Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жарыңа деген сенімсіздік немесе бала-шағаңмен далада қалу": Неке шартына қатысты қазақстандықтардың пікірі екіге жарылды

Фото: Unsplash.comФото: Unsplash.com

Қазақстанда әлі тұрмысқа шықпаған қыздар мен жігіттер және ерлі-зайыптылар арасында неке шарты тақырыбы әлсін-әлсін қозғалып тұрады. Әсіресе көпке белгілі отбасылардың жеке өмірі, тұрмысындағы дүниелер ашық айтылған сайын неке келісімшартына да көзқарас өзгерді. Неке келісімшарты бәріне керек пе? Оны қалай, қай кезде жасауға болады және нені ескеру керек? Stan.kz ақпарат агенттігі түрлі оқиғаларды жинап, оларды заңгер мен психологтың пікірімен талдады.

"Ер адам әйелін алдап, неке шартын жасатқан, осылайша бүкіл мүлік өз атында қалған"

Заңгер Думан Көпбаев қорғайтын әйелдің оқиғасында неке шарты оған қарсы жұмыс істеген. Алматылық әйел 10 отбасылық өмірден соң ажырасқан және әйел ешқандай мүліксіз қалды. Отбасы және неке туралы заңға сәйкес, ерлі-зайыпты ажырасқанда неке кезінде алынған дүние теңдей бөлінеді. Бірақ бұл оқиғада әйел жәбірленіп отыр. Себебі ажырасуға бірнеше ай қалғанда күйеуі басқа сылтаумен неке шартына қол қойдырып алған. Бірақ әйел неке шартына қол қойып жатқанын білмеген.

Жолдасы көлігін жиі сатып, ауыстыратын болған. Ондай кезде үнемі әйелінің келісімін алып, қол қойдырып жүрген. Ал неке шартына қол қойдырар кезде "Нотариусқа үнемі келіп-кетіп жүресің бе, оданша неке шартына бекітіп қояйық" дейді. Осылай алдағанның кесірінен үй де, көлік те, барлық дүние ер адамда қалды.

"Мұндай кезде сот шешім шығармайды, өйткені неке келісімшарты ажырасқан кезде негізгі құжат болып саналады. Бірақ біз күйеуі әйелді алдады, себебі жұбайы қандай құжатқа қол қойып жатқанын білмеді" деген негізбен құжаттың күшін жоюды сұрап отырмыз. Әйелге белгілі бір дүниені сот арқылы алуға немесе медиациямен келуге тырысып жатырмыз. Медиация бойынша бірнеше жылжымайтын мүліктің біреуін әйелге қалдыруды қарастыруға болады", – деп бөлісті заңгер Думан Көпбаев.

"Неке шарты мені қорғайды деп ойладым, бірақ соттасуға тура келді"

Ал Меруерт (есімі өзгертілді) нотариус арқылы өз еркімен жасаған неке шартындағы келісім үшін үш жыл соттасқан. 12 жылдық некеде ерлі-зайыптының ортақ мүлігі – үйі мен пәтері болған. Әйел өзіне сенімді болу үшін ажыраспай тұрып неке шартын жасатқан. Шарт бойынша жеке үй ер адамға, ал пәтер әйелі мен баласына қалуы керек болған. Неке шарты нотариуста бекітілген болса да, онда орындалмайтын шарт көрсетілген.

"Жолдасыммен неке келісімшартына қол қойған кезде өзімді сенімді сезінгем. Біз бәрін алдын ала келісіп алдық: ажырассақ үй оған қалады, ал пәтер маған өтеді. Маған бұл қарапайым әрі әділ көрінді. Бірақ ажырасқан кезде бұл құжаттың күші болмай қалды. Ажырасу рәсімі аяқталып, мүлікті келісімге сай бөлу кезеңі басталды. Ол өз үйінде қалды. Ал мен баламмен бірге пәтерді өз атыма рәсімдеуім керек еді. Дәл сол сәттен бастап тозақ басталды. Сөйтсек, келісімшартты жасаған нотариус бір тармақ – "кейінге қалдырылған шартты" енгізген. Онда "Тараптар мүлікті берер алдында келісіп, үйді бір бағалау ұйымы арқылы бағалауға тиіс". Бір ғана сөйлем бүкіл құжатты іс жүзінде орындалмайтын етті. Бұрынғы күйеуім тәуелсіз бағалаушыға барудан бас тартты. Ол арам ойнады: өзіне тиімді бағалайтын "мамандарды" жалдады. Мен өз бағалауымды жасаттым, бірақ екеуі сәйкес келмеді. Келісе алмадық. Ол өз үйінде тұра берді, ал мен баламмен белгісіз күйде қалдым. Пәтерді өз атыма рәсімдей алмадым, себебі ол сол шартты әдейі орындамай отырды", – деп айтып берді Меруерт.

"Үш жыл соттастық, дегенмен бәрін келісімшарт бойынша бөлдік"

Әйел Азаматтарға арналған үкімет көмектеседі, неке келісімшарты пәтерге құқықты тіркеуге негіз болады деп үміттенген. Бірақ олар "Сіздің келісімшартыңыз құқық белгілейтін құжат емес. Бұрынғы күйеуіңізбен мүлікті беру туралы қосымша келісімге қол қойыңыздар" деп шығарып салған.

"Тұйық шеңберге түсіп қалдым. Пәтерді алу үшін, оны бергісі келмей отырған адамның келісімі қажет болды. Ол менің заң жүзінде тығырыққа тірелгенімді түсініп, жағдайды пайдаланды. Бұл жай дау емес, жүйкені тоздыратын соғыс болды. Үш жыл бойы (барлығын қосқанда бес жыл) сот табалдырығын тоздырдым. Адвокаттарға, мемлекеттік баждарға, сараптамаларға көп ақша кетті. Бір істе ұтылсам, апелляция беретінмін, қайта ұтамын, бірақ тағы бір кедергі шығады. Сараптамалар бірінен соң бірі тағайындалды. Заңгерлердің ақысына қарап, "Қоя салайын ба?" деп ойлаған кездерім болды. Бірақ берілсем, баламмен далада қалатынымды түсіндім. Біз сотта анық нәрселерді дәлелдеуге мәжбүр болдық. Неке келісімшарты мәміле екенін, оның құқық белгілейтін құжат екенін дәлелдедік. "Бірлесіп бағалау" шартын орындау мүмкін емес екенін, себебі бұрынғы күйеуім процеске әдейі іріткі жасап отырғанын түсіндірдік. Ақыры әділдік орнады. Бірақ қандай бағамен… Сот "Азаматтарға арналған үкіметті" бұрынғы күйеуімнің ешқандай қосымша келісімінсіз-ақ неке келісімшартын тіркеп, пәтерді менің атыма рәсімдеуге міндеттеді", – дейді.

"Келісімшарттың да келісімшарты бар"

Әйел осы оқиғадан соң да неке келісімшарты керек, бірақ оны заңгердің көмегімен оқып, әр әрпін тексеріп барып қол қойыңыз дейді.

"Біріншіден, неке келісімшарты керек. Егер ол мүлде болмағанда, сот бәрін 50/50 етіп бөлер еді. Ал заң балалардың пайдасына үлесті сирек өзгертетінін ескерсек, бізге баламмен бірге үйдің де, пәтердің де жартысы ғана тиер еді немесе бәрін сатып, ақшасын бөлуге мәжбүр етер еді. Тұрғын үй жағдайымыз әлдеқайда нашар болар еді. Екіншіден, келісімшарттың да келісімшарты бар. Біз оны заңгерлерсіз, нотариусқа ғана сеніп жасадық. Ал нотариус манипуляция құралы болатындай шарт жазып берген. Әйелдерге айтар кеңесім: неке келісімшартын жасаңыздар, бірақ әр әрпін сауатты заңгермен тексеріңіздер. Мәтіндегі бір ғана қате үш жыл өмірімді, жүйкемді, көз жасымды алды. Менің қатемді қайталамаңыздар", – деп бөлісті Меруерт.

"Мүлік анасының атына жазылып тұрса да, неке шарты арқылы өзіме қалды"

Тағы бір қазақстандық ерлі-зайыпты некеге дейін неке келісімшартын жасатып, онда міндетті түрде орындалуға тиіс мынадай тармақты бекіткен: "Неке кезінде пәтер сатып алынады әрі ажырасқан жағдайда ол пәтер бірлесіп алынған мүлік болып саналады да, әйелдің меншігінде қалады".

"Бірақ кейін пәтер сатып алған соң күйеуім қызметіне байланысты (мемлекеттік қызметте жұмыс істеген) мәселе болмас үшін пәтерді өз анасының атына рәсімдеді. Дегенмен ажырасқаннан кейін неке келісімшартын жасағанымыздың арқасында сот арқылы экс-күйеуімнің анасының атына рәсімделген пәтерді өз меншігіме қайтарып алдым Сотта неке шарты негізгі құжат ретінде роль ойнады", – деп бөлісті алматылық әйел.

Кәсіпкер: "Бәрін теңдей бөлеміз деп неке шартын жасаттық"

Белгілі кәсіпкер Айкерім Шахман жолдасы екеуі неке келісімшартын жасағанын айтқан.

"Адамдар Айкерім ақылды шығар, өзіне көп затты алып қоятын шығар, соның алдын алған шығар" деп ойлауы мүмкін. Бірақ күйеуім келісім жасайық деп ұсынғанда ол көп бөлігін ала беруіңе болады деген. Меніңше, қазір оның ресурсының бәрі Айкерім деген атты шығаруға жұмсалып жатыр. Егер екіге кетсек, маған ең кемі менің атым қалады. Сондықтан әрі қарай өмір қалай болады дегенге картинам бар. Бәрін өзің алып алған дұрыс емес деп ойлаймын және өзім өте әділ адаммын. Сондықтан біздің келісіміміз әрі менің шешімім бойынша, дүние-мүлікті теңдей бөлеміз. Тапқан табысымыздың бәрі ортақ бөлінеді. Әр деталь қарастырылған келісім жоқ, ал табыс бойынша келісім бар", – дейді Айкерім Шахман.

Коуч: "Әйелдердің бөліске түспейтін өз дүниесі болуы керек"

Блогер, коуч Роза Әшірбаева да өзінің бөліске түспейтін мүлігі бар екенін айтқан еді. Ол қазақстандық әйелдердің өз ақшасы, өз мүлкі болуы керек деп есептейді.

"Келісім болуы керек. Не болатыны белгісіз. Бізде жазбаша келісімшарт болмаса да, үйленер алдында келісілген дүниелер бар. Мен мысалы әйелдерге күйеуіңдікінен бөлек өзіңнің дүниең болсын деп айтамын. Себебі отбасылық дүниелер ажырасқан жағдайда бөліске түседі. Осы ережені өзім де ұстанамын. Менің бөліске түспейтін дүние-мүлкім бар. Бұл қалыпты нәрсе", – дейді Роза Әшірбаева.

Желі қолданушылары: "Күйеуімді қалай көндірерімді білмеймін"

Желі қолданушылары да неке келісімшарты туралы да түрлі пікір жазып жүр. Қыздар, әйелдер жағы қолдағанымен, ер адамдарға қалай ренжітпей түсіндіруге болады деп әлек.

  • "Егер неке шарты сізді ашуландырса, демек адалдықтан қорқасыз. Неке шарты – сенімсіздікке қатысты нәрсе емес, ол шынайы өмірге қатысты нәрсе. Адамдар өзгереді, жағдайлар өзгереді, ал ақша – ұрыстар мен лас ажырасулардың ең басты себебі. Егер "бәрі жақсы кезде" ақша туралы айту қолайсыз болса, жағдай қиындағанда қалай келісетініңізді елестетіп көріңіз. Ересек адам ережелерге ренжімейді, оны өздері жасайды".
  • "Қазақстан қоғамындағы басты мәселенің бірі – отбасының шамадан тыс романтизациялануы. Көбі үшін отбасы бақыт, махаббат және мәңгі үйлесім сияқты көрінеді. Ал шынында романтика той күні-ақ аяқталады. Одан кейін нағыз өмір басталады: тұрмыс, төлемдер, мінездер, туыстардың қысымы. Сондықтан бұл қадамға бел бусаңыз, онда неке шартын алдын ала жасаған дұрыс. Кейін "мен олай болады деп ойламаппын" деген әңгіме болмас үшін бүкіл форс-мажор жағдайды анық көрсетіп жазыңыз".
  • "Білмеймін, мұнда екі түрлі стандарт бар сияқты. Егер неке шартын жасаймын десең, күйеуің ренжиді, түсінбейді. Бірақ ақырындап осы нәрсеге келе жатқан сияқтымыз. Әйел болған соң болашақты ойлау керек".

"Неке шарты міндетті түрде нотариуста бекітілмесе, оның заңды күші болмайды"

Заңгердің сөзінше, неке шарты міндетті түрде нотариуста бекітілуі керек. Егер келісім ауызша немесе нотариуспен расталмаған түрде жасалса, оның ешқандай заңды күші болмайды.

"Егер ерлі зайыпты неке шартын жасағысы келсе, онда міндетті түрде заңгердің көмегіне жүгінуі керек. Заңгерге шарттарды оқытып, қолайлы, қолайсыз жақтарын талдап, танысып барып қол қойған дұрыс. Бұл оқиғаларда әйелдер құжатпен заңгердің көмегі арқылы танысса, мұндай жағдай болмас еді", – деп кеңес етті маман.

Бір тарап жапа шегіп қалса, не істеу керек?

Біз мысал келтірген оқиғадағыдай алдап, білдірмей, адастырып, таныстырмай қол қойдырған жағдайда сотқа жүгіну керек. Заңгер келеңсіз оқиға болмас үшін кез келген құжатты мұқият қарап, заңгердің көмегіне жүгіну керек екенін айтты.

"Қандай да құжаттар мен неке шартын заңгердің қатысуымен, таныстыруымен жасауды кеңес етемін. Тіпті қаржысы болмаса, тегін заңгерлік кеңестер бар. Мысалы, Алматыдағы Нархоз университетінің маңында Заң клиникасы деген жоба жұмыс істейді. Онда заңгерлер тегін көмек көрсете алады. Әркім өз қаласынан осындай мүмкіндіктерді іздеп көруі керек", – дейді Думан Көпбаев.

Қандай жағдайда бір тарапқа көбірек үлес беріледі?

Келісімшартта бір тарапқа көбірек үлес берілетіні жазылса, онда сот соны орындайды. Егер әйел өз құқығын біліп, талап-арызында не қажет екенін анық жазса, сотта әйелге басымдық беріледі. Ажырасып жатқан отбасында бір ғана бала болса, мүлік ерлі-зайыпты арасында бөлінеді. Ал бала саны екіден асса және олар анасымен қалса, онда әйел үлестің 70%-ын сұрай алады.

Мүлік туыстарының атына жазылса, ерлі-зайыпты сот арқылы бұл дүниеге таласа ала ма?

Заңгердің сөзінше, адам мүлікті туыстарына жазып қойса және ажырасса, онда заң оған қарсы ештеңе қолдана алмайды. Себебі үйді біреудің атына рәсімдеген кезде жұбайының келісімі беріледі.

"Ер адам мүлікті туыстарына жазып қойса демек бұған әйелі келісті деген сөз. Себебі нотариус мұндай құжатты жұбайының келісімінсіз жасамайды. Мұндайда біз ешқандай шара қолданбаймыз, себебі ерлі-зайыпты өзара келісіп тұр", – деп түйіндеді заңгер.

Егер неке кезеңінде ерлі-зайыптының ортақ мүлкі немесе ерлі-зайыптының бірінің мүлкі не олардың кез келгенінің еңбегі есебінен осы мүліктің құнын едәуір ұлғайтқан салымдар жүргізілгені (жөндеу, қайта жаңарту, қайта жабдықтау және басқалар) анықталса, ерлі-зайыптының әрқайсысының мүлкі олардың бірлескен ортақ меншігі деп танылады.

Қандай мүліктер ерлі-зайыпты арасында бөліске түспейді?

  • Некеге дейін алынған мүліктер. Некеге дейін алынған мүліктер сол адамның жеке мүлігі болып есептеледі және бөліске түспейді.
  • Мұрагерлікке берілген мүліктер. Отбасы болып тұрған кезде мұрагерлікпен өткен мүліктер жеке адамның дүниесі болып саналады
  • Сыйлықтар. Некеде болған уақытында берілген сыйлықтар бөліске түспейді
  • Адамның жеке бағалы заттары. Қымбат әшекей-бұйымдар мен жеке өзінің заттары, қымбат киімдері бөліске түспейді
  • Балаларға арналған мүлік. Балалардың атына жазылған немесе сыйға берілген мүліктер мен сыйлықтар, шоттар бөліске түспейді.

Неке шартында дүние-мүлік пен балаға қатысты жауапкершілік бекітіледі

Неке шартының дайын нұсқасы немесе Әділет министрлігімен бекітілген шаблоны жоқ. Заңга сүйенсек, онда мұндай құжатты Неке және отбасы заңы реттейді. Неке шартында болуы керек негізгі пунктер – үй, көлік сияқты мүлік және қымбат бағалы заттар.

Ипотека болса, оны да келісімшартқа қосуға болады. Ажырасқан жағдайда некелескен кезде төленген ипотека сомасын екінші тарап талап етсе, үй бөліске түседі. Балаларды кім күтеді, кім не нәрсеге жауапты деген дүниені де шарт арқылы келісуге мүмкіндік бар. Дегенмен балаға зиян болатын дүниелерді нотариус бекітпейді.

Сонымен қатар ерлі-зайыптының отбасы қажеті үшін алынған несиесі екі жақ тең төлеуге міндетті болып, тең бөлінеді. Ал қарыз бір тараптың мақсатына ғана жұмсалса, несиені сол адам өзі жабуы керек.

Егер депозиттегі ақша мен шоттағы алтын слитоктар неке кезінде жиналса, олар ортақ мүлік болып саналады және сот арқылы немесе келісіммен бөлінеді. Ал егер некеге дейін немесе мұра, сыйлық ретінде алынса, онда бөліске түспейді.

Ескеретін дүние: неке шартында балалар кіммен қалады деген сияқты жалпы балаға қатысты дүниелер жасалмайды. Ажырасқан жағдайда бала туралы шешімді тек сот шығарады. Әр ерлі-зайыпты өзіне маңызды деген дүниелерді неке шартына қосуына болады. Тек бәрі Неке және отбасы заңы негізінде болса болғаны.

Сонымен қатар заңгер біздің қоғамымызда бар, жазылмаған нормалар мен этикалар сақталуы керек деп есептейді. Дегенмен заңгер неке шартын жасау әркімнің өз таңдауы, ал адамгершілік тұрғысынан келісімшарт жасауға үндемес едім дейді.

"Қазақстан халқының 70%-ға жуығы мұсылман болғандықтан, неке шартын жасау Ислам дініне де онша келмейді. Сондықтан неке шартын алдын ала жасау біздің менталитетке келіңкіремейді. Дегенмен ерлі зайыпты ұзақ жылғы некеден соң өздері үшін жасауына болады. Егер ерлі зайыпты неке кезінде мүлік алса, ипотека рәсімдесе, неке шарты осындай тұста көмектеседі. Сонымен қатар әр адамның өз еркі бар. Егер неке шарты болмаса, бәрі Неке және отбасы заңы негізінде шешіледі. Оған қоса өзара келісім де болады. Өз тәжірибемде 70-ке таяған әже күйеуі күн көрсетпеген соң ажырасты. Мен оның қорғаушысы болып, неке шартын жасамаса да, мүлікті тек бөлгіздік", – дейді заңгер.

Неке шартына қандай пунктер қосуға болады?

Неке және отбасы кодексінің 41-бабына сай, неке шартымен Қазақстан заңдарында белгiленген бiрлескен ортақ меншiк режимiн өзгертуге, ерлi-зайыптының барлық мүлкiне, оның жекелеген түрлерiне немесе әрқайсысының мүлкiне бiрлескен, үлестiк немесе бөлек меншiк режимiн белгiлеуге құқылы. Некені бұзған кезде мүлікті бөлу үнемі неке шартын жасасудың басты себебі бола бермейді, өйткені неке шартының мәні ретінде көптеген мүліктік жағдайлар болуы мүмкін.
Неке шартына ерлі-зайыпты:

  1. өзара күтiп-бағу жөнiндегi өз құқықтары мен мiндеттерiн;
  2. бiр-бiрiнiң табыстарына қатысу тәсілдерін;
  3. өздерінің әрқайсысының отбасылық шығыстар шығару тәртiбiн айқындауға;
  4. неке бұзылған жағдайда ерлi-зайыптының әрқайсысына берiлетiн мүлiктi айқындауға;
  5. неке шартына ерлi-зайыптының мүлiктiк қатынастарына қатысты өзге де кез келген ережелердi;
  6. осы некеден туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік жағдайын енгізуге құқылы.

Ескеретін дүние: Неке шартында Неке және отбасы заңына қайшы келетін дүниелер бекітілмейді. Неке шарты арқылы үй шаруасын жүргізу қағидалары, некеде және ажырасқан жағдайда балалармен қатынасу тәртібі және бірлескен өмірдің басқа да аспектілері заң тұрғысынан бекітілмейді. Сонымен бірге ерлi-зайыпты арасындағы мүлiктiк емес жеке қатынастарды, балаларға қатысты құқықтары мен мiндеттерiн реттей алмайды.

"Ұсыныс табысты көбірек табатын әрі мүлікті алуға көп күш жұмсаған адамнан болғаны жөн"

Осы ретте психологтың пікірін білдік. Психолог Серікгүл Салидің сөзінше, біздің қоғамда әр дүниені менікі, сенікі деп бөлу көп кездеспейді. Біздің кімде аз, кім әлсіз әрі оған жетпейді, соған әрдайым көмектесіп, қамқор болатын ерекшелігіміз бар. Сондықтан неке шартын үлкен буын түсінбеуі, бірақ жас буын асықпай қабылдауы қалыпты дейді.

"Неке шартын біздің үлкен, аға буынға қабылдау қиын. Дегенмен жас буынға менталды ерекшелігімізді сақтау отырып, осы ұғымды түсіну, қабылдау, қолдану жеңіл. Әр сауатты, адекват адам бұл өзгерісті қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Бүкіл әлем бұған көшкен, көшіп жатыр. Бізде мысалы ажырасқаннан кейін дүние-мүлікті сот арқылы бөлу көп болмады, себебі бәрін сот арқылы бөлу – күрделі жұмыc. Осындай қиындықтар болмас үшін ерлі-зайыпты неке шартын жасап қойса, бұл әр адамның жауапкершілік алуына ықпал етеді", – дейді психолог.

Психологтың айтуынша, неке шарты әр адамның еркін таңдауы болуы керек. Дүние-мүлік кімнің атында және оған кім көп үлес қосты, ұсыныс сол адамның атынан болса, орынды.

"Неке шарты ерлі-зайыптыға қажет, бірақ шарт пен мүлікті заңдастыру әр адамның еркін таңдауымен болуы керек. Ол ешкімге міндеттелмейді. Дүние-мүлік кімнің атында, кім оған көбірек үлес қосты, сол үшін кім көп еңбектенді, неке шартын жасауды сол адам ұсынса, орынды болады. Ал еңбек етпей, жолдасының дүние-мүлкін неке шартына енгізгісі келсе, бұл көбіне қабылданбайтын сияқты. Әлбетте біздің менталитетте 7 жылдан аса уақыт бірге тұрған адамдардың неке шартын жасауы конфликт арқылы келеді. Біздің менталитет сенікі ол сенікі, менікі ол менікі дейтіндей емес. Бізде сенікі сенікі, менікі де сенікі дегенмен өмір сүреді. Сондықтан неке шарты отбасы құрылып жатқан кезде жасалауы керек", – дейді маман.

"Неке шарты жауапкершілікті арттырады"

Психологтың пайымынша, алдағы 10-15 жыл уақыттан соң отбасын құрмай тұрып неке шартын жасау қалыпты жағдай болады. Жастардың санасына, менталитетімізге сай формаға еніп, қосылады.

"Мен 90-жылдары және 2000-жылдардың басында отау құрғандарға неке шарты жарамайды дер едім. Біз өзгермелі кезеңді өткеріп жатырмыз деуге де болады. Елде ажырасу өте көп. Осының нәтижесінде біз бір жүйеге келіп тоқтаймыз. Ол неке қиюдың, отбасы болуға үлкен жауапкершілікпен қараудың жаңаша формасы болады. Осы жаңа формамен некелескен жастар бұған сауатты түрде келіп, әрқайсы неке шарты туралы айтқаны, талап еткені үшін бір-біріне жеккөрушілікпен қарамай, қалыпты жағдай деп қарауы керек. Тағы 10-15 жыл уақыттан соң отбасын құрмай тұрып неке шартын жасау қалыпты жағдай болып жастардың санасына, менталитетімізге сай формаға еніп, қосылады. Неке шартының сауатты түрде енуін психолог маман ретінде қолдаймын. Сонда неке шарты жауапкершілікті арттырады. Үйленіп отбасын құру, қайтадан ажырасып кету анау айтқандай оп-оңай нәрсе емес екенін, бұған үлкен жауапкершілікпен қарау керек екенін ұғындырады. Әрі бұл құжат маман, жұмысшы ретінде өзімді қанша әлеуметтендірдім десем де, "Мен кіммін, кім болып қадам бастағалы тұрмын және бұл қарым-қатынастан кім болып шығамын?" деген сұрақтарға әдемі рефлекциялық құжат болып есептеледі", – дейді психолог Серікгүл Сали.

Егер ерлі-зайыпты неке шартын жасатқысы келсе, онда бұл құжат жазбаша жасалады және міндетті түрде нотариуста бекітіледі. Ол үшін ерлі-зайыпты неке туралы куәлік пен әрқайсының төлқұжатын, шартта белгілегісі келетін мүліктің құжаттарын ала баруы керек. Заңгерлер әйел немесе күйеуінің жеке мүлкі болса немесе жүргізіп отырған кәсібі болса, онда неке шартын жасаған жөн дейді.

Еңлік Сақтан
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 20:04