Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Найзағай түсті деген өтірік": Куәгерлер Абай облысындағы өрт туралы айтып берді (видео)

Режиссер-документалист Қанат Бейсекеев Абай облысындағы өрт жайлы репортаж жариялап, төтенше жағдайға қатысты тың деректермен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

өрт

Репортаждан скриншот

Елді мекендерге өрт қауіпі төнген соң бірнеше ауылдың тұрғындары эвакуацияланып, жатаханаларға орналастырылған. Дегенмен өртті өз көзімен көрген ауыл халқы өртке найзағай себеп болды дегенге сенбейді. 

"Нақты білмейміз. Бәлкім, біреу қасақана өрт қойған шығар. Найзағайдан болды деген өтірік. Біз Бұлақты ауылынанбыз. Өрт басталғанда жауын да, ештеңе де болған жоқ. Осымен бесінші күн. Әлі сөндіре алмай жатыр. Қашан басылатынын білмеймін", – дейді Бұлақты ауылының тұрғыны. 

"Мессенджерде жіберген өрттің видеоларын көрсең қан қысымың көтеріледі. Ауылда күйеуім мен төрт-түлік қалды. Ертең түк қалмай жанып кете ме деп қорқасың. Бірақ біздің әкім облыстың 1 жылдығын тойлап жүр. Тікұшақты мәртебелі қонақтардың қыдыруына, аңға шығуына беріп отыр. Ал ауыл халқына көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Бұрын "Ауыл қаланы асырайды" деп айтатын. Қазір көзқарас, құндылықтар мүлдем өзгеріп кеткен. Басшылықта отырғандар бір-бірінің туыстары, барлық жерде жемқорлық", – деп наразылығын білдірді Бұлақты ауылының тұрғыны. 

өрт

Репортаждан скриншотАл өрт сөндірушілердің сөзінше, көліктер ескі болғандықтан өрт ошағына уақытылы жете алмаған. Құмды әрі таулы жерде техника қызып кетеді екен. Сондықтан көліктің суығынан күтіп тұрады екен.

"Семейдегі өрт мәселесін орманшылар 5 жылдан бері көтерген. 25 мамырда ғана Ресейде тұтанған өрт біздің аймаққа өтіп кетті. Орманшылар 5 жылдан бері басқа жақтан өрт келмеуі үшін арнайы қоршау қоюды ұсыныпты. Ал басшылық әні-міні деп келген. Семейде орман өрті мәселесі бұрыннан бар. 90-жылдары әдейі өрт қойып, кәсіп жасағандар болған. Қазір екі рет найзағай түсті деп жатыр", – деді куәгерлердің бірі. 

Өрт сөндірушілер бұзылған көлікті жөндеу үшін қосалқы бөлшек табудың қиын екенін жеткізді. 

"Көліктерді жөндеп жатырмыз. Бірақ техника ескі болғандықтан, оларға арналған қосалқы бөлшек те шығарылмайды. Қажеттіні табу өте қиын. Рация бар, бірақ 2-3 шақырымнан ғана байланыса аласың. Әр көлікті мобильді рациялар орнатылған. Енді жаңа техника алса. Мына ауыр техникалардай емес, орманға кіре алатын көліктер керек", – деді өрт сөндіруші. 

Назархан Уән
Жұма, 23 Маусым, 2023 14:31