Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешқайда кетпедім, өзіме тиесілі еңбек демалысындамын": Назарбаев еліміздегі тәртіпсіздіктерден кейін алғаш рет үндеу жасады (видео)

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"2022 жыл халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталды. Баршаңызға мәлім, ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады. Соның салдарынан бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті. Қасіретті оқиға кезінде қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын", – деді Назарбаев өз үндеуінде.

Ол лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін кетіргенін айтты.

Айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ.

"Мемлекет басшысын қолдау – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендігі кезекте осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіспіз. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес. Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды. Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді. Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияда көш бастадық. Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді. Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас", –  деді ол.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда Қазақстан астанасында екенін мәлімдеді. 

"Менің атыма түсіп жатқан көптеген хаттар мен БАҚ-тағы хабарламаларға байланысты жауап бере отырып, мынаны мәлімдеймін: 2019 жылы мен өкілеттігімді президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырдым. Содан бері зейнеткермін. Қазіргі таңда Қазақстан астанасында құрметті демалысымдамын және ешқайда кеткен жоқпын", - деді Елбасы үндеуінде.

Ол барлық билік президент Тоқаевтың қолында екенін атап өтті. Сонымен қатар Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы екенін растады.

"Таяуда президент Nur Otan партиясының төрағалығына сайланады. Сол себепті ел элитасында ешқандай жанжал немесе текетірес жүріп жатқан жоқ. Бұл тақырыптағы қауесеттер мүлде негізсіз", - деп сендірді Назарбаев.

Ол сондай-ақ өзінің 30 жыл бойы Отанның дамуы жолында жұмыс істегенін айтты.

"Менің 30 жыл бойы Отанымыз үшін жұмыс істегенімді бәрі біледі. Біз елдің шекарасын нығайттық. Біз прогрессивті реформалар жүргіздік. Біз бірге тәуелсіз Қазақстанды құрдық, әлеуметтік-экономикалық бағытта үлкен нәтижелерге қол жеткіздік, көптеген көрсеткіш бойынша Орталық Азияда ғана емес, ТМД-да да көшбасшы болдық", - деді Назарбаев.

Қазақстан әлемдік қоғамдастықта белгілі және беделді мемлекетке айналды. Бұл барлық қазақстандықтың ынтымағы мен бірлігінің нәтижесі, деп жалғастырды Елбасы.

"Елдегі тұрақтылық пен тыныштық әрқашан менің мақсатым болды. Бұл құндылықтарды бәріміз сақтауымыз керек. Біз міндетті түрде дағдарыстан өтіп, мықты бола түсеміз. Президент халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформалардың жаңа бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарламаны қолдау қажет", - деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға денсаулық тілеп, мемлекет басшысы қызметінде болғанда жүргізген реформалар мен жаңғырту бағдарламаларына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

 

Талқылау