Не қорқынышы, не ұяты жоқ адамдар: Алматыда алма бақты әлдекімдер трактормен күреп тастаған
Алматыда ерлі-зайыптылардың алма бағын белгісіз біреулер трактормен күреп тастаған. Қазір осыған қатысты қатысты қылмыстық іс қозғалып, оны істі ішкі істер минстінің өзі қадағалауына алды.
200-ден астам апорт талын опырып, топырағына дейін әкеткендер іздестіріліп жатыр. Жер сипап қалған қожайындар 3 жарым гектар жеріндегі баққа елу жылдан бері бас көз болып, алманың таптырмас тұқымын аялап келгендерін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қала тұрғыны Дина Байғабұлова ата-анасына тиесілі алма бағынан ойда-жоқта айырылып қалғанын айтады. Жер қазылып, аялаған ағаштарының тек тамырлары әр жерде опырылып жатыр. Жайқалған талдардың бірі де жоқ. Жер телімін әке-шешесі кезінде жалға алып, кейін атына өткізген екен. Елу жылдай бағып-қаққан алманың таптырмас "кандиль" және "қызыл апорт" сорты өсіпті.
«Жеріміз үш жарым гектарды құрайды. Соның бір гектарын қырып жіберіп отыр. Бұл қарапайым адамның қолынан келмейді. Техникасы бар, «көкесі» бар кісі ғана батылы жетеді деп ойлаймын. Не қорқынышы, не ұяты жоқ адам болып тұр ғой. Топыраққа көзі түсті оның», - дейді бақ иесі Дина Байғабұлова.
Алманың екі сорты да аса күтімді қажет ететін еді, дейді бақ иесі. Ағаштардың биіктігі 12 метрге жетіпті. Әр қайсынан 100 келіден қызыл алма өндіреді екен. Ағайын туыстарына таратып, шетелдіктерге сататындарын айтады. Аяусыз қиратқандар топырақты да қалдырмай әкеткен. Көршілері 500-ге жуық жүк көлігінің үздіксіз қатынағанын айтыпты. Тау етегіндегі бөгеттер де құлап, табиғатқа да зиянын тигізіп отыр, дейді экологтар.
«Қазір жаңбырдың уақыты. Енді мына лай-саздың бәрі қалаға қарай ағады. Сіңіріп алатын топырақ жоқ. Апорттың жоғалуы ішті күйдіреді. Бұл қаламыздың, еліміздің мақтанышы еді. Менің таңқалатыным, учаскелік полицейлердің қарауындағы аймаққа неге олар бас көз болмаған? Қалайша, сонша ағаш пен топырақ ың-шыңсыз сыртқа кеткен?», - дейді эколог Тимур Елеусізов.
Көрген-білгендер Алатау ауылындағы құрылысқа тасығанын айтқан. Бірақ, ешқандай дәлел жоқ. Ал, учаскелік полицейлер тек қожайынмен бірге келіп жағаларын ұстапты. Қазір бақты түп-тамырымен жұлып, ағаштарды ұрлағандарды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрінің өзі қылмыстық істі жіті бақылауына алыпты.
«Қылмыстық кодекстің 188 бабы 1 тармағы бойынша ҚІ қозғалып, бірнеше күннен кейін тергеу басқармасы алған болатын. Оның құрамына криминалдық полицияның іскесушілері де енді», - деді қалалық полици департаментінен.
Тегін топырақты тасып, ағашты күрегендер ұсталғанымен елу жылдық бақты қайта қалыпқа келтіру тағы жарты ғасырды талап етеді. Ал, апорт пен кандильді баптау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жастары жетпіске таяған шаруа қожалығының иелері де денсаулықтары осыдан кейін күрт нашарлап, бастарын көтере алмай жатыр екен.