Назарбаевтың Ресейге баруы, әскердегі әлімжеттік, "Қаңтардағы" бүлік: Тоқаев қоғамды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді
Фото: Ақорда
Stan.kz президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Turkistan" газетіне берген сұхбатына шолу жасады. Мемлекет басшысы салық реформасына қатысты қоғамдағы алаңдаушылыққа тікелей жауап беріп, бұл өзгерістердің саяси және әлеуметтік жауапкершілігін толық өз мойнына алатынын ашық мәлімдеді. Сонымен бірге ол Қаңтар оқиғасы, армиядағы тәртіп, бизнес пен әлеуметтік саясаттағы түйткілдермен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге баруына қатысты алыпқашпа әңгімелерге де нүкте қойды.
"Биліктің мақсаты халықты титықтату емес"
Алғашқы жауабынан-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды алаңдатқан салық реформасына қатысты басты мәселенің басын ашып алды. Ол жаңа Салық кодексі кезекті фискалдық қысым емес, экономиканы тұрақты дамытуға бағытталған жүйелі қайта құру екенін нақтылап, қосымша құн салығын (ҚҚС) шектен тыс өсіру ұсыныстарының неге тоқтатылғанын түсіндірді.
Осы арқылы ол биліктің мақсаты халықты титықтату емес, әділ әрі түсінікті "қоғамдық келісімге" негізделген салық мәдениетін қалыптастыру екенін аңғартты.
"Бүкіл әлемде фискалдық саясаттың тиімділігі оны жүргізудің сапасымен, жұрттың салық жөніндегі сауатымен және қоғамның сана-сезімімен өлшенеді. Салық төлеу мәдениеті дәл осылай қалыптасады. Салық төлеу бұрын міндет болса, енді отаншылдықтың озық үлгісіне айналады. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы деуге болады. Себебі салығын адал төлейтін азаматтар өз қаржысының алаяқтардың қалтасында кеткенін мүлдем ұнатпасы анық", – деп түсіндірді Тоқаев.
"Жауапкершілікті өз мойныма аламын"
Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың ауыртпалығы бар екенін жасырмай, сол жауапкершілікті мемлекет басшысы ретінде толық өз мойнына алатынын ашық айтты.
Ол тарифтердің уақытша тоқтатылғанын, бюджеттік тәртіптің қатаңдатылғанын атап өтіп, "орташа табыс қақпаны" халықтың күнделікті өмірде сезіп отырған шынайы мәселесі екенін мойындады.
"Әлемдік тәжірибеге қарасақ, реформалар қолға алынған кезде жұрт оны көп жағдайда түсінбей, қабылдамай жатады. Ондай кезде барлық жауапкершілікті арқалай алатын көшбасшының рөлі айрықша. Мен мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын. Менімен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұны жақсы біледі. Әрине, бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсінемін. Тарихта реформаторлардан гөрі басқыншылар мен популистердің аты көбірек қалып жатады. Бірақ Қазақстан үшін басқа жол жоқ”, – деді ел президенті.
Фото: Ақорда
"Төңкеріс” жасауға әбден машықтанған мамандар"
Президент Қаңтар оқиғасына қатысты алыпқашпа пікірлерге нүкте қойды. Ол тергеудің негізгі кезеңі аяқталғанын, ал қалған сот процестері мен қару-жарақты іздестіру – қалыпты құқықтық жұмыс екенін айтты.
Мемлекет басшысы бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алғанын айтады.
"Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды. "Төңкеріс" жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі. Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Reuters.com
Сонымен бірге Қаңтардан кейін басталған олигополияға қарсы саясат пен заңсыз активтерді қайтару науқаны саяси шоу емес, әлеуметтік әділдікті қалпына келтіруге бағытталған мемлекеттің жүйелі ұстанымы екенін ашық жеткізді.
"Бас прокуратураның мәліметтеріне тоқталып өтейін. Заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі комитет үлкен жұмыс атқарып, олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріп алды. Соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфрақұрылым нысанының құрылысы бар. Сондай-ақ Павлодар, Арқалық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылып жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуы өркениетті елге жат, теріс үрдіс"
Бұдан бөлек ел басшысы екі аса ауыр тақырыпты жасырмай айтты. Ол әскердегі өлім-жітімді өркениетті елге жат құбылыс деп атап, әлімжеттік пен бейберекетке нөлдік төзімділік болатынын, жауапты басшылардан нақты сұрау алынатынын қадап жеткізді.
“Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жастарға қолдау көрсетіп, оларды еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ, ондай жайттарға жол берілмейді. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын. Мен ахуалды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдау жөнінде бұйрық бердім. Дегенмен қайғылы оқиғалар әскери бөлімшелердің бәрінде болып жатпағанын атап өткен жөн. Тексеру жұмыстары, жалпы, әскердегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсетті”, – дейді Тоқаев.
Фото: Ақорда
"Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтты"
Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин арасындағы кездесулерге байланысты өсек-аяңға нақты жауап берді. Ол бұл байланыстардың бейресми сипатта екенін атап өтіп, билік транзиті туралы алыпқашпа әңгімелерге орын жоқ екенін айтады.
“Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді. Ресей президентінің ерекшелігі: ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді”, – дейді Тоқаев.
Сонымен қатар Тоқаев олардың не туралы әңгімелескеніне қызықпайтынын және ол жайлы сұрамайтынын айтты. Бұдан бөлек ол Қазақстанда әділдік, заң және тәртіп қағидаты бәріне бірдей қолданылатынын, ешкімге айрықша артықшылық берілмейтінін және әр азаматтың еңбегі заң аясында әділ бағалануға тиіс екенін атап өтті.
Фото: Видеодан скрин
"Кейбір кәсіпкерлер қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен"
Президент "Turkistan" газетіне берген сұхбатында бизнеске қатысты қатаң әрі нақты ұстанымын айтты. Ол кейбір ірі кәсіпкерлердің саяси ойындарға әуестеніп, мемлекеттің қолдауын міндет сияқты қабылдайтынын сынға алып, бизнестің басты миссиясы табыс табу емес, ел экономикасы мен қоғам игілігіне адал қызмет ету екенін ашық мәлімдеді.
"Кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекеттің қолдауын дұрыс түсіне бермейді, әрдайым солай болуға тиіс деп қабылдайды. Олар ауқымды жобаларды бастап алып, қит етсе үкіметтен көмек сұрайды. Мен оларға "бизнеспен айналысып жатқан сіздер ме әлде үкімет пе?" деп сұрақ қойдым. Қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі керек. Тіпті, кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен Илон Масктің өзі саясатқа белсенді араласпау туралы шешім қабылдады", – деді Тоқаев.
“Әлеуметтік масыл топтар көбейіп кетті”
Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жеңілдіктердің шамадан тыс көбеюі масылдық пен алаяқтыққа жол ашқанын айтты. Ол мемлекет көмегі сақталатынын, бірақ заңсыз артықшылықтарға қатаң тосқауыл қойылатынын және бұл салада тәртіп орнату қажет екенін атап өтті.
"Сырт көз – сыншы" деген сөз бар. Шетелдіктер, әсіресе, көрші мемлекеттердің тұрғындары біздің елдегі әлеуметтік қызметтің соншалықты дамығанына қызыға да, қызғана да қарайды. Соның ішінде кепілдік берілген тегін медициналық көмек және азаматтарға арналған көптеген жеңілдік бар. Тіпті, Қазақстанды "коммунизм орнаған" ел деп атай бастады. Бір сөзбен айтқанда, тиісті мекемелердің жөнсіз іс-әрекеттерінің кесірінен білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жеке кәсіпкерлік ұғымы бұрмаланып кеткен. Ахуалды түзеу қажет. Бюджеттен қаржы бөлінбесе, әлеуметтік нысандардың қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсінемін. Бірақ жеке бизнесті түгелдей дерлік мемлекеттің мойнына артып қоюға болмайды", – деп түсіндірді Тоқаев.
“Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек”
Әңгіме кезінде мемлекет басшысы Қазақстанның цифрлық державаға айналу керек екенін айтты. Қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы деді Тоқаев.
“Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр. Технология саласындағы нағыз әлемдік алпауыттар – АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке қыза түсті. Америка басшысы АҚШ-тың үстемдігін нығайту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді. Қытайдың да шегінетін ойы жоқ, олар мұны ұлттың абырой-беделіне қатысты мәселе деп санайды. Қазірдің өзінде Қытайда жасанды интеллект мәселесімен айналысатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Басқа дамыған мемлекеттер де қамсыз отырған жоқ”, – дейді ел басшысы.
Бұдан қоса, ол Қазақстанның жасанды интеллектіні экономика мен қоғамдық өмірге жүйелі түрде енгізіп жатқанын айтты. Ол цифрландыруда нақты нәтижелер барын, ІТ-экожүйе қалыптасқанын, заңнамалық және институционалдық негіз қаланғанын атап өтіп, жасанды интеллектіні ел дамуының басым бағыты деп жариялады.
“Туризмде қарсыластың қолтығына су бүрку белең алды”
Президент туризм саласындағы басты түйткілдерді ашық атады. Ол Қазақстанның туристік әлеуеті зор екенін мойындай отырып, саланың баяу дамуына немқұрайлық, біліксіздік пен жалған "эко-белсенділіктің" кедергі келтіріп отырғанын сынға алды және үкіметке туризмді нақты жоба мен кәсіби кадрға сүйеніп дамыту міндетін жүктеді.
“Туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жобаға қарсы науқан ұйымдастыратын кейбір "эко-белсенділер" зиян келтіріп отыр. Көпшілігінің табиғатта шаруасы да жоқ. Олар өзінің танымалдығын арттыру үшін қоғамды дүрліктіруді, қазіргі тілмен айтқанда, "хайп" жасауды ғана көздейді. Туризм бизнесінде әбден әккі болған, бәсекелестердің шыққанын қаламайтын кәсіпкерлер кейде олардың қолтығына су бүркіп отырады. Тау шаңғысы туризміне қатысты жағдай да осыған ұқсас. "Шымбұлақ" Алматы қаласының орталығынан небәрі жарты сағаттық жердегі ерекше табиғаттың ортасында тұр. Әлемде оған тең келетін демалыс орны кемде-кем. Алайда көптен бері ештеңе жасалмаған курорттың сыны да, сыры да кетіп, тозып барады. Табиғаттың тамаша тартуы саналатын осы көрікті мекенді дамыту үшін тың тәсілдер қажет. Қазір еліміздегі тәжірибелі девелоперлік компания іске кірісті. Бірақ үкімет пен әкімдіктің қолдауына қарамастан, жұмыс барысы дайындық және таныстыру шараларынан аса қойған жоқ”, – деп сынады Тоқаев.
Көрші елдерде тау шаңғысы туризмі қарқынды дамып жатқанда, Алматы тау кластерінің әлеуетін толық пайдалану және туристік инфрақұрылымды әртараптандыру өзекті болып отыр дейді мемлекет басшысы. Тоқаевтың айтуынша, салада кадр тапшылығы сақталып, оны шешу үшін қосымша шаралар қажет. Соған қарамастан Қазақстанға деген халықаралық қызығушылық артып келеді.
“Көлік жүргізушілерінің жол ережесін білмеуінің немесе оны біле тұра елемеуінің кесірінен жол апаты болады”
Президент сұхбат барысында жол-көлік апаты әлі де ел үшін ең ауыр мәселелердің бірі екенін айтты. Көлік көбейген сайын, қауіп те күшейіп барады. Қабылданған шаралар нәтиже бере бастағанымен, жолдағы тәртіп пен жүргізуші жауапкершілігі әлі де басты түйін болып отыр дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
“Бұл – көптеген ел үшін өте өзекті мәселе. Басты себептің бірі – автокөліктің көбеюі. Еліміздегі автокөлік саны былтырдың өзінде 300 мыңға, ал кейінгі бес жылда 1,7 миллионға көбейді. Соның нәтижесінде ахуал жақсарып келеді, көлік апаттарынан болған адам өлімі 9,4 пайыз азайды. Алайда қоғам жол ережесін сақтауға немқұрайлы қараса, қолға алынған шаралардың ешқайсысы тиісті нәтиже бермейді. Түптеп келгенде, жүргізушілер қарапайым, бірақ өте маңызды талаптарды сақтамағандықтан, жан түршігерлік апаттар болып жатады. Бұл жағдай көлік жүргізушілерінің жол ережесін білмеуінің немесе оны біле тұра елемеуінің кесірінен болады. Дәл осындай жауапсыз жүргізушілер адам өліміне әкеп соқтыратын апаттарға себепкер болады”, – деді мемлекет басшысы.
Фото: Ақорда
Сұхбат соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жеке болмысына тоқталды. Ол өзін тәртіпке бағынған, мәтінге ұқыпты, жауапкершілікті бәрінен жоғары қоятын мемлекетшіл тұлға ретінде сипаттап берді. Ол күнделікті йогамен айналысып, үстел теннисімен шұғылданудың нәтижесінде 9 келі салмақ тастағанын айтып, өзін сергек әрі жайлы сезінетінін жеткізді. Тоқаев бірқатар әріптесінің де спортты өмір салтына айналдырғанын да айтты.
Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің болашағына қатысты ең өзекті тақырыптарға да тоқталды. Ол Қазақстанның халықаралық беделі күшейгенін, билік транзиті туралы сөз қозғауға әлі ерте екенін және саяси реформалар тоқтамайтынын айтты. Мемлекет басшысы отаншылдықты ұранмен емес, күнделікті еңбек пен заңға құрмет арқылы дәлелдеу керек екенін атап өтіп, алдағы жылды ел тағдырын айқындайтын шешуші кезең деп бағалады.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді