Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда неліктен 255 мың теңгеден жоғары мобильді аударымдар тексеріледі – Қаржы министрлігі түсіндірді

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бүгін мәжіліс алаңында 255 мың теңге және одан жоғары мобильді аударымдар неліктен бақылауға алынатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ержан Біржанов салық органдары қандай аударымдарды тексеретінін айтты.

"Біріншіден, төлем саны. Егер ол жеке кәсіпкер және аударым саны - 100 болса бірінші белгі. Екінші көрсеткіш - үш ай қатарынан, яғни қаңтар, ақпан, наурыз айларында 100 аударымнан көп түсетін болса. Ал үшінші белгі – үш айдағы бұл төлем сомасы 255 мың теңгеден асса, бақыланады", – деді вице-министр.

Ержан Біражанов неліктен дәл осы соманың тексерілетінін түсіндірді. 

"Неге 255 мың теңге екенін түсіндірсем. Қазір ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге. Үш айда 255 мың теңге. Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, жеке кәсіпкерлерді құру үшін ең төменгі жалақының 12 айлық кірісі қажет, бұл миллион теңгеден асады. Сондықтан егер үш айдың әр айында 85 мыңнан көп ақша түсіп, мен айтқан белгілер болса кәсіпкерлік мақсатқа арналған деп есептеледі", – деді вице-министр. 



Вице-министр үш ай қатарынан әртүрлі тұлғалардан 100 аударым түссе мониторингке алынатынын атап өтті.

"Сонымен қатар қосымша критерийді қарастырамыз. Егер барлық аударымдар сомасы 255 мың теңгеден асса, біз салықтық бақылауға аламыз және ол түсініктеме беруі үшін хабарлама жібереміз. Біз қосымша салықтарды алмаймыз, айыппұл салмаймыз, ешқандай тексеру жұмыстарын жүргізбейміз, біз одан түсініктеме сұраймыз болды", – деді Ержан Біржанов.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі 1 миллион теңгеге дейінгі мобильдік аударымдарды тексеру тоқтай ма деген сауалға жауап бергенін жазған едік. 

Талқылау