Қазақстандық әншінің ұлы Украина үшін соғысып жүр

Назгүл Шукаева – қазақстандық кәсіби әнші, ол 25 жылдан бері Киев қаласында тұрады. Ол Украинадағы соғыс басталғалы бері украиналықтарға көмектесу үшін қайырымдылық концерттерін өткізіп, шеберлік сабақтарын ұйымдастырып келеді. Ал оның ұлы өз еркімен Украина Қарулы күштері қатарына қосылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Настоящее времяға” сілтеме жасап хабарлайды.
Назгүл Орал қаласында дүниеге келген, музыка мектебін тәмамдап, Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясы оқуға түскен. Кейін әлемнің түкпір-түкпірінде өнер көрсете бастайды. Украинаға концертпен келіп, осы елге ғашық болады, тұрмысқа шығып, үш бала дүниеге әкеледі.
Назгүл – ерекше дауыс иесі. Ол нәзік джаздан бастап, түркі халықтары ерекше қастерлейтін көне көмеймен ән айту өнеріне дейін түрлі жанрда ән орындайды.
Қазақстандық 2022 жылдан бері ол әлемді аралап, Украинада болып жатқан оқиғалар туралы айтып, гуманитарлық көмек жинап жүр. Назгүл сапарларының бірінде Каховка су электр станциясы жарылғанын естиді.
“Бұл мен үшін ауыр соққы болды. Адамдар болған жағдайды өзі бастан кешкендей қабылдады, себебі апаттың ауқымы өте үлкен еді”, – деп еске алды ол.
Каховка су қоймасы Украинадағы ең ірі су қоймаларының бірі. Жарылыстан кейін су төмен қарай лап қойып, үйлер мен тұтас аудандарды басып қалды. Ресми дерек бойынша ондаған адам қаза тапқан, ал оқиға орнына барған журналистердің ақпаратына сәйкес, құрбандар саны бұдан әлдеқайда көп.
“Су басқан аймаққа барғандар ауыр, өткір иісті, шіру салдарын, ауызсудың жоқтығын және адамдардың ауыр халін көргендерін айтты. Көпшілік өзін жайсыз сезінді, тұрғындар дәрі-дәрмек күтті, жеткізілген көмек өмірлік маңызы бар еді. Сол кезде мен қарап отыра алмайтынымды түсіндім. Содан бері еріктілік менің жұмысым әрі өмірімнің бір бөлігіне айналды”, – дейді Назгуль.
Сондай-ақ ол жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында немесе мерекеден кейін міндетті түрде сыйлықтар мен қажетті заттарды алып, Херсон қаласына барады.
Херсон 8 ай оккупацияны бастан өткерді. БАҚ мәліметінше, әскери күш бейбіт тұрғындарға әдейі шабуыл жасаған. Біріккен Ұлттар Ұйымы деректеріне сүйенсек, Ресейдің Украинаға басып кіргелі бері 14 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан. Қаза болғандардың едәуір бөлігі Харьков, Херсон және Донецк облысы аумақтарына тиесілі.
“Біз зардап шеккен херсондықтарға гуманитарлық көмек жеткіземіз. Адамдар нақты сұраған заттарды апарамыз. Көп дүниені өз қаражатыма сатып аламын. Вокал мен дауыс жаттығулары бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, кездесулер ұйымдастырамын, ал жиналған қаражатты қайырымдылыққа бағыттаймын”, – дейді ол.
Соғыс басталғаннан кейін әнші украиналықтардың қауіпсіз елдерге шығуына жәрдемдескен, олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандарға да бар. Ол Аустрия, Германия, Польшадағы еріктілермен келісіп, кездесулер ұйымдастырып, қаражат жинап, көлік пен сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, адамдарды көшіруге көмектесті.
“Бәріне елден кетуге көмектесіп жүргенде мені де шақырды. Қазақстандағы достарым “Қашан көшесің?” деп сұрайды. Бірақ мен “Жоқ, көшпеймін, балаларыммен осында қаламын” деп жауап беремін”, – дейді ол.
Екі жыл бұрын әншінің ұлы өз еркімен майданға аттанған.
“Кез келген анадан “Ұлың соғысқа барамын десе, не істейсің?” деп сұрасақ, жоқ деп жауап береді. Өйткені ана баласынан айырылып қалуы мүмкін екенін біледі. Бірақ мен ұлымның бұл шешімді әлдеқашан қабылдағанын да көрдім. Ұлым жасөспірім кезінде қиын кезеңдер болды, кейін ол өз бетімен шешім қабылдайтын, таңдауы үшін жауап беретін азамат болып қалыптасты. Бір нәрсені шешсе, оны райынан қайтару мүмкін емес. Әскерге де өзі шешім қабылдап кетті”, – деді ол.
Қазір Назгүл екі қыз тәрбиелеп отыр және украиналықтарға көмектесуін де жалғастырып жатыр. Алайда ол ұлын күн сайын ойлайтынын және бәріне төтеп беру үшін ішкі күш табуға тырысатынын айтты.
“Шынымды айтсам, әрире, уайымдаймын. Неше түрлі ойлар келеді, бірақ жақсылық пен Құдайға деген сенім мені тыныштандырады. Өмірде көп нәрсе солай болуға тиіс болғандықтан болады деп сенемін. Ештеңе мәңгі емес, ал үздіксіз күйзеліс адамды құртады. Өмірге, жоғары күштерге сенім болғанда, ішкі рухани қуат пайда болады да, уайымды көтеру сәл жеңілдейді”, – дейді ол.
2025 жылғы жазда Лондон қаласында оның шетелдегі соңғы концерті өтті. Себебі ол бүйрек ауруына байланысты елден шыға алмайды, ол аптасына бірнеше рет гемодиализ қабылдауға мәжбүр.
“Жағдайдың құлы болып, оның езгісіне түсіп, сені “жеп қоюына” жол беруге болады. Немесе “Иә, бұл менің шындығым, бірақ мен оған мойынсұнбаймын” деп айтуға да болады. Бірақ оған күш пен ресурс керек, кейде тіпті күлімсіреу үшін де ресурс қажет, адамдардың сирек күлетіні де сондықтан болар”, – деді ол.
Ол ішкі тепе-теңдікті сақтау үшін өз “мифологиясын” ойлап тапқан – болып жатқанды сынбай қабылдаудың жеке тәсілі. Оның айтуынша, адам бұл өмірге келмей тұрып оның тағдыры шешіліп қояды. Басынан не өткеретіні, соғыс кезінде өмір сүре ме, өзгеріс дәуірінде өмір сүре ме бәрі сонда жазылады.
Айта кетейік, бұған дейін Украинада Нұрлан Сабыровқа қарсы қылмыстық іс қозғалғаны жайлы ақпарат тарағаны хабарланған еді.
"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр