Науқастың өліміне себеп болған дәрігер жауапкершіліктен қашу үшін өзін "ауру" етіп көрсеткен

Өліммен аяқталған бұл медициналық оқиға бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Времяға” сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылғы 24 шілдеде Меруерт Ауылбаева дене қызуы көтеріліп, жедел жәрдем шақырған. Фельдшер оған “жедел тубулоинтерстициальды нефрит” деген диагноз қойып, Балқаш қаласындағы көпсалалы ауруханаға жіберген. Алайда науқасты ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Екі күннен кейін Ауылбаева қайтадан емханаға барып, оң жақ бүйірінің ауыруына және зәр шығару кезіндегі жайсыздыққа шағымданған. Оған тек тексерулер мен талдаулар тағайындалып, нәтижесінде еңбекке жарамсыздық парағы ашылғанымен, тағы да ауруханаға жатқызылмаған.
Қайта жүргізілген УДЗ нәтижесінде жаңа диагноз – оң жақ мықын аймағындағы іріңді инфильтрат және жергілікті перитонит анықталған. Бұл – жедел аппендициттің ауыр асқынуы. Осыдан кейін ғана Меруерт ауруханаға жатқызылған.
Хирургия бөлімінің меңгерушісі Бекболат Мустап УДЗ қорытындысын елемей, науқасқа қате диагноз қойған – аппендикулярлық инфильтрат. Бұл жағдай әдетте консервативті еммен шектеледі. Алайда сол кезде науқас қатты ауырсынудан қиналып жатқан. Дәрігер оның 17 шілдеден бері ауырып жүргенін және дене қызуының тұрақты жоғары болғанын да ескермеген.
Салалық мамандар шұғыл операция қажет екенін көрсеткеніне қарамастан, Мустап олардың пікірін елемеген. Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамасына сәйкес, перитонит – шұғыл операция жасауға тікелей көрсеткіш. Соған қарамастан, хирург шұғыл ота жасаудың орнына антибиотиктер мен ауырсынуды басатын ем тағайындап, күту тактикасын таңдаған.
Тамызlың басында жүргізілген тағы бір УДЗ аппендикулярлық абсцесс анықтаған, яғни ауру асқынып, іш қуысында ірің жиналған. Бірақ бұл жағдайда да дәрігер шұғыл оnf жасамаған. Нәтижесінде ота тек сегізінші күні ғана жасалған. Медициналық құжатта перитонит асқынуы көрсетілмеген.
Ауруханадан шыққаннан кейін де науқастың жағдайы жақсармаған. Жеке клиникада оған 1операциядан кейінгі сепсис1 диагнозы қойылған. Қазанда ол қайтадан ауруханаға түскен. Бұл жолы да бөлім меңгерушісі емдеу хаттамасын бұзған. Тергеу мәліметінше, дәрігер науқастың жағдайының нашарлау себептерін дер кезінде анықтамаған.
Қазанда бірнеше күрделі операция жасалған. Дәрігер ішектің бір бөлігін алып тастап, іріңді тазалауға тырысқан. Алайда барлық шараға қарамастан, науқастың жағдайы нашарлай берген. 2023 жылғы 6 қарашада 48 жастағы Меруерт Ауылбаева көз жұмды.
Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін жүргізілген сот-медициналық сараптама дәрігердің көптеген қателігін анықтады. Сарапшылар хирург әрекеті мен науқастың өлімі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екенін растады.
Мустап медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау салдарынан адам өліміне әкеп соқты деген айыппен сотқа тартылған. Алайда сот процесі басталғаннан кейін ол үздіксіз “аурухана парақтарын” рәсімдей бастаған. Заң бойынша айыпталушы емделіп жатқан жағдайда сот үкімі шығарылмайды, сондықтан процестер кейінге қалдырылып отырған.
Осылайша, дәрігер уақытты әдейі созып, қылмыстық жауапкершілік мерзімінің өтуін күткен. Кейбір әріптестері оған жалған медициналық анықтамалар беріп көмектескен.
Марқұмның ағасы Айтбек Ауылбаевтың айтуынша, сот бірнеше рет кейінге шегерілген. Нәтижесінде қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткен.
Сот дерегіне сәйкес, қылмыс 2023 жылғы 6 қарашада жасалған, ал айыптау актісі тек 2025 жылдың сәуірінде дайындалған. Тергеу де бірнеше рет тоқтатылған. Салдарынан екі жылдық мерзім өтіп, 2025 жылғы 17 желтоқсанда Балқаш қалалық соты Мустапты қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.
Сонымен қатар медициналық бақылау департаменті дәрігердің сотқа қатысуына қарсы көрсетілім жоқ екенін анықтағанына қарамастан, бұл қорытынды ескерілмеген.
Прокуратура тексерісі барысында кейбір дәрігерлердің жалған анықтамалар беруге көмектескені белгілі болған. Алайда олардың ешқайсысы жауапкершілікке тартылмаған.
Марқұмның ағасы Айтбек Ауылбаев бұл жағдайға наразылығын білдіріп, әділдікке қол жеткізуге ниетті екенін айтты. Оның сөзінше, дәрігер жауапкершіліктен жалтару үшін түрлі айлаға барған. Қазір ол әлеуметтік желілерде өзін тәжірибелі хирург ретінде жарнамалап жүр.
Айтбек Ауылбаев – көзі көрмейтін мүгедек болса да, істі қайта қарауға күш салмақ. Алайда істі қайта қозғау мүмкіндігі аз. Балама жол ретінде жалған аурухана парақтары бойынша жаңа іс қозғау ұсынылып жатыр. Бірақ құқық қорғау органдары бұл фактілерді тергей ме, жоқ па – белгісіз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған