Назарбаевтың Маргарет Тэтчерге берген "Достық" ордені сатылымға шығарылды
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Маргарет Тэтчерге берген "Достық" ордені Ұлыбританияда сатылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Peter Harrington сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Peter Harrington
Веб-сайттағы ақпаратқа сәйкес, марапат тікелей Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрінің мүлкінен сатып алынған.
"Орден 1995 жылы жоғары деңгейде халықаралық ынтымақтастықты ынталандыру мақсатында құрылған. Бұл орденмен Маргарет Тэтчер 2001 жылы марапатталды. Ол – марапатты алған жетінші адам. Орденді алғандар ішінде Хиллари Клинтон, Пан Ги Мун және Ли Куан Ю бар", – делінген хабарламада.
Орден бағасы 12,5 мың фунт стерлинг (7 миллион 911 мың 425 теңге) деп көрсетілген.
"Сатылымға шыққан орден жайлы ақпаратта бағалы тастармен көмкерілген жұлдыз белгісі атлас лентаға байланғаны жазылған. Орденде "Достық" деген сөз жазылған. Орденмен қоса, корольдік түс аталатын қою көк барқыт жастықшасы бар көк қорапша мен көк кітапша сатылымға шығарылған", – делінген жарнамада.