Назарбаев университетіне қабылданған студентті әскерге күштеп әкетуге қатысты тергеу басталды
Фото: iStockphoto.com
Назарбаев университетіне оқуға қабылданса да, әскерге күштеп алып кеткен Нұрсұлтан Табынбайдың ісіне қатысты тергеу басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Newtimes.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Студенттің заңгері Жандос Ниязалиевтің сөзінше, қазір әскерге заңсыз алып кету туралы шағым түсірген соң әскери полиция және қорғаныс істері департаменті қызметтік тексеріс бастаған. Тергеу аяқталған соң іс материалдары әкімшілік сотқа жіберіледі.
Заңгердің айтуынша, әскери комиссариаттың әрекеті заңсыз болған. Ал сотқа шағым түсірудегі басты мақсат – Алматы облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының Нұрсұлтанды әскери борышкер деп тану жайлы бұйрығының күшін жою. Себебі әскерге шақырылған сәтте Нұрсұлтан университеттен шақырту алған. Сондықтан комиссариаттың әрекеті заңға қайшы дейді.
"Олар Нұрсұлтан шақыртуға келмеді, сондықтан әскери борышын өтеуден жалтарды деп отыр. Біздің жағдайда ол студент дәрежесін алған", – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Назарбаев университетіне оқуға түскен жігітті құзырлы орган өкілдері әскерге күштеп алып кеткені туралы хабарлаған едік.

“Енем басқа дінде болса да, мен үшін мешітке барды”: Үнді жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы өмірі туралы айтып берді
