"Наурызға 317 млн, ал Жаңа жылға 793 млн теңге": Қазақстанның бас қалалары Наурыз мейрамына Жаңа жылдан екі есе кем қаржы бөлді

Биыл жыл басы, ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлауға Қазақстан қалалары жарыса дайындалды. Біразы халыққа арналған онкүндік іс-шаралар легін бастап кетті. Осы шаралардың бәріне әкімдіктер қанша миллион теңге бөлді және ол жаңа жылдық безендіруге бөлген қаражаттан кем бе? Stan.kz ақпарат агенттігі қай өңір Наурыз мейрамына қанша қаржы жұмсағанын анықтады.
Алматы әкімдігі 317,1 млн тенге
Алматы әкімдігі Наурыз мейрамын тойлауға және қала безендіруге бөлген қаражан бойынша көш бастап тұр. Әкімдік қанша қаражат бөлінгенін атап айтпады. Дегенмен БАҚ беттерінде биыл мегаполистегі 10 күндік мейрамға 317,1 млн тенге бөлінгені хабарланды.
Іс-шараларды рәсімдеуге "SBA Enterprize" ЖШС жауапты болып, 57,9 млн теңге тендер алды. Ал безендіру элементтері мен шағын сәулеттік формаларды "Jasyl Onir" ЖШС орнатқан, бұл жұмысқа 98,6 млн теңге жұмсалды.
"Zhuldyzdy Almaty" фестивалін "Qarnag Media" ЖШС ұйымдастырып, ол 92,7 млн теңгеге түсті. Сонымен қатар "іс-шараларды визуалды безендіру" бойынша 77 млн теңгелік лот қарастырылған.
Алматыда 14 наурыздан бастап мерекелік іс-шаралар "Наурызнама" тұжырымдамасы аясында өтіп жатыр. Негізгі іс-шаралар 21-23 наурызға жоспарланған. Олар Астана алаңында, Абай алаңында, Жібек жолы даңғылының жүргіншілер аймағында және Панфилов көшесінде ұйымдастырылады. Бағдарламада концерт, театрландырылған қойылым, көрме және қазақтың салт-дәстүрі ұсынылады.
Айта кетейік, Жаңа жыл мерекесінде мегаполис әкімдігі 793,3 миллион теңге бөлген еді. Бұл сома Наурыз мейрамына бөлінген қаржыдан 476 миллион теңге көп

Астана әкімдігі 187 миллион теңге
Астанада биыл "Наурызнаманың" онкүндігі 14-23 наурыз күндері өтеді. Дәстүр бойынша онкүндіктің әр күні ұлттық құндылықтар мен белгілі бір тақырыпқа арналады. Мерекелік бағдарлама аясында елордада 200-ден астам түрлі іс-шара мен акция өткізіліп жатыр. "Наурызнаманың" онкүндігін мерекелеу кезеңінде елорданың барлық алты ауданында мерекелік безендіру жұмысы жүргізіледі.
Мерекелік іс-шара өтетін алаңдарда қала тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі интерактивті аймақтар ұйымдастырылып, ұлттық нақышта жасалған шағын сәулеттік нысандар орнатылады. Сонымен қатар киіз үйлер мен алтыбақандар тігіліп, ұлттық мәдениет элементтері бар арнайы тақырыптағы инсталляциялар қойылады.
Наурыз мерекесін өткізуге арналған іс-шаралар жергілікті атқарушы органның бюджетінен және демеушілердің қаражаты есебінен қаржыландырылады. Аудандық әкімдіктерге "Наурызнаманың" онкүндігін мерекелеу мен қаланы мерекелік безендіру жұмысына шамамен 187 миллион теңге бөлінеді.
Қаражат төмендегідей үлестірілген:
Байқоңыр – 20 млн теңге;
Сарайшық – 30 млн теңге;
Сарыарқа – 30 млн теңге;
Алматы – 30 млн теңге;
Есіл – 40 млн теңге;
Нұра – 37 млн теңге.
Ал Жаңа жыл мерекесінде Астана әкімдігі 365 миллион теңге бөлген. Бұл сома Наурыз мейрамына бөлінген қаржыдан 178 миллион теңге көп.
Шымкент 314 млн теңге
Биыл Шымкентте наурыз мейрамын тойлауға 314 млн теңге бөлінді. Шаһарда Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілмек. Мерекелік шара барысында қала алаңдарында елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Ерекше форматтағы кешті жасанды интеллект негізінде әзірленген жүргізуші тізгіндейді. Сонымен қатар қалада "Дастархан" гастрономиялық фестивалі өтеді. Жиында ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, танымал аспаздар өз шеберліктерін көрсетпек.
Қалада 12 наурыздан бастап "Digital Nauryz" бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылған. Жаңа қосымша арқылы тұрғындар шаһарда өтетін мерекелік шаралардың толық тізімімен таныса алады.
Шымкенттің Наурызға бөлінген қаражаты Жаңа жыл мерекесімен салыстырғанда көп. Қала Жаңа жылға 100 миллион теңге бөлсе, Наурызға 214 миллион теңге көп жұмсап отыр.
Семей қаласы 60 миллион теңге
Семей қаласының әкімдігі барлық концерт, шағын архитектуралық формалар, қаланы безендіруге барлығы 60 млн теңге бөлген. Негізгі мерекелік іс-шараларды 22 наурыз күні Семей қаласының орталық алаңында және қала шетіндегі бірқатар аумақтарда өткізу жоспарлануда. Мереке қаланың барлық аудандарында бір уақытта өтеді. Орталық алаңда барлығы 12 киіз үй, ал қала шетіндегі аумақтарда барлығы 18 киіз үй орнату көзделіп отыр.
Биыл Ораза айт мерекесінің Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келуіне байланысты, қала тұрғындары мен қонақтарына наурыз көже, бауырсақ және өзге де дәстүрлі тағамдар таратуды ұйымдастыру ұсынылады. Бұдан бірнеше жыл бұрын өткізілген осындай іс-шара халық тарапынан жоғары бағаланған.
Семей қаласы Жаңа жыл мерекесіне қаржы бөлмеген еді.
Ақтөбе облысы 35,5 миллион теңге
Ақтөбе облысының мәдениет басқармасы берген мәліметке сай, облыста Наурыз мейрамын тойлап, өңірді безендіруге 35,5 миллион теңге бөлінген.
Ақтөбе облысында 14-23 наурыз күндері 700 мың көрерменді қамтитын 1 600 шара ұйымдастырылады. Ең ауқымдысы 16 наурызда басталмақ. Ал 17 наурыз күні "Ер Едіге" жыр мектебінің тәрбиеленушілері Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығында "Қырымның қырық батыры" атты жыраулар сағатын өткізбек. 22 наурызда "Наурыз – жарқын жыл басы" мәдени-көпшілік шарасы өтеді.
Наурызда қаладағы 26 алаңда 52 киіз үй тігіліп, ұлттық нақышта безендіріледі. Шаһардағы алаңдарда 1,5 тонна көже, 1 тонна бауырсақ және 2,5 тонна палау сатылымға шығарылмақ.
Ақтөбе облысы да Жаңа жылда шаралар мен безендіруге бюджеттен ақша бөлмеген.
Жамбыл облысы 30 миллион теңге
Жамбыл облысы әкімдігі биыл Наурыз мейрамын тойлау көбіне демеушілердің қаржыландыруымен жүзеге асатынын хабарлады. Демеушілер шамамен 40 миллионға жуық қаражат бөлген. Одан бөлек безендіруге 30 миллион теңге бюджеттен бөлініп отыр.
Қызылорда қаласы 17,2 млн теңге
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай Наурызнама онкүндігі аясында Қызылорда қаласы бойынша 14-22 наурыз күндері аралығында мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыру қарастырылған. Осы мақсатқа қалалық бюджеттен 17,2 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
14 наурыз күні қалалық мәдени және демалыс паркі алдында Амал мерекесіне арналған шара, 15 наурыз – Қайырымдылық күніне орай мерекелік концерт, 16 наурыз – Мәдениет және салт-дәстүр күніне орай, 18 наурыз күні – Ұлттық киімдер күніне орай шеру және "Бұрымды ару" байқауы ұйымдастырылды.
Айтпақшы, Қызылорда Жаңа жылда мерекеге орай арнайы қаржы жұмсамаған еді.
Орал қаласы 12 млн теңге
Орал қаласында Наурыз мейрамын тойлауға және қаланы безендіруге жалпы 12 млн теңге бөлінген.
Талдықорған қаласы 12 миллион теңге
Талдықорған әкімдігі бюджеттен тек қаланы безендіруге 12 миллион теңге бөлінгенін хабарлады. Қалада өтетін жалпы іс-шаралар көпшіліктің үлес қосуымен ұйымдастырылып жатыр.
Айта кетейік, Жетісу облысы Жаңа жыл қарсаңында мерекеге 60 миллион теңге жұмсаған еді.
Ұлытау облысы 46,4 миллион теңге
Ұлытау облысы жыл басын тойлауға жалпы 46,4 миллион теңге қаржы бөлген. Атап айтқанда Жезқазған қаласына іс-шара өткізуге 3,9 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат тек іс-шараға ғана бөлінген. Безендіру жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырылмаған.
Ал Сәтбаев қаласына бөлінген қаржы – 21 млн теңге, оның ішінде, іс-шараға – 18 млн теңге, безендіруге – 3 млн теңге. Қаражал қаласына бөлінген қаржы көлемі – 12,5 млн теңге, оның ішінде, іс-шараға – 8,3 млн теңге, безендіруге – 4,2 млн теңге.
Жаңаарқа ауданына бөлінген қаржы көлемі – 4 млн теңге, оның ішінде, іс-шараға – 2 млн теңге, безендіруге – 2 млн теңге. Ұлытау ауданына бөлінген қаржы көлемі – 5 млн теңге, оның ішінде, іс-шараға – 4,6 млн теңге, безендіруге – 400 мың теңге.
Ал облыс Жаңа жыл мерекесінде 22 миллион теңге бөлген еді.
Ал әкімдіктің бізге берген ақпаратына сенсек, Ақтау қаласын безендіруге тек демеушілер қаржы бөлген. Дегенмен былтыр Маңғыстау облысы Жаңа жыл қарсаңында 80 миллион теңге қаржы жұмсаған еді.
Ал Петропавл қаласында биыл Наурыз мейрамын тойлауға және қаланы безендіруге қаржы бөлінбеген.
Бұған дейін 2026 жылды қарсы алуға әкімдіктер қанша қаржы бөлгенін жазған едік.
"Наурызға 317 млн, ал Жаңа жылға 793 млн теңге": Қазақстанның бас қалалары Наурыз мейрамына Жаңа жылдан екі есе кем қаржы бөлді