Наурыз айына арналған жұлдыз жорамал: Кімдер қаржылық қиындықтан шығып, елдің назарында болады
Фото: Ru.freepik.com
Қазақстандық астролог Сабина Сабденованың биыл наурыз айы шын мәнінде ерекше болатынын айтты. Айдың алғашқы күндерінде Айдың тұтылуына байланысты сәл толқулар болуы мүмкін. Бұл – үйдегі ескі-құсқыны, ойдағы реніштерді тастауға қолайлы уақыт. Содан кейін екінші тыныс ашылады. Жұлдыздар құдды Наурыз мерекесінің алдында біздің өмірімізде “тазалық жұмыстарын” жүргізетіндей дейді астролог Stan.kz редакциясына берген сұхбатында.
Сабинаның айтуынша, 19 наурыз – өткенді мәңгі ұмытатын күн. Ескі әдеттерді, бұрынғы қателіктерді, өткенде қалған ауыр ренішті артта қалдыру керек болады. Бұл күні көктемгі күн мен түн теңелуі мен астрономиялық тұрғыдан жаңа циклдің басталуы тұспа-тұс келеді. Бұл – мол дастархан жайып, жақындарыңызды шақырып, тіпті армандай алмаған тілектеріңізді тілеу үшін тамаша сәт.
Тоқтылар
Наурыз айының басында бәрі қолыңыздан түсіп, кері кетіп жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ көңіліңізді түсірмеңіз. Бұл – жеңістер алдындағы “тыныштық” кезеңі. Ұсақ-түйекке бола жақындарыңызбен сөзге келіп қалмауға тырысыңыз, оның орнына күшіңізді бітпей қалған істерді аяқтауға жұмсаңыз. Мерекеге жақындағанда бұрын-соңды болмаған серпілісті сезесіз: шаш үлгісін жаңартуға немесе қонаққа киетін көптен бері ойлап жүрген киімді алу үшін керемет уақыт. Наурызда үйіңізде достарыңыз жиі бас қосады. Сондықтан жайлы отырыстар мен жағымды қарбаласқа дайын болыңыз!
Торпақтар
Айдың басында тұрмыстық шаруамен біраз әбігерге түсесіз. Бірде шүмек тамшылап, бірде техника бұзылуы мүмкін. Мұны көктемнің қарсаңында үйіңізге көңіл бөліп, жайлылық орнату үшін берілген белгі ретінде қабылдаңыз. Ал наурыздың екінші жартысында қаржылық қиындықтар шешіліп, көптен ойлап жүрген ірі заттап сатып алуыңыз мүмкін. Жұлдыздар мереке күндері міндетті түрде табиғат аясында демалып қайтуға кеңес береді. Таза ауа мен жермен байланыс сізге келер жылға жетерлік күш-қуат береді.
Егіздер
Наурыздың алғашқы онкүндігінде жаңалықтар мен қоңыраулар жиілеп, сізді шатастыруы мүмкін. Сондықтан маңызды құжаттарды бірнеше рет тексерген дұрыс. Айдың басында естігеннің бәріне сене бермегеніңіз абзал және құпияларыңызды бөгде адамдарға айтудан аулақ болыңыз. Көктемнің келгені сезіле бастағанда, мінезіңіздегі ашықтық пен адамдармен тез тіл табысатын қабілетіңіз керемет нәтижелер әкеледі. Көптен көрмеген адамнан қоңырау келіп, тамаша идея ұсынуы мүмкін. Наурызда тек демалып қана қоймай, жаңа нәрсе үйренуге тырысыңыз, өйткені дәл қазір алған ақпарат жуырда табысқа айналуы ықтимал.
Шаяндар
Айдың басында эмоцияға беріліп, түрлі заттар сатып алып, әмияныңыз жұқарып қалуы мүмкін. Сондықтан дүкен сөрелерінің жанынан өткенде барынша өзіңізді ұстаған дұрыс. 3 наурызды, Ай тұтылатын күнді тыныш, отбасыңызбен, бауырсақ жеп, қарбаластан демалып өткізген жөн. Айдың екінші жартысында көптен күткен шабыт пен шығармашылыққа деген құлшыныс пайда болады. Наурыз күндері өзіңізді ерекше жақсы сезінесіз. Бұл ренжіскен жандармен татуласып, бәрін жаңадан бастауға ең қолайлы кезең.
Арыстандар
Наурыздың басында айналаңыздағы адамдардың сын-ескертпелерінен “тәжіңіз” сәл қисайғандай болуы мүмкін. Бірақ оларға жауап беріп, бұлқан-талқан болудың қажеті жоқ. Бұл жұлдыздардың уақытша әсері ғана болуы ықтимал. Біраз уақыт денсаулығыңызға көңіл бөліп, жақсылап ұйқыңызды қандырыңыз. Жаңа серпіліс сізде наурыздың 20-сынан кейін болады. Кез келген ортаның гүліне айналып, жұмыста еңбегіңіз бағаланады. Мереке күндері өте жарқын болмақ, сізді қуанышқа бөлейтін тосынсыйлар мен сыйлықтарға дайын болыңыз.
Бикештер Наурыздың алғашқы жартысы өзіңізге көңіл бөлу үшін қолайлы кезең. Медициналық тексеруден өтіп, дәрумен ішіңіз немесе цифрлық детокс жасаңыз. Көтере ламайтын шоқпарды беліңізге байламаңыз, әйтпесе айдың ортасында күшіңіз сарқылып қалуы мүмкін. 20 наурыздан кейін ойлап жүрген дүниелеріңіз айқындала бастайды, жиналып қалған шаруаларды оңай реттейсіз. Айдың соңы ауқымды дүниелерді жоспарлауға және өмірдегі маңызды өзгерістерді бастауға қолайлы.
Таразылар
Наурыздың басында достарыңызбен қарым-қатынасыңыз сыналуы мүмкін. Сондықтан бос уәде бермей, өзгелердің шиеленісіне араласпауға тырысыңыз. Сіздің жұлдызды сәтіңіз – айдың соңы. Көктем сізді романтикамен және жеңілдік сезімімен қуантады. Егер қарым-қатынасыңызға өзгеріс жасағыңыз келіп жүрсе, мерекелік демалыс ашық әрі шынайы әңгімелер үшін ең қолайлы уақыт. Наурызда міндетті түрде сәнденіп, көпшілік арасына шығуға тырысыңыз. Себебі осы күндері болған кездейсоқ таныстық тағдырыңызды күрт өзгертуі мүмкін.
Сарышаяндар
Айдың басында жұмыста қиындықтар тууы ықтимал. Басшылық немесе клиенттер қыңырлық танытуы мүмкін. Бірақ сабыр сақтасаңыз бәрі өз орнымен реттеледі. Ең бастысы – айдың алғашқы аптасында эмоцияға беріліп, асығыс шешім қабылдамаңыз және жұмыстан кетуге асықпаңыз. Наурыздың екінші жартысыда үйіңізге жайлылық сыйлап, оны ретке келтіруге деген ынтаңыз артады. Мүмкін, түсқағаз ауыстырарсыз немесе перделерді жаңартарсыз. Наурыз мерекесін жақындарыңызбен өткізіп, жұмысыңыз бен аяқталмай қалған шаруларыңызды бір сәте ұмыта тұрсаңыз бұл уақыт сіздің рухани тірек нүктеңізге айналады.
Мергендер
10 наурызға дейін жоспарлаған алыс сапарлар ұсақ-түйек қиындықтарға әкелуі мүмкін. Сондықтан жұлдыздар мергендерге мүмкіндік болса, үйде қалып, жоспар құрумен айналысуға кеңес береді. Қазір түйсігіңіз өте сөзімтал. Сондықтан интернеттегі “сарапшылардың” кеңесінен гөрі ішкі дауысыңызды тыңдаңыз. Наурыз айы сіз үшін туыстардан келетін жақсы жаңалықтарға толы болмақ, бәлкім, сізді үлкен бір той-думанға шақырар. Мереке күндері көбірек қозғалып, араласыңыз. Өйткені сіздің энергияңыз қазір айналаңызға өте қажет. Кейін олар сізге еселеп қайтарады.
Тауешкілер
Наурыздың алғашқы күндері құжаттар немесе ескі қарыздар алаңдатып қояды. Бірақ бұл барлық аяқталмай қалған істерді біржола бітіруге тамаша мүмкіндік. Мойныңызға артық жауапкершілік алмаңыз және ұйықтамай, бәрін өзіңіз шешуге тырыспаңыз. Наурыз мерекесі жақындағанда әулетіңіз бен үлкен туыстарыңыздан бұрын-соңды болмаған қолдауды сезесіз. Міндетті түрде ата-анаңызға немесе ата-әжеңізге барып қайтыңыз. Олардың даналығы мен жылы сөзі алдағы жылға сіздің ең мықты тұмарыңыз болмақ.
Суқұйғыштар
Айдың басында сүйіктіңіз өзіне көңіл бөлуін талап етуі мүмкін. Бұл сіздің еркіндікті сүйетін табиғатыңызды сәл шаршатады. Келесімге келуге тырысыңыз және әлемнен жабылып қалмаңыз, тек аздап тыныштық қажет екенін түсіндірсеңіз жеткілікті. Наурызға қарай істердегі белгісіздік айқындалып, әрі қарай қай бағытта қозғалу керегі белгілі болады. Наурыз өзіңіздің жеке жеңістеріңіздің кезеңі болмақ. Идеяларыңыз бен бастамаларыңыз лайықты бағаланып, мерекелік күндер қуанышқа толы сәттер сыйлайды.
Балықтар
Наурыздың басы балықтарды ұйқы басып, жалқауланады. Бұл қалыпты дүние, өйткені ағзаға қайта қалыпқа келу қажет. Өзіңізді үлкен істермен айналысуға мәжбүрлемеңіз, оның орнына көп күш талап етпейтін тұрмыстық істермен айналысыңыз. Айдың ортасына қарай сіз сәттілік пен елдің назарын өзіңізге тартасыз. Бұл сіздің жеке Жаңа жылыңыз болмақ, соған сай барлық тілектерің орындалады. Наурызда құттықтаулар қабылдап, жарқыраңыз және көпшіліктің алдында болудан қорықпаңыз.
2026 жылы наурыз айы адамдарға барлығын басынан бастауға, жұмыстарын реттеуге, ойын жинақтап, жаның тыныш тауып, Наурыз мерекесін қарсы алуға мүмкіндік береді. Астролог Сабина Сабденова Наурыз мерекесі әр қазақстандықтың үйіне береке, жүректеріне шынайы қуаныш пен болашаққа сенімділік әкелсін деп тілек білдірді.
“Дастархан мол болсын, отбасы мүшелерінің арасында махаббат пен түсіністік орнасын. Естеріңізде болсын: көктем тек маусымның ауысуы ғана емес, бұл сіздің гүлдейтің кезіңіз. Шын жүректен сіздерді келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Барлық ойлаған істеріңіз оңай және қуанышпен орындалсын”, – деп келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.