Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

НАТО Иранға қарсы ұжымдық қорғаныс механизмін қолданбақ

Фото: Reuters/Dursun Aydemir

НАТО бас хатшысы Марк Рютте альянс қажет болған жағдайда ұжымдық қорғаныс туралы келісімнің 5-бабын қолдануы мүмкін екенін айтты. Бұған дейін Түркияға қарай бағытталған баллистикалық зымыран НАТО әуе қорғаныс жүйелері арқылы атып түсірілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Newsmax.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Бас хатшы Марк Рюттенің айтуынша, Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне байланысты альянсқа мүше елдер өз аумақтарын қорғауға дайын. Рютте НАТО-ның қырағылығын дәлел ретінде Түркияға қарай бағытталған баллистикалық зымыранның атып түсірілгенін айтты.

"Біз 5-баптың нақты қашан қолданылатыны туралы әрдайым белгісіздік сақтауға негіз бар деп есептейміз", – деді Марк Рютте.

Бас хатшының сөзінше, мұндай әдейі жасалған белгісіздік қарсы тарапты НАТО елдеріне шабуыл жасау алдында тәуекелді мұқият есептеуге мәжбүр етеді.

4 наурыз күні Түркия аспанында баллистикалық зымыран атып түсірілген. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Ираннан ұшырылып, Түркияның әуе кеңістігіне бағытталған. Зымыранды Шығыс Жерорта теңізінде орналасқан НАТО-ның әуе қорғаныс күштері анықтап, жойған. Ол Ирак пен Сирияның әуе кеңістігі арқылы ұшып өткен. Зымыран сынықтары Түркияның Хатай провинциясына құлаған.



Еске салайық, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды. Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды. Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 05 Наурыз, 2026 10:01