"Адамдарды қорлауға берілген құқық": Депутат Қазақстандағы кәнсілдеу мәдениетіне қарсы шықты

Депутат Мұрат Әбенов конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Қазақстанға жат құндылықтар туралы сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат соңғы кезде кең таныла бастаған “кәнсілдеу мәдениетінің” (cancel culture) елімізге жат құбылыс екенін айтып, мұндай үрдіске қарсы тұруды ұсынды.
"Бүгінде қоғамда “кәнсілдеу мәдениеті” деген құбылыс барған сайын танымал болып барады. Біз әртүрлі елдерде қоғамдық пікірталастардың жиі “мыстандарды аулауға” айналып бара жатқанын көріп отырмыз. Адамды дәлелмен емес, таңба басу арқылы жоққа шығарады. Бұл – даму емес, бұл – тығырық. Мұндай ойындар қоғамның радикалдануына, әлеуметтік шаршауға және жікке бөлінуге алып келеді", – деді Мұрат Әбенов.
Бізге "кәнсілдеу мәдениеті" қажет емес – Министр Аида Балаева
Депутаттың айтуынша, мұндай жағдайда Қазақстанда пікір білдіру еркіндігінің “қорлау мен қудалау құқығына” айналып кетпеуіне мән беру қажет.
"Конституция жобасында осыған сай нақты құндылық шеңбері айқындалған: “адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті қол сұғылмайды және заңмен қорғалады”. Бұл – сын айтуға тыйым салатын немесе бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы норма емес. Бұл – нақты адамды, Қазақстан Республикасының азаматын қорғауға бағытталған қағидалар. Шешімдерді сынауға болады, ұстанымдармен пікірталас жүргізуге болады, бірақ адамды “кәнсілдеуге”, оның қадір-қасиетін таптауға болмайды. Біз өзге елдердің мәдени соғыстарын импорттамауымыз керек", – деп мәлімдеді депутат.
Еске салсақ, Stan.kz ақпарат агенттігі Instagram желісінде жүргізген сауалнама нәтижесінде қазақстандықтар “кәнсіл” сөзін 2025 жылдың “Жыл сөзі” деп таңдаған еді.