Неліктен АТУ Никольский базарының аумағында өз жеріне иелік ете алмай отыр
Алматы Технологиялық Университетінің (АТУ) Никольский базары аумағындағы жер телімі бірнеше меншік иесіне өтіп кеткендіктен ол жерге иелік ете адмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: atu.edu.kz
АТУ 2012 жылы заңды түрде "Дар-Строй” компаниясына қайтаруға міндеттелген Никольский базары маңындағы жер теліміне 2023 жылы жоғарғы соттың шешімі бойынша қайта иелік ету құқығына ие болған.
Бірақ мүліктің бірнеше рет сатылуына байланысты АТУ жер телімін өз меншігіне ала алмай отыр. Қазіргі АТУ 2013 жылдан бері жасалған барлық келісімшарттарды жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгінуге дайындалуда.
Айта кетейік, 2011 жылы АТУ "СаулетТ-Құрылыс" ЖШС-нен 1,0643 га жер телімін 583 млн теңгеге сатып алып, келісімшарт әділет органдарында тіркеледі.
2011 жылдың шілде-қазан айларында "Дар-Строй" ЖШС бұл сатып алу-сату келісімшартын жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінеді. Бастапқы сот "Дар-Строй" компаниясының талаптарын қанағаттандырудан бас тартып жерді АТУ иелігінде қалдырған. Артынша апелляциялық сот бұл шешімді жойып, "Дар-Строй" талаптарын қолдады.
2012 жылы ҚР жоғарғы соты істі жаңадан қарауға жіберді. Мамандандырлған ауданаралық экономикалық сот "Дар-Строй" талаптарын қанағаттандырып, АТУ мен "СаулетТ-Құрылыс" арасындағы келісімшартты жарамсыз деп таныды. Нәтижесінде АТУ Никольски базары жақтағы жер телімін қайтаруға міндеттелді.
2013-2015 жылдары "СаулетТ-Құрылыс" ЖШС жер телімін басқа компанияларға да сатып жіберген. Соңында жер Назарбаев Болат Әбішұлының меншігіне өтіпті. Кейіннен ол жер телімін "Nikolsky Investment" ЖШС-не сатты.
2021-2023 жылдары ҚР Бас прокуратурасы сот актілеріне наразылық білдірді. Жоғарғы сот АТУ-дың келісімшартын жарамды деп танып, "Дар-Строй" талаптарын қанағаттандырудан бас тартты. Алайда мүлік бірнеше рет сатылған. Сол себепті де қазір университет өз жерін қолдана алмай отыр.
Еске салсақ, осыған дейін АҚШ Қазақстаннан жер телімін 49 жылға жалға алатыны туралы жазғанбыз.