"Неліктен "қыргүйек" деп жазып жүрміз": Қазақстандық әйел баласының "Қазақ тілі" оқулығындағы сөз қате жазылғанына шағымданды (видео)
Қазақстандық sai_abu есімді әйел 3-сыныпта оқитын баласының "Қазақ тілі" оқулығында "қыргүйек" және "өзгөрөт" сөзі қате жазылғаны туралы видео түсірген. Ол оқу бағдарламасының авторларына “неліктен мұндай қате жібереді?” деп ашуланды. Бұл мәселе туралы Stan.kz тілшісі оқу-ағарту министрлігіне қарасты республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығынан және филилогия ғылымдарының докторы Орынай Жұбайдан сұрап білді.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
"Сіздерге 3-сыныптың "Қазақ тілі" оқулығын ашып көрсеткім келеді. Қызым 3-сынып оқып жатыр. Тезірек кітаптың беттерін ашайын. Мұнда авторлары ретінде Ф.Ш.Оразбаева, Ж.Т.Дәулетбекова, Р.С.Рахметова, А.Қ.Рауандина, Л.С.Нұрмұханова деп жазылған. Ал кітаптың өзі "Қазақ тілі", "Балапан" және баспасы "Көкжиек – Горизонт" деп көрсетілген. Оқулық Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен жасалған. Енді сұрақ туындап тұр. “1 қыргүйек”, бұл не? Біз әрдайым қыркүйек деп жазып жүрген едік. Мүмкін грамматикалық қате кетіп қалған шығар. Келесі бетте "Қыргүйек – күздің бірінші айы" деп жазылған. Неліктен, бұлай? Сонда "Г" арқылы жазыла ма?" – деді оқушының ата-анасы.
Алайда ата-ана келесі видеосында оған баспа директоры хабарласып, бейнежазбаны өшіруін сұрағанын айтты.
"Маған "Көкжиек-Горизонт" баспасының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Наталья Владимировна жеке хабарлама жіберіп, жариялаған жазбамды өшіруімді өтінді. Оған бұл видео әлдеқашан әлеуметтік желіде тарап кеткенін және өшірмейтінімді айттым. Ол "қыркүйек" сөзінде "К" 2009 жылдан бері "Г" болып бекітілген деді. Түсінбегенім, егер сол жылдан бастап өзгертулер мен түзетулер енгізілсе, неге сабақта да, үй жұмысы дәптерлерінде де бұлай жазып жүрдік?! Сонда "Г" мен "К" әрпін қатар қолдана беруге бола ма? Ал күнтізбелерде неліктен "қыркүйек" деп жазып жүрміз?" – деп ата-ана шу көтерді.
Stan.kz тілшісі республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығынан 3-сыныпқа арналған "Қазақ тілі мен әдебиеті" оқулығына қатысты сыни видеоға жауап алды.
"Кейінгі бес жылда әр оқу жылының басында оқулықтағы "қыргүйек" пен "көгөніс" сөздері сынға ілінді. Оқулықтағы 1-сабақтың 2-тапсырмасында кездесетін "Қыргүйек" сөзі Қазақстан үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған Орфографиялық сөздікке сәйкес берілген (Алматы, 2013 ж., академик Р.Сыздықтың редакциялық басшылығымен). Осыған сай, оқулықта "қыргүйек" сөзі дұрыс берілген", – деді орталық.
Орталықтың дерегінше, орфографиялық сөздік білім және ғылым министрлігі ғылым комитетіне бағынысты А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты мен бұрынғы мәдениет және ақпарат министрлігінің тіл комитетімен бірлесіп әзірленген.
"Сонымен қатар оқулықтың 5-бетінде орналасқан "Дұрыс айт" айдарында "өзгереді" сөзінің аудармасы емес, қазақ тілің орфоэпиясына сай сөздің транскрипциясы берілген. Яғни, "өзгөрөт" транскрипциясы қазақ тілінің айтылуына сәйкес оқулықта дұрыс берілген. Құрметті ата-аналар мен ұстаздар! Оқулықтарға қатысты сыни пікір жазбас бұрын ақпараттың дұрыс-бұрыстығын тексеріп алуларыңызды сұраймыз!" – деп түсіндірді республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы.
Ал елге белгілі филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбай "қыркүйек" пен "қыргүйек" сөзіне түсіндірме беріп өтті.
Фото: Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты / Филолог Орынай Жұбай
"Қыргүйек", "шегара", "көгөніс" деген сөзді 2013 жылы орфографиялық сөздікке академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Сыздық енгізді. Ғалым тележүргізушілер суфлерді "қалай жазылып тұрса, солай оқиды" деп айтқан еді. Осы секілді "қол қойды", "шекара" деп оқығанда құлаққа түрпідей тиеді деді. Ол кісі бұл жерде біріккен сөздерді, енді кіріккен деп қабылдайық деп ұсыныс тастады. Сөйтіп айтылуына сәйкес фонетикалық принципке сәйкестендірді. Себебі сөздер кіріккен кезде келесі дыбыс өзгеріске ұшырай береді. Мысалы, "қолғабыс", "қолғанат" деген сөздерде "қ" дыбысы "ғ"-ға ауысқан. Сонымен қатар "көгал", "көгорай" деген сөздерде, әу баста-ақ "к" болған. Дауыстылардың ықпалына қарай "г" болып айтылып кеткен", – деді филолог Орынай Жұбай.
@sai_abu #казакстан#қазақтілі#школа#минобразованиеказакстан#образование#казакстан ♬ оригинальный звук - sai-abu