Президент әйелдерге баланы данышпан етіп тәрбиелеудің құпиясын ашты (фото)
Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесуі өтті.
«Қымбатты ханымдар! Жыл сайын Ақордада дәстүрлі «Көктем шуағы» дәл осы кезде өткізіледі. Оны өздеріңіз білесіздер. Алдағы келе жатқан мереке – әйелдер күні баршаңызға құтты болсын! Бақ-береке, жақсылық тілеймін! Бүгін біздің ортамызда әйел азаматтарының әр салада қызмет істеп жүрген өкілдері бар. Көп балалы аналар, депутаттар, ғалымдар, сот, диқан, кәсіпкер, өнертапқыш, дәрігер, әнші, журналист, актриса, спортшы, жауынгерге дейін арамызда отыр», – деді кездесуді ашқан Елбасы.
«Бала туралы сөз қозғаған кезде бір әңгіме еске түседі. Бір күні бала мектептен анасына мұғалімінің хатын әкеліп береді. Ана хатты ашып, оқыған соң, көзінен еріксіз жас домалады. Баласы анасынан: «Анашым, неге жыладыңыз?! Хатта не деп жазыпты?» деп сұрай бастады. Анасы оған: «Хатта сені данышпан депті, енді бұл мектеп сені ары қарай оқыта алмайтынын жазыпты.
Сен бұдан былай үйде, ата-ананың қолында өздігімен оқуыңды жалғастыруың керек. Көп жылдар өтеді, анасы өмірден озған. Ол ескі қағаздарды ақтарып отырып, сол бір хатты тауып алады. Онда: «Балаңыз ақыл-есі кем дамыған, енді ол біздің мектепте оқи алмайды» деп жазылыпты. Ол кісі – Томас Эдисон. Оның жарық шамдарын әлі күнге дейін біз қолданып жүрміз. Ұлы өнертапқыш. Анасының берген бағасы мен үлкен сенімі адамды кемеңгер етті», – деді Президент бүгін Ақордада Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз мерекесіне орай, «Көктем шуағы» әйелдер қауымдастығының нәзік жанды өкілдерімен кездесуінде.
«Сіздер де, біздер де, отбасының отына қамқор болу, балаға тәрбие беру Сіздердің басты міндеттеріңіздің бірі. Ана сүтінде біздің халықтың әлеуметтік жады сақталған. Аналар еңбекке, қанағатқа, ұқыптылыққа тәрбиелейді. Отбасында тәрбие деген ең басты құндылық. Ана айтқан бесік жыры адамды өмір бойы бірге жүреді деп тегін айтпаған ғой. Барлығымыз да есте сақтап жүрміз, тіпті менің де есімде», – деп атап өтті Елбасы.
Мемлекет басшысы Қазақстан әйелдерінің қоғамдағы рөліне әр уақытта назар аударылып келе жатқанын баса айтты. «Біз ананы, әйелді әр уақытта құрметтеп, жоғары бағалап өткен халықпыз. Батыр аналарымыз ел басына күн түскенде ерлермен бірге қолына қару алып, Отанын қорғаған. Ел үшін ер-азаматтармен бірге жауға шапқан баяғыдан келе жатқан, бізге белгілі Бопай ханым, Хиуаз Доспанова, Әлия, Мәншүктер өшпес ерліктерімен елдің санасында қалғанын бәріміз білеміз.
Қазақ әйелдерінің арасында зор құрметке бөленген үлкен аналарымыз Домалақ ана, Айша бибі, Айғаным ханша, Зере әжелеріміз парасаттың символы болып саналады. Бүгінгі Қазақстан әйелдері сол парасатты жалғастыратын, жолын жалғайтын ізбасарлары. Әйел үйдің қазығы деп әйелін құрметтеген халықпыз. Қыз өссе елдің көркі деп қызын құрметтеген халықпыз. Ұлы далада қилы заманнан келе жатқан игі дәстүр қазір де жалғасуда», – деді Назарбаев.
Айта кетейік, кездесуге Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева, ғалым-микробиолог Әлия Ерназарова, Универсиада-2017 чемпионы Анна Шевченко, ҚХА мүшесі, ауыл мектебінің директоры Ирина Седова, «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының президенті Зарина Көкжанова, ақын Толқын Қабылша, әнші Мария Галицкая,
«Теңізшевройл» ЖШС адам ресурстарын басқару бас менеджері, аудандық аурухананың бас дәрігері Қарлығаш Рәзиева, Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова, «Астана-Балет» театрының жетекші балеринасы Милана Буканова, көпбалалы ана Оксана Мукашева,
қобыздан халықаралық байқаулардың лауреаты Ақерке Тәжібаева, Астана қалалық кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Назилия Раззак, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Оксана Давыденко, ҚР ҚК Парашют дайындығы орталығының аға маманы Римма Рамазанова, актриса Салтанат Бақаева, журналист Венера Мирланқызы қатысуда.
Оқи отырыңыз:
Президент үш министрді тікелей өзі тағайындайтын болды
Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі алғаш рет Ата заңмен бекітілді
Назарбаев: Қазақстан Конституциясының 23 бабына өзгеріс енгізіледі
Айсұлтан Назарбаев Қазақстан футбол федерациясының басшылық қызметіне келді