Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Назарбаев әлі де академиктер тізімінде": Ұлттық ғылым академиясы Саясат Нұрбектің сөзін жоққа шығарды

Ұлттық ғылым академиясы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің академиктер тізімі жаңартылды және Нұрсұлтан Назарбаев бұл тізімде жоқ деген сөзін жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Gov.kz

Ұлттық ғылым академиясы академик мәртебесі өмір бойына берілетінін және айрықша жағдайларда ғана күші жойылатынын айтты. Олардың хабарлауынша, Назарбаев әлі де академиктер тізімінде.

24 шілдеде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Тоқаевтың шешімімен жаңа Ғылым академиясы құрылғанын айтқан еді.

“Қазір онда 9 жаңа академик тіркеліп, бұрынғы академиктер ғылым академиясындағы лауазымынан айырылды”, – деді министр.

Ал арадан бір күн өткен соң Ғылым академиясы министрдің сөзін жоққа шығарды. Сондай-ақ 146 адамда әлі де академик мәртебесі бар екенін мәлімдеді. 

"Ұлттық ғылым академиясының академиктері жалпы жиналыста жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Жарғыға және ондаған жылдар бойы қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, академик мәртебесі өмір бойына беріледі. Жарғыда нақты белгіленген ерекше жағдайларда, Ғылым академиясы мүшелерінің дауыс беруі негізінде ғана алынып тасталынуы мүмкін", – делінген хабарламада.

Академияның сайтында Нұрсұлтан Назарбаев әлі күнге дейін академик ретінде көрсетілген.


"Оған бұл атақ өмір бойына берілген": Қазақстандық саясаттанушы Назарбаевтан академиялық атағы алынбайтынын мәлімдеді


Академиктер министрдің академия таратылуы мүмкін деген сөзіне көңілі толмайтынын айтты. Заң бойынша сот шешімімен ғана таратылады. Жоғары лауазымды тұлғалардың араласуы немесе уәкілетті мемлекеттік орган басшысының шешімі "заңды немесе моральдық күшке ие емес" деп есептейді.

Сондай-ақ академиктер Тоқаевтың Академияға мемлекеттік мәртебе беру туралы тапсырмасы әлі де орындалмағанын хабарлады. Академиктердің айтуынша, кейбір жоғары лауазымды адамдар "екі жыл бойы ғылыми ортаны жікке бөлуге, Ұлттық ғылым академиясының қазіргі мүшелерін люстрациялауға және беделін түсіруге бағытталған агрессивті және дұшпандық әрекеттерді жасады". 

Айта кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек президенттің шешімімен жаңа Ғылым академиясы құрылғанын айтқан еді. Қазір оның құрамында тоғыз академик бар екенін, ал бұрынғы тізімнің күші жойылғанын айтқан. Сондай-ақ министр бұл тізімнен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алынғанын хабарлаған. 

Талқылау