Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жерлеу рәсіміне қатыса алмадық": "Дос-Мұқасан" бақилық болған Хамит Санбаевты ақтық сапарына шығарып сала алмады

Аты аңызға айналған "Дос-Мұқасан" ансамбілінің негізін қалаушылардың бірі Хамит Санбаев күні кеше 78 жасына қараған шағында қайтыс болды. Stan.kz тілшісі топ мүшелеріне хабарласып, ол аты аңызға айналған топта бірге өнер көрсеткен әртіс туралы естеліктерін тыңдады.  

Топтың белді мүшесі Мұрат Құсайынов Хамит Санбаевтың ұйымдастару қабілеті өте жоғары болғанын айтады. 

"Кеше ғана 23 сәуірде "Дос-Мұқасан" ансамбілінің негізін қалаушлардың бірі, бауырымыз, әріптесіміз, ардақты ағамыз Хамит Санбаевтың қазасы жайлы естідік. Ол кісі 1965 жылы Политехникалық институтқа келіп түскенде жоғары курста оқитын. Бізден 5-6 жас үлкендігі бар еді. Ансамбльдің құрылуына ықпалы зор болды. Өйткені ұйымдастыру жағынан мықты болды. Гитара тартып, ән айтатын қабіледі бар еді", - дейді Мұрат Құсайнов.

Оның айтуынша, сол уақыттарда жастардың ән айтатытын қабілеттерін байқап, топ болып құрылуға мұрындық болған Хамит Санбаев. Сондай-ақ топтың "Дос-Мұқасан" атануына да себепкер болған бірден бір адам Санбаев екенін тілге тиек етті.

"1967 жылы біз Павлодар облыстық Баян ауылына халықаралық отрядқа бірге бардық. Сол жаққа апарған да Хамит ағамыз. Баян ауылдағы мәдениет үйінде өзіміздің тұғыш концертімізді бердік. Сол кезеңде ансамбльді құрған төрт жігіттің бірі Хамит ағамыз", - деген Мұрат Құсайынов Алматыға қайтып келген соң да оның көп көмегі тигенін айтты.

"Біз - 18-19-дағы жас жігіттерміз. Ол әрқашан ақылын айтып, дұрыс бағыт берумен болды. Өзі сол кезде Политехтағы комсомол ұйымының басшысы, белсенді студент болатын. Алғаш ансамбль болып құрыла бастаған кезеңдерде костюм мен музыкалық аспаптар тапшы еді. Ал Хамит Санбаев институттың бізге демеу көрсетіп, сатып алып беруіне ықпал жасады. Осы еңбегі "Дос-Мұқасан" үшін аса зор еңбек етті деп айтар едім", - дейді Құсайынов. 

Хамит Құсайынов топ құрамында алғаш құрылған уақыттан соң, 3 жылдай ғана өнер көрсеткен. Ол кісінің топ үшін жасаған еңбегі, өмірі жөнінде халық көп білмейді. Мұрат Құсайынов топтан кеткеннен кейін де араласып тұрғандарын жеткізді. 

"Институтты бітіріп, Мәскеуге оқуға кетті. Докторлық диссертация қорғап, ғалымдық жолға түсті десек болды. Ал біз өз жолымызбен кеттік. Бірақ ол кісімен ақылшы ағамыз болған соң ылғи да Мәскеуде болсын, Алматы да болсын, хабарласып, хат-хабар алысып тұратынбыз. Бірақ кейінгі жылдары қатты ауырды. 5-6 жылдан бері денсаулығына көп ауыртпалық түсті. Денсаулығының нашарлауына байланысты телефонмен немесе үйіне барып жағдайын сұрап кететінбіз", - деп өмірінің соңғы кезеңінде аурумен арпалысқанын айтты Мұрат Құсайынов.

Әртіс марқұм болған әріптестерінің жағдайын біліп, анда-санда кіріп, амандасып тұрғанын айтады. 

"Жалып осы уақытқа дейін "Дос-Мұқасанның" барлық мүшелері бір-бірімен араласып тұрады, үнемі байланыстамыз. Біз туысқан болып кеткен адамдармыз. Біз үшін өте қайғылы хабар. Бүгін жерлеу рәсімі болды, бірақ елімізде жарияланған карантинге байланысты жерлеу рәсіміне қатыса алмадық", - дейді топ мүшесі.

Дегенмен, карантин аяқталған соң соң еске алу дастарханын жайып, құран бағыштап, міндетті түрде ас беретіндерін жеткізді.  

"Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Мына індеттен аман-есен өтейік. Рамазан айының басталған күні жер қойнына тапсырдық. Жаны жәннәтта болады деп ойлаймын. Ол кісі өте таза, өзі тәкаппар, айтқан сөзінен қайтпайтын бірбеткей, қазақтың баяғы батырлары сияқты кісі еді. Талай тәлім-тәрбие алдық, ешқашан ұмытпаймыз", - деген Мұрат Құсайынов әріптесінің отбасына қайғыра көңіл айтады. 

Аты аңызға айналған "Дос-Мұқасан" тобына кейін мүше болып қосылған әнші Ақжол Мейірбеков Хамит Санбаевтың атымен таныс болғанмен жақын араласпағандарын айтады. 

"Мен келгенде ол кісі "Дос-Мұқасанда" жоқ еді. Шынын айтқанда Хамит ағамен көп араласқан жоқпыз. Қаза қайырлы болсын деп отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамын", - деді Ақжол Мейірбеков. 

Естеріңізге сала кетсек, кеше аты аңызға айналған топтын негізін қалаушылардың бірі Хамит Санбаев ұзақ дерттен кейін көз жұмғаны белгілі болды. Марқұмның ұлы Жанат әкесі 78 жасына қараған шағында бақилық болғанын айтты. 

Талқылау