“Назарбаевтан Брежнев жасамаңдар”: Серік Әбдірахманов бұрынғы президентке қатысты айтқан сөздерін түсіндірді
4 мәрте Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты, 2 рет ҚР парламенті мәжілісінің депутаты болған Серік Әбдірахманов “Назарбаевты Брежнев жасамаңдар” деген сөзіне түсінік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Нартай Аралбайұлының Youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Назарбаев туралы заң шығару кезінде парламентте Серік Әбдірахманов “Назарбаевтан Брежнев жасамаңар” деп пікір білдірген болатын. Бұрынғы депутат не себепті мұндай сөз айтқанын түсіндірді.
“1995 жылы мен бір мерзімді жіберіп қойып, қайтадан сайлауға түсемін деген едім. Сол кезде бас прокурор Жармаған Тұяқбай деген белгілі оппозиционердің рөлін ойнаған адам маған “сен өтпейсің, басқа адам өтеді” деп кесіп айтты. Заманбек өтеді деп мені жібермей қойды. Сөйтіп 1999 жылы қайтадан сайлауға түстім. Билік шегінді, халықаралық құқық қорғау ұйымдары Назарбаевқа қысым жасап, басқа пікірдегі азаматтар сайлауға түсуге мүмкіндік алды. Сөйтіп мен халықтан дауыс алып келдім, өз округімнен. Көбінің Назарбаевты сілекейлеп жатқаны белгілі еді. Тек қана оншақты адам шын сайлаумен парламентке келді. Ол Тоқтау Әубәкіров, Мұхтар Шаханов тағы да басқалары”, – дейді Әбдірахманов.
Ол бұл пікірді ашуланып айтқанын алға тартты.
“Жей бастаған, ұрлай бастаған адамдар келіп, Назарбаевты мақтаған кезде ашуланып кетіп, Назарбаевтан Брежнев жасамаңдар деп айтқанмын. Қонаевты бірінші хатшы етіп сайлағанда елдің барлығы ду қол шапалақтап, бір ауыздан дауыс берген. 1986 жылы Димекеңді босатқанда санаулы адамдар ғана барып қолын алды. Осы сабақ болуы керек. Назарбаевты қолдаймын десеңдер, халыққа адал қызмет етіңдер деп айтқанмын”, – дейді Әбдірахманов.