Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазірден балалардың болашағын ойламасақ, жағдай қиындайды": Туу көрсеткішінің жылдам артуы Қазақстанға қандай қауіп әкеледі

қазақстан демографтарыФото: Stan.kz | Аида Байғараева және Серік Бейсембаев

Қазақстанда демографиялық көрсеткіштер өсіп келеді, ал Орталық Азия тұтастай алғанда болашақ еңбек нарығын түбегейлі өзгерте алатын жас буынға ие болғалы отыр. Ресейлік демограф Алексей Ракша Қазақстанды туу деңгейі Ресейден жоғары, "жас ұрпағы мол ел" деп сипаттайды. Ол Ақтау мен Шымкенттегі жағдайды мысалға алып, елдің медианалық жасы әлі де жас екенін атап өтеді. Дегенмен отандық сарапшылар бұл деректерге біржақты баға бермейді. Керісінше, демографиялық өсіммен қатар, көпбалалы болудан қашатын отбасылар саны да көбейіп келеді дейді олар. Осы ретте Stan.kz мұндай қайшылық Қазақстан үшін демографиялық мүмкіндік пе, әлде сын-қатер ме, соны зерттеп көрді.

“Жастарға жағдай жасалмаса, олардың орнын басатындар келеді”

Белгілі ресейлік демограф Алексей Ракша Юрий Дудьке берген сұхбатында Қазақстандағы демографиялық жағдайға тоқталып, елдің ерекшеліктерін атап өтті. Ол дүниежүзіндегі туу мен қартаю тенденцияларын талқылап, кей елдердің медианалық жасын мысал ретінде келтірді. Сонымен қатар ол Дудьтан соңғы рет Қазақстанға қашан барғанын және не байқағанын сұрайды. Дудь 2021 жылы елде болғанын айтып, онда жастар көп болған деді. Осы кезде Рашка көп бала туу тенденциясы, әсіресе, Ақтау мен Шымкент қалаларына қатысты екенін атап өтті.

Дудь кестеге қарап, Қазақстандағы медианалық жас 32 жас екенін көргенде, Ракша "Қазақстан – медианалық жас көрсеткіші баяу өсетін елдердің бірі" деп таңданысын жеткізді. Эксперттің сөзінше, Қазақстан демография тұрғысынан Ресейден едәуір ерекшеленеді.

"Бұл жерде балалар саны көп, әсіресе екінші, үшінші және одан кейінгі балалардың есебінен көбейе береді", – деп атап өтті.

Айта кетейік, ресейлік демографтың таңдануына UNICEF есептерін негіз етіп алуға болады. Қазақстан бұл есепте айрықша көрсетілген елдердің бірі. Қазір Қазақстандағы медианалық жас (популяцияның жас бойынша таралуының орташа нүктесін өлшейді) 29,7 жыл, яғни аймақтағы ең “ересек” халық болып саналады. Мысалы, Тәжікстанда 22,2, Қырғызстанда 25,4, Өзбекстанда 27 жас. 2050 жылға қарай Қазақстан халқының медианалық жасы 32 жасқа жетеді, ал көршілері әлі 30 жасқа толмайды. Медианалық жас елдегі халық құрылымын көрсетеді, демографиялық қартаюды, әлеуметтік және зейнетақы жүйесіне түсетін жүктемені, еңбек нарығы мен экономикалық жоспарлауды бағалауға мүмкіндік береді. Есеп авторлары Қазақстанды осындай демографиялық артықшылықтар бойынша ерекше санатқа жатқызады.

Фото: freepik.com

Дегенмен бұл артықшылықтар автоматты түрде жүзеге аспайды. Жас буын болашақта экономиканың қозғаушы күшіне айналуы үшін оның білім алуына, кәсіби дамуына және қолайлы өмір сүру жағдайларын қалыптастыруға жүйелі түрде инвестиция салу қажет. Әйтпесе, демографиялық өсім әлеуетті мүмкіндік емес, әлеуметтік тәуекел көзіне айналуы мүмкін. Мысалы, UNICEF есептері бойынша Орталық Азиядағы халық саны 2050 жылға қарай 114 миллионға жетеді, қазіргі 80 миллионнан өсуі мүмкін. Қазақстанда халық 27%-ға, яғни 5,7 миллионға артады. Ең жылдам өсім Тәжікстанда болады деген болжам бар, онда бұл 45%-ды, Өзбекстанда 40%, ал Қырғызстан мен Түрікменстанда шамамен үштен бір бөлікке өседі деп отыр.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев жоғары туу көрсеткіші қоғам үшін екі жақты әсерге ие екенін атап өтті. Оның ойынша, бұл бір жағынан, ел экономикасы үшін үлкен әлеует тудырады. Мысалы, Орталық Азиядағы халықтың жартысынан көбі 30 жастан төмен, яғни алдағы 25 жылда өңдеуші, шығармашылық және еңбекке қабілетті күш жеткілікті болады. 

Мұндай демографиялық "бонус" елдерге өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жалпы экономикалық өсімді қолдауға мүмкіндік береді дейді Серік Бейсембаев.

"Алайда мұндай артықшылық автоматты түрде жүзеге аспайды. Жас буын өз әлеуетін толық пайдалана алу үшін оларға сапалы білім, заманауи медицина, дұрыс тамақтану, әлеуметтік қорғау және еңбек нарығына шығу мүмкіндіктері қажет. Егер осы инвестициялар жасалмаса, жас халық қауіпті факторға айналуы мүмкін. Тәжікстан мысалында көрініс тапқандай, тез өсіп келе жатқан жас халық қоғамдағы әлеуметтік тұрақсыздыққа, мемлекеттік жүйенің деградациясына немесе тіпті қақтығыстарға алып келуі ықтимал. Дегенмен Қазақстан өз жастарын елде алып қалу үшін жағдай жасамаса, онда көбі мұхит асуы әбден ықтимал. Керісінше, соның есебінен елге мигранттардан тұратын жұмысшы топ келіп, біздің жастардың орнын бастатындар келмек", – деп Серік Бейсембаев алаңдаушылық білдірді.

Фото: Stan.kz / Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев 

“2050 жылға қарай халық саны 25-26 миллионға жетеді деп болжанып отыр”

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев та демографиялық тұрғыдан қарағанда Қазақстандағы халық саны өсуді жалғастыра береді деп қоса кетті.

"2050 жылға қарай халық саны 25-26 миллионға жетеді деп болжанып отыр. Қазір ол шамамен 21 миллионға жетті. Демек, алдағы жылдары халық тағы да 5 миллионға дейін артуы мүмкін. Алайда мәселе тек халық санында емес, оның сапасында болып отыр. Халық санын арттыру мемлекеттің басты басымдылығы бола бермейді. Ең маңыздысы – халықтың сапасы", – дейді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

Мұндай пікірге демограф Аида Байғараева да қосылатынын айтады. Оның сөзінше, Қазақстанның демографиялық дамуын көршілес елдермен салыстыра отырып, бұл жағдайдың халықаралық ғылыми орта үшін де қызық зерттеу нысаны бола алады.

"Мысалы, тәуелсіздік алған тұста Қазақстанда 16 миллион, Өзбекстанда 19 миллион халық болды. Бүгінде Өзбекстан халқы 38 миллионға жетсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 20 миллион шамасында. Кең аумақ, көпұлттылық және бір елдің ішінде бірнеше түрлі туу модельдерінің қатар өмір сүруі Қазақстанды өзге елдер үшін ерекше мысалға айнала алады", – дейді Аида Байғараева.

"Қазақстан ақырын қартайып жатыр"

Бұдан бөлек Серік Бейсембаев басқа елдерге, соның ішінде көршілес мемлекеттерге қарағанда қазір Қазақстанда қартаю жасы ұлғайып, жастар көбейіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі статистика деректеріне қарасақ, елімізде қартаю жасы 71-74 жас болған.

"Дегенмен көбіне кеш қартаятындардың қатарында әйелдер басым. Себебі бұған дейінгі деректерде 60-65 болса, бүгінде бұл көрсеткіш 71-74 аралығы болып отыр. Алайда ер адамдар бұл статистикада әйелдерден қалыс қалып отыр. Басқа елдердің таңдану себебіне де, біздегі қоғамның ой-көзқарасының өзгеріп жатқаны. Жақсы жағынан. Қазір олар өзінің денсаулығын күтуге, жеке шекарасын сақтауға және сыртқы кейіпті қалыпты ұстауға тырысып жатыр", – дейді Серік Бейсембаев. 

2050 жылға қарай егде жастағы адамдардың үлесі айтарлықтай өспек. Қазақстанда 22,4%, Қырғызстанда 15,5%, Тәжікстанда 12,2%, Түрікменстанда 16,3%, Өзбекстанда 16,5%. Ал балалардың үлесі біртіндеп азайып, жалпы тәуелділік коэффициенті өспек. Осылайша, Қазақстанда 62,5%, Қырғызстанда 53,9%, Тәжікстанда 54,8%, Түрікменстанда 50,9%, Өзбекстанда 58,9% болмақ.

Фото: Stan.kz | Алмас Борис

Сонымен қатар әлеуметтанушы халықтың денсаулығы мықты, білімі жан-жақты дамыған, өзін қоғамда еркін сезінетін болуы керек дейді. 

"Олар өз құқықтарын қорғай білуі, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз ортада өмір сүруі қажет. Мұның бәрі мемлекеттің дамуы үшін аса маңызды. Сондықтан менің ойымша, мемлекеттің әлеуметтік салаға бөлетін қаржысын инвестиция ретінде қарастыру керек. Яғни, мемлекет әрбір саланың, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларының тиімділігін арттыруға жұмсалатын қаражатты халық сапасын жақсарту үшін инвестиция ретінде қарауы қажет. Бұдан бөлек бұған дейін елімізде "Еңбек күшін" тарту бойынша да бағдарлама жүзеге асырылды. Ол кезде солтүстістен оңтүстікке деп аймақ жұртшылығын жұмыспен қамтамасыз етуге тырысты. Алайда жоба өз нәтижесін көрсетпеді. Себебі онда жұмыс істеуші азаматтарға үй қарастырылғанымен, жұмыс орындары аз болды. Климаттық жағдайдың да өзіндік әсері болды", – дейді Серік Бейсембаев.

Серік Бейсембаев болашақта Қазақстанның дамуы үшін әлеуметтік салаға бөлінетін қаржыны тиімді пайдалану маңызды екенін атап көрсетеді. Ол негізгі бәсекелестік дарынды жастарды елде қалдыру және оларға лайық жағдай жасауда екенін айтады.

Осы бойынша UNICEF зерттеушілері Орталық Азия елдеріне жас еңбек күші үшін болашақта үлкен көлемде инфрақұрылым жасауға қазірден бастап инвестиция салуды ұсынған еді.

Ол үшін төмендегілерді жасау қажет:

  • Ең ерте жастан бастап сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету;
  • Балалар мен жасөспірімдерге заманауи медицина мен дұрыс тамақтануға қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету;
  • Отбасыға қолдау көрсететін әлеуметтік қорғау жүйесін құру;
  • Жастарға, оның ішінде қыздар мен жас әйелдерге арналған жұмысқа орналастыру және оқыту бағдарламаларын әзірлеу;
  • Су, санитария және қауіпсіз қалалық ортаға қол жеткізуді кеңейту қажет делінген.

Осы ретте UNICEF зерттеушілерінің айтуынша, Орталық Азия тарихи демографиялық кезеңге енді. Егер балалар мен жастарға қазірден инвестиция жасалмаса, аймақ экономикалық өсім мен әлеуметтік прогрестің бірегей мүмкіндігін өткізіп алуы мүмкін. Алайда бұл артықшылық ұзаққа созылмайды. Ұйымның есебіне сүйенсек, Қазақстан демографиялық даму бойынша екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі “дивидендті алу кезеңінің кеш елдері. Мұнда ел еңбекке қабілетті жас топтарын қалыптастырғанымен, демографиялық дивиденд терезесі жабылуға жақын. Экономика мен инновацияға инвестиция жасау арқылы қартаюға дайындалу қажет. Ал екіншісі “постдивидендтік кезеңдегі елдер”. Мұнда туу деңгейі төмендеп, егде жастағы адамдар көбейген кезде еңбекке жарамды халық азаяды. Қазақстан аймақта бірінші болып осы кезеңге өтеді деп болжанып отыр. Сол себепті елге егде жастағы тұрғындарға күтім ұйымдастыру, белсенді қартаюды қолдау және зейнеткерлерді еңбекке тарту міндеті тұр. Қазір Орталық Азияда ешбір ел бұл кезеңге жеткен жоқ, бірақ Қазақстандағы демографиялық тенденциялар оны болашаққа жоспарлы дайындыққа итермелейді.

“Қазақстанда бір ғана туу моделі жоқ”

Осы ретте демограф Аида Байғараева да Алексей Ракшаның сөзіне тоқталып, Қазақстандағы демографиялық жағдайды бір ғана үлгімен түсіндіру мүмкін емес екенін айтады. Оның пікірінше, елдегі туу көрсеткішінің орташа деңгейі аймақтар арасындағы айырмашылықтардың нәтижесінде қалыптасып отыр.

"Қазақстан демографиялық тұрғыдан феномен ретінде қарастырылады. Бізде бір ғана туу моделі жоқ. Мегаполистерде еуропалық туу үлгісі байқалса, оңтүстік пен батыс өңірлерде азиялық туу моделі басым. Сондықтан жалпы статистика осылайша орташа көрсеткішті көрсетіп отыр", – дейді әлеуметтанушы.

Маманның айтуынша, аймақтар арасындағы демографиялық теңсіздік халық санының өсу қарқынына ғана емес, демографиялық саясат пен инвестициялардың тиімділігіне де тікелей әсер етеді.

"Қазақстанда аймақтық демографиялық теңсіздік бар. Солтүстік өңірлер халықтың өз-өзін алмастыру деңгейіне де жетпей отыр, ал басқа аймақтарда керісінше, көрсеткіш жоғары. Осы айырмашылықтардың нәтижесінде ел бойынша орташа деңгей қалыптасады", – деп түсіндіреді әлеуметтанушы. 

Фото: Stan.kz / Демограф Аида Байғараева

“Жастар арасында child free ұстанымына бет бұру үрдісі бар”

Демографтың сөзінше, Қазақстанның демографиялық үдерістері елді өзге мемлекеттер үшін ерекше зерттеу нысанына айналдырып отыр. Бұған аумақтың кеңдігі, көпұлтты құрылым және әлеуметтік айырмашылықтардың көпқабатты сипаты әсер етеді.

"Қазақстан өзге елдер үшін қызық демографиялық мысал бола алады. Себебі аумағымыз өте кең, көпұлтты мемлекетпіз және аймақтық айырмашылықтар айқын. Тіпті бір қаланың өзінде бірнеше түрлі туу модельдерін көруге болады. Еуропалық үлгі, шығыс моделі, үлкен отбасылар мен аз балалы болуды таңдаған отбасылар қатар өмір сүріп жатыр", – дейді демограф.

Сарапшы қазіргі қоғамда бала сүюге қатысты көзқарастардың әртараптанғанын, соның ішінде саналы түрде баладан бас тарту үрдісінің де байқалып отырғанын атап өтті.

Фото: UNICEF/Andrey Kim

"Қазір жастар арасында child free ұстанымына бет бұру үрдісі бар. Кейбіреулер табиғи ресурстардың шектеулілігін, Жер шарындағы халық санының артуын алға тартып, бала санын шектеу керек деп санайды. Мұндай көзқарастар Қазақстан қоғамында да көрініс тауып отыр", – деп түсіндіреді әлеуметтанушы.

Маман урбанизация мен әйелдердің әлеуметтік белсенділігінің артуы да туу туралы шешімдерге тікелей ықпал етіп отырғанын айтады.

"Қазақстанда урбанизация үдерісі қарқынды жүріп жатыр, жас әйелдер білім алу мен өзін дамыту үшін қалаларға көшуде. Қалада ана болу жауапкершілігі мен жоспарлау талабы жоғары, ал ауылда әлеуметтік қолдау көбірек сақталған. Бүгінде әйелдердің қоғамдағы белсенділігі, мансап пен өзін жүзеге асыру мүмкіндіктері олардың бала сүю туралы шешімдеріне тікелей әсер етеді", – дейді демограф Аида Байғараева.

Толығырақ видеосұхбатты Stan.kz YouTube арнасынан көре аласыздар!

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 18 Желтоқсан, 2025 17:00