“Мұның қанша қаражат екенін ойлап көріңізші”: Аружан Саин оқушылардың "жалған үйірмелерге" барып жүргенін айтты

Қазақстан Республикасының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин Ұлттық білім беру деректер қорындағы деректерге, әсіресе, қосымша білімге қатысты бөлігіне терсеріс жүргізілгенін қалайтынын ашық айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қоғам белсендісі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, алдымен жақында елімізде ер адамдардың жатыр мойны обырына скринингтен және маммографиядан өткені туралы ақпарат тарағанын еске салды. Оның сөзінше, сол ақпараттан кейін ата-аналар eGov қосымшасындағы Bilim бөліміне кіргенде, баланың фортепиано ойнау үйірмесіне қатысып жүргені көрсетілгенін, ал шын мәнінде қатыспайтынын жазып бастаған.
“Ата-аналар балаларының Bilim бөлімінде шын мәнінде қатыспайтын сабақтары көрсетілгенін жазып жатыр. Біз бұл мәселе туралы бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Медицина жүйесінде жалған қызметтер есепке алынатын болса, білім беру Ұлттық білім беру деректер қорында балаларға жалған үйірмелер қосылады. Медицина ақпараттық жүйесіне азаматтар кіріп, алған қызметтерін көре алса, ҰБДҚ ешкім өз баласы туралы ақпаратты тексере алмайды. ҰБДҚ деректері eGov арқылы байланыстырылғанда мәселе анықталды және жағдай медициналық қызметтердегі сияқты кең таралған болуы мүмкін”, – деп жазды ол.
Аружан Саинның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі бірнеше жылдан бері қосымша білімге қамтылу деңгейі 81,1% (3 миллион оқушы) екенін, оның ішінде 1625 мектепке дейінгі ұйымдарда – 29,3% (1,1 миллионнан астам бала), 7500 жалпы білім беру мектептерінде – 36,3% (1,3 миллионнан астам бала) екенін хабарлап келеді. Алайда ата-аналардың әлеуметтік желілерде жазғандарына қарағанда, балалар eGov-та көрсетілген үйірмелерге қатыспайды.
“Мұның қанша қаражат екенін ойлап көріңізші” деп сұрақ қойды қоғам белсендісі. Ол қазақстандықтарға балаларының атынан eGov-ке кіріп, қандай үйірмелерге тіркелгенін тексеруге кеңес берді.
“Бұл деректер білім министрлігі мемлекеттік тапсырыс бойынша балалар спортын және шығармашылығын реформалауды бастаған кезде жариялана бастады. Сол кезде біз талдау жүргіздік және барлық ақпаратты Үкіметке, Әкімшілік аппаратқа және Мемлекет басшысына жеткіздім. Мен осы қосымша білімнің, оның қаржыландырылуының аудитін жүргізуді сұрадым. Бұл ақпарат менің сайтымда ашық түрде жарияланған, қызыққандар қарап, депутаттарға жіберсе болады”, – деп жазды ол.
Ол сондай-ақ ArtSport платформасы жасалғанда, барлық баланың үйірмелері мен секциялары туралы ақпарат орталықтандырылып, жұмыс ашық жүруі үшін оны ҰБДҚ-мен біріктіруді талап еткенін жазды. Алайда бұл бастама қарсылыққа ұшыраған, өйткені “Барлық дерек ашық болса, жалған есептер көрініп қалар еді” дейді қоғам белсендісі.
“Бұл оқиғада зардап шегушілер – балалар. Оларға спорт пен шығармашылық ауадай қажет. Елге де қажет, өйткені дәл осындай қосымша білім мен спорт арқылы Димаш Құдайберген, Михаил Шайдоров сияқты дарындылар шығады. Мен бұл ақпаратты қаншама рет билікке жеткіздім. Жемқорлық толық жойылмаса да, балалардың қаржысы түртілмесе екен. Сонда ғана елдің гүлдену мүмкіндігі болады”, – деп қорытындылады ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы министрлігі ер адамдарға жасалған жатыр мойны обыры скринингіне жұмсалған қаражат қайтарылуына қатысты пікір білдіргені хабарланған еді.
"7 миллиард теңгеге жуық": Алматы әкімін қамтамасыз етуге премьер-министрден көп қаржы жұмсалады