немесе 2027 жылдарға қарай келгеніміз дұрыс болады. Өйткені оған үлкен дайындық керек. Кәсіпкерлердің де дайындығы қажет. Сапалы қызмет көрсетіп отырған балабақшалар да бар. Олардың да мүдделері бұзылмауы керек, сонымен қатар балалардың қауіпсіздігінің де қатаң сақталуы қажет", – деді министр.
Алайда депутат Еділ Жаңбыршин министрдің жауабына қанағаттанбады.
"Бұл салаға 800 миллиардтай ақша бөлінеді екен. Оның қайда кетіп жатқаны белгісіз. Жекеменшік балалақшалардың ішінде дұрыс және бұрыс жасайтын кәсіпкерлер де кездеседі. Мұнда лицензиялаудан басқа қатаң бақылау болу керек. Ол да кенже қалып жатқан сияқты. Министр мырза, мұны көпке созуға болмайды. Лицензияны кіргізу керек және біз мына Кәсіпкерлік кодексті алып тастауымыз керек. Балаға білім беретін, тәрбие беретін нысандардың бәрін прокуратурасыз барып тексеруіміз керек. Мен өзі немеремді ондай жерге беруге қорқамын. Себебі ол ондай жерден қандай адам болып шығуы мүмкін? Ол жерге қандай адам кіріп, жұмыс істеп жатыр? Оның басын қалай улап жатқанын білмеймін ғой", – деді депутат.
Еділ Жаңбыршин министрге бұл мәселе бойынша көмектесуге әзір екенін айтты.
"Сондықтан ешкімнен де қорықпау керек. Егер сізге депутаттар тарапынан қолдау керек болса, көмек керек болса, біз дайынбыз. Жекеменшік балабақшалар шулайды деп біз лицензияны кіргізбеуіміз керек пе? Олар кім сонша? Мемлекеттің барлық мүддесін ұстап отырған кәсіпкерлер ме? Олай емес. Министрлік мемлекеттік саясатты жүргізу керек", – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Астана прокуратурасы мектепке дейінгі мекемелерге тексеріс жүргізіп, балабақша қызметкерлерінің ата-аналардан негізсіз ақша талап еткенін анықтады. Прокуратура мәліметіне сәйкес демалыс кезеңінде жекеменшік балабақшалардың қызметкерлері орындарды сақтау үшін ата-аналардан негізсіз ақы алған. Қадағалау органының араласуынан кейін шарттар қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірілді. Сондай-ақ балабақшада жалақысы заңсыз есептелген жалған қызметкерлер жұмысқа орналастырылғаны белгілі болды. Анықталған жымқыру фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды.