Наполеонның түйреуіші аукционда 4,4 миллион долларға сатылды
Фото: apnews.com
Наполеон Бонапартқа тиесілі болуы мүмкін бриллианты бар түйреуіш Женевадағы Sotheby’s аукционында жеке коллекционерге 4,4 миллион долларға сатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Associated Press-ке сілтеме жасап хабарлайды.
13 караттан астам сопақша бриллианты бар және ұсақ тастармен безендірілген бұл әшекейдің бастапқы құны бар болғаны 251,4 мың доллар деп бағаланғанымен, ол сарапшылар күткен бағадан он есе қымбатқа сатылды.
Зергерлік бұйым шамамен 1810 жылы Парижде жасалған. Кейін ол Пруссия королі ІІІ Фридрих Вильгельмге өткен және бірнеше ғасыр бойы Гогенцоллерндер әулетінде сақталып келген. Кейінгі жылдары түйреуіш жеке коллекцияда болған.
Sotheby’s мәліметінше, әшекейді Наполеон әскері шегінген кезде тастап кеткен жеке заттарының арасынан табылған. Жаңа иесінің аты-жөні құпия сақталып отыр.
Фото: apnews.com
Аукциондағы ерекше көзге түскен тағы бір бұйым – 32 караттан астам жасыл берилл, ол Наполеонның 1804 жылғы таққа отыру салтанатында таққан тасы делінеді. Бұл асыл тас 1,1 миллион долларға сатылып, бастапқы бағасынан 17 есе қымбат өтті.
Сарапшылардың айтуынша, Наполеон дәуіріне тиесілі жәдігерлерге деген қызығушылық жақында болған Лувр музейіндегі ұрлықтан кейін айтарлықтай артты.
Айта кетейік, 19 қазанда белгісіз адамдар Луврдың Аполлон галереясын тонап, Францияның патшалық зергерлік бұйымдарын ұрлап кеткен еді. Қылмыскерлер жүк көлігіне орнатылған баспалдақ арқылы терезеден кіріп, екі сауытталған витринаны бұзып, тоғыз экспонатты қолды еткен. Олардың арасында Мария-Амелия мен Гортензия ханшайымдарға тиесілі бриллиант пен сапфирдан жасалған әшекейлер бар. Залал шамамен 102 миллион доллар деп бағаланып отыр.
Кейінірек Лувр ұрлығына күдікті екі адамның ұсталғаны хабарланды. Француз билігінің мәліметінше, ер адамдар патшалық зергерлік бұйымдарды ұрлауға қатысқанын мойындаған.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді