Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нақты келісімшарт жобасы емес, сұрақтар жиынтығы": Путин АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтату жоспары туралы айтты

Фото: msn.com

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ жоспары деп аталған келіссөз барысына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, әзірге талқылауға әскери қақтығысты тоқтату туралы нақты келісімшарт жобасы емес, тек “сұрақтар жиынтығы” ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қырғызстанға сапарынан кейін Владимир Путин баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ол Американың Украинадағы соғысты тоқтату жоспары деп аталған құжат бойынша келіссөздердің барысы туралы сұрақтарға жауап берді. Бастапқы нұсқа 28 тармақтан тұрады. Онда Киевтің белгілі бір аумақтардан, Украинаның НАТО-ға кіруден бас тартуы сұралған. 

Путиннің айтуынша, “келісім жобасы” емес, тек “талқылауға және кейін нақтылауға ұсынылған сұрақтар жиынтығы” болды.

“Ресей мен АҚШ бұл мәселелерді Анкоридж саммитіне дейін талқылады. Осыдан кейін 28 тармақтан тұратын ықтимал келісімдер тізімі пайда болды. Бұл құжат Мәскеуге “белгілі бір арналар арқылы” жеткізілді”, – деді ол. 

Путиннің айтуынша, осыдан кейін АҚШ пен Украина Женевада келіссөздер жүргізді. 

“Менің түсінуімше, олар өзара осы 28 тармақты төрт бөлек құрамдасқа бөлу керек деп шешкен. Мұның бәрі бізге берілді”, – деді Ресей президенті. 


"Ең нәтижелі кездесу": АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рубио Женевадағы Украинамен келіссөзге баға берді


Украина Трамптың бейбітшілік жоспарына келісім берді


Ол бұл ақпаратты Мәскеуге кімнің, қандай арналар арқылы жеткізгенін нақтыламады. Сонымен қатар, Батыс мадиасы Женева келіссөздерінен кейін жоспардың мазмұны түзетілгенін хабарлады. Құжат ресми түрде жарияланбады. Алайда көптеген басылым оның жаңартылған нұсқасында Киевтің мүдделері көбірек ескерілгенін, ал ең күрделі мәселелер АҚШ пен Украина президенттерінің қарауына қалдырылғанын жазды.

Путин АҚШ тарапынан берілген құжаттағы кейбір ұсыныстар “болашақ келісімдерге негіз болуы мүмкін” екенін жоққа шығармады. 

“Бірақ түпкілікті нұсқалар жоқ болғандықтан, қазір ол туралы айту менің тарапымнан әдепсіздік болар еді”, – деді ол.

Ресей президенті кейбір тұстарды дипломатиялық тілге бейімдеу қажет екенін айтты. Өйткені құжатта "Ресей Еуропаға шабуыл жасамайды" деген секілді, күлкілі көрінетін жайттар бар екен. 

“Бұл бізге күлкілі көрінді. Біз ешқашан олай жоспарлаған емеспіз. Бірақ егер олар бізден мұны естігісі келсе бекітеміз, қарсы емеспіз”, – деді ол.

Путин Америка тарапынан Анкориджге дейін және Аляскадан кейін талқыланған Ресей ұстанымының кейбірі ескерілгенін мойындады. Бұған дейін бірқатар БАҚ жариялаған жоспардың бастапқы нұсқасы Украина үшін қабылдауға болмайтын тармақтарды қамтыған және жалпы алғанда Ресей талаптарына жақынырақ болған.

Еске салсақ, осыған дейін Женева қаласында Украинадағы бейбітшілік жоспарына қатысты жоғары деңгейдегі келіссөздер өткен еді. АҚШ мемлекеттік департаментіндегі жоғары лауазымды өкілі Рубио келіссөздердің техникалық деңгейде жалғасатынын айтып, "мақсатымызға ақылға қонымды әрі жақын уақытта жетеміз" деп оптимистік пікір білдірген.

Бұған дейін Зеленский бейбітшілік жоспарына қатысты пікір білдірген еді.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 28 Қараша, 2025 12:37