Нәрестенің аяғы жұлынып кеткен: Батыс Қазақстанда мас күйінде көлік басқарып жол апатын жасаған полицей қамауға алынды
Сот Батыс Қазақстан облысында мас күйде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасына себепші болған полицейді қамауға алуға санкция шығарды. Ақпаратты облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Соттың санкциясымен күдікті екі айға қамауға алынды. Ол алғашқы күннен бастап полицейлердің бақылауында болды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деді БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейдің ұсталғанын көлік оқиғасынан жапа шеккен азамат та растады.
"Жол апатынан анам қайтыс болды. Жеті айлық қызымның аяғы жұлынып кетті. Қазір барлығымыз ауруханадамыз. Әйелім де көлік оқиғасынан түрлі дене жарақаттарын алды. Менің отбасым кінәліге ең ауыр жаза тағайындалуын талап етеді", – деді Төрехан Бекжанов.
- “Қуып келе жатқан көлік төңкеріліп кетті”: Қазақстандық патрульдік полиция қызметкері жұмысының қызығы мен қиындығы жайлы айтты
- 50 метрдей жерге ұшырып жіберген: Алматыда 17 жастағы қызды көлік қағып өлтірді
Естеріңізге салайық, 1 желтоқсан күні кешкі уақытта Орал-Тасқала тасжолында екі көліктің соқтығысуымен көлік апаты орын алған. Hyundai Accent көлігін БҚО Теректі ауданына қарасты ауылдық полиция бөлімі бастығының орынбасары тізгіндеген. Ол мас болған. Полицей дереу қамауға алынды.
Оқиға салдарынан Lada Largus автокөлігінің салонында болған 51 жастағы әйел қайтыс болып, жеті айлық қыз өте ауыр жарақат алған. Дәрігерлер нәрестенің аяғының тізеден жоғары бөлігін кесіп тастауға мәжбүр болған. Полицейлер оқиғаны жан-жақты тексеріп, кінәлілерді заң шеңберінде жазалауға уәде берді.