Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық госпитальде көршісі намаз оқығанда жарық жақпауын сұраған науқасты ұрып жіберген

Ұлттық госпитальде науқасты ұрды

Фото: Ru.freepik.com

Алматыдағы Совминка деген атпен белгілі президент әкімшілігі медициналық орталығының ұлттық госпиталінде науқас намаз кезінде негізгі жарықты жақпауын сұрап, көршісінен зардап шекті. Жәбірленушінің қызы анасына қол көтерген науқастың жазаланғанын талап етіп отыр.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде Оксана Сорокина есімді желі қолданушысы анасының Совминкада, кардиологияның ақылы бөлімінде ем алып жатқанын жазды

“Жұма күні науқас анамды шынтағымен қатты ұрғаны соншалық, анам қабырғаға соғылған. Ол басқа науқасқа “намаз оқығанда негізгі жарықты жақпашы” деп өтініш жасаған”, – деп жазды желі қолданушысы. Бірақ кейін белгісіз себептермен бұл жазбаны өшіріп тастады. 

Айтуынша, ол анасын ұрған науқастың үстінен Ұлттық қауіпсіздік комитетімен Ішкі істер департаментіне арыз түсірген.

“Ол анамды ұрмаса, оның балағат сөздеріне назар аудармас едім. Бірақ сәуір айында ғана кеудесіне ота жасаған адамды кеудесінен ұру деген...Оның демалуы тағы да қиындап кетті. Ал дәрігерлерге бір ғана айтарым бар. Олар анама қысым көрсеткені соншалық, оның қан қысымы көтеріліп кеткен. Тіпті, бейнекамерадағы жазбаны көрсетпеді. Полиция менімен байланысқа шықты”, – деп жазды ол тағы бір жазбасында.

 Алматы қалалық полиция департаменті Ұлттық госпитальдегі науқастар арасындағы жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. 

“Аталған дерек бойынша Алмалы аудандық полиция Басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Істің мән-жайы зерттелгеннен кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданып, шаралар қолданылады”, – делінген хабарламада.

Болған жағдайға байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне және Президент әкімшілігі медициналық орталығының ұлттық госпиталіне ресми сауал жолдадық. 

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 14 Тамыз, 2025 14:45
Талқылау