Неге Қазақстанда қысқы спорт жазғы спорттан артта қалып отыр? Мамандар түсіндірді
Қазақстандық қысқы спорт түрімен айналысатын спортшылардың көбінесе сәтсіз өнер көрсетіп жатады. Не себепті қысқы спорт түрлерінің нәтижелері жазғы спорт түрлеріне қарағанда әлдеқайда төмен. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап айтады.
Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихында қысқы олимпиадалар ел қоржынына небәрі 8 медаль алып келді, оның ішінде бір ғана алтын медаль бар. Жазғы ойындарда жағдай мүлдем басқаша – көрсеткіш деңгейі әлдеқайда жоғары. Тіпті ең сәтсіз саналған Токио Олимпиадасының өзінен иеленген 8 медальды Қысқы Олимпиада 30 жыл ішінде әрең жинады.
Коньки спорты бойынша Наганодағы ойындардың қола жүлдегері Людмила Прокашеваның мұндай алшақтықтың себебі неде екенін айтты.
“Мұнда үлкен есеп жүргізудің қажеті жоқ. Өйткені жазғы спорт түрлері үшін бізде әр аймақта залдар бар. Ал қысқы спорт түрлерін алып қарайтын болсақ, елордада жалғыз "Алау" жабық мұз айдыны бар. Өңірлерде осындай мұз айдындарын салатын болсақ, бірден 3-4 спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік болар еді. Конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, хоккей, керлинг спорттары деген секілді. Мүмкін, Үкімет бір рет инвестиция салу арқылы болашақта көп ақша үнемдейтінімізді түсінбейтін шығар”, – дейді Людмила Прокашева.
Прокашеваның айтуынша, егер жазғы спорт түрлері бойынша бір залдың өзінде бокс, күрес, жеңіл атлетика, гимнастика, дзюдо, таеквондо және басқаларын дамытуға болатын болса, ал қысқы спорт түрлері бойынша әр спорт жеке стадионды қажет етеді. Сол себепті бұл қымбатқа түседі. Мысалы, Щучинск қаласында 10 жылдан астам уақытқа созылған базаның құрылысы мемлекетке 38 млрд теңге шығын әкелді.
Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстанда 42 мыңнан астам спорт нысаны бар. Олардың ең ірілері Нұр-Сұлтан мен Алматыда орналасқан. Нысандардағы негізгі орынды жазғы спорт түрлерімен айналысатындар алады. Бірақ "қыстық спортшыларға" да орын бар көрінеді.
"Сарыарқа" велотрегі негізінен жазғы спорт түрлеріне арналған. Бірақ жанында конькимен сырғанауға болатын орын бар. Сол жерде конькимен сырғанау бойынша жаттығулар өткізуге болады. Дәл солай, мысалы, фристайл-акробатикамен айналысуға болады. Бұл қысқы спорт түрі шығар, дегенмен акробатикаға арналған объектілерде, мысалы, батуттық гимнастикада жаттығулар жасай алады. Өйткені оларда батуттарда жұмыс істейтін элементтер бар”, – дейді спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова.
Отандық мамандар халықаралық аренада тұрақты және жоғары нәтижелердің болмауын жаттықтырушылар тапшылығымен де байланыстырады. Олардың жетіспеушілігі барлық қысқы спорт түрлерінен сезілетін көрінеді.
“Бізде институтты бітірген жас жігіттің жұмыс істеуі үшін оның үш жылдық тәжірибесі болуы керек деген заң бар. Оны қайдан алады? Оған қоса, жас жігіт келеді делік, айталық еңбек өтілі жоқ, атағы жоқ қарапайым адам, оған бастапқы дайындықтың 1 тобына 30 000 теңге шегінде жалақы төленеді. Сөйтіп ол басқа салаға барса көп ақша табатынын түсінеді де, кетіп қалады”, – дейді Людмила Прокашева.
Мәдениет және спорт министрлігі спортшылардың “ақ” олимпиадаларда дұрыс өнер көрсетпеуін өз кезегінде қысқы спорт түрлерінің танымал еместігімен байланыстырады. Сонымен қатар, жағымсыз факторлардың бірі қысқы спортта жоғары жарақат алу қаупі бар. Ата-аналар балаларын трамплиннен секіруге немесе шаңғы акробатикасына беруден қорқады.
“17 мың бала қысқы спорт түрлерімен шұғылданады. Бұл жалпы айналысатындардың 4,3%-ын құрайды. Біз спорт түрлерін саралап, спорттық тапсырыс тетігін жасадық. Демек, мемлекет барлық уақытта спорттың барлық түрлерін тең дамыту бойынша қандай да бір шаралар қолданады. Бірақ оның дамуы сұранысқа байланысты болады”, – дейді спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова.
Нәтижесінде бюджетте алшақтық пайда болады. Мысалы, спортты дамытуға бөлінген 15 млрд теңгенің 3 млрд-ы ғана қысқы спорт түрлерін дамытуға бағытталады. Билік осы жылғы Олимпиадалық құраманы Бейжіңдегі ойындарға дайындауға 400 миллион теңге жұмсаған. Жарыс бүгіннен басталады. Бірақ спорттағы шенеуніктер медальдар бойынша ешқандай болжам жасамады.