"Нағыз триумф": Тоқаев Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады

Ақорда резиденциясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХХV Қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде Қазақстан үшін бұл Олимпиаданың орны ерекше екенін айтты.
“Отандасымыз Михаил Шайдоров тамаша өнер көрсетті. Мәнерлеп сырғанаудан алтын медальға ие болып, көк Туымызды Олимп шыңына көтерді. Сондықтан Михаилға алғысымды білдіріп, құтты болсын дегім келеді. Ақордада жиналып отырған адамдарға, ең алдымен, Михаилдың әкесі мен жеңімпаздың бапкеріне ризашылығымды айтамын. Баршаңызды тағы да шын жүректен құттықтаймын! Сіздер қажырлы және табанды еңбектің арқасында Михаилды мықты спортшы, нағыз дарын иесі ретінде бүкіл әлемге паш еттіңіздер. Халқымыз Михаилды мақтан тұтады, ал жас буын одан үлгі алады. Олимпиада жеңімпазы болу – биік мақсат жолында кез келген қиындықты жеңу, яғни, ұзақ әрі күрделі жолға дайын болу деген сөз. Темірдей тәртіппен күн сайын тынымсыз жұмыс істеген адам ғана зор табысқа жетері анық”, – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровтың жеңісі еліміз үшін теңдесі жоқ жетістік саналатын атап өтті.
“Біріншіден, бұл – көптен күткен, яғни, 32 жылдан кейін қол жеткізген тарихи жүлде. Екіншіден, бұл – мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны. Үшіншіден, күллі әлем елімізде әйгілі спортшы Денис Теннің жолын жалғастыратын дарынды жастардың бар екеніне куә болды. Михаил Шайдоровтың Олимпиадада көрсеткен керемет өнері, сөзсіз, тарихи жетістік, нағыз триумф. Кортина д’Ампеццо мұз айдынында отандасымыздың жұлдызы жарқырады. Бұл – Олимпиада чемпионының өзін-өзі шыңдап, өз күшіне сенгенінің, мәнерлеп сырғанау сияқты аса қиын спорт түріне деген ерекше махаббатының жемісі, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктері үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі “Барыс” орденімен, бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі “Достық” орденімен марапаттады.
Фото: Ақорда
Сондай-ақ президент Олимпиада чемпионының әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегіне айрықша тоқталды.
“Станислав Александрович – мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Әкесі, тұңғыш бапкері ретінде Михаилдың мұз айдынындағы алғашқы қадамын жасауға көмектесіп, өмірдің ең қиын сәттерінде әрдайым ұлының жанында болған адам. Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан Республикасының көк Туын әлемнің басты спорт аренасында биік желбіреткен осындай ұлды, отаншыл азаматты тәрбиелегеніңіз үшін Сізге шын жүректен алғыс айтамын. Баспасөз бетіндегі сұхбатыңызды оқып шықтым. Михаилдан мейіріміңізді аямай, талантты перзентіңіздің спорттағы ерекше миссиясына титтей де күмән келтірмей, әкелік парызыңызды адал әрі лайықты атқардыңыз. Биік шыңға апарар бұралаң жолдан бірге өттіңіздер. Енді сол табан ақы, маңдай тердің жемісін көріп, құрмет пен қошеметке бөленіп жатсыздар”, – деп бапкердің еңбегіне ерекше назар аударды.Президент “Құрмет” ордені Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа, Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табыстады.


Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың Михаил мен оның жаттықтырушыларын мақтан тұтатынын жеткізіп, патриоттығы үшін ризашылық білдіріп, халықтың жаудырған ақ тілегіне өзі де қосылатынын айтты.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты