Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық қордың ақшасы не себепті жекеменшік банктерде сақталады – Премьер-министр жауап берді

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров ұлттық қордың ақшасы жеке банктерде шоғырланғанына қатты ашуланды. Депутат бұл сауалды ел премьер-министрі Олжас Бектеновке қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сайыровтың айтуынша, Қазақстанның коммерциялық банктерінде жүздеген миллиард теңге мемлекет қаражаты жатыр.

“Бұл – жеке банктер мемлекет ақшасына өмір сүретін әлемдегі жалғыз жағдай. Үкімет бұл ақшаны неге қайтармайды? Ел бюджетінің мүшкіл халін ескерсек, халық та қиналып тұрған кезде неге “қаржы арамзалары” халықтың есебінен баюы керек?" – деді депутат мәжілістің жалпы отырысында.



Мәжілісменнің сауалына Олжас Бектенов жауап берді.

"Екінші деңгейлі банктерге қандай мемлекеттік көмек көрсетілгенін бәріміз білеміз. Шынында да өтімділік көлемі қазір екінші деңгейлі банктердің қарамағында сақталады. Бірақ қарызды өтеу кестелері бекітілген. Бір уақытта көмек алған барлық банк оны келісілген шарттарға сәйкес уақытылы өтейді", – деді Бектенов.

Премьер-министр банктерге түскен қаражат қайтарылады деп сендірді.

"Менің ойымша, өте маңызды банктердің тұрақтылығына жалпы әсер етуі мүмкін мұндай түбегейлі шешімдерді қазір қабылдау мүлдем дұрыс болмас еді. Себебі бұл елдің қаржы-экономикалық жүйесіне кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты дұрыс көзқарас қажет деп ойлаймын және бұл ақшаның барлығын үкімет біледі, көреді және бірте-бірте осы мемлекеттік көмектің барлығы қайтарылады, – деді үкімет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін мәжілісте 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасы таныстырылған еді. 

Талқылау