"Мұнда келгендер екі-үш жылдан кейін аяққа тұрып кетеді": АҚШ-қа грин карта арқылы көшкен қазақ жігіті екі ел ұқсастығын атады
Жасұлан Серік – Американың Калифорния штатына жуырда отбасымен бірге көшіп кеткен қазақ азаматы. Жұбайы грин карта ұтып алған соң отбасы елге түпкілікті қоныс аударуға бел байлапты. Кейіпкеріміз бұған дейін Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің бастығы болған. АҚШ-та өмір сүріп жатқан қазақстандық азамат екі елдің артық-кемшіл тұсын саралап, теңіз асып кеткен соң өмірі қалай өзгергенін айтып, Stan.kz сайтының тілшісіне сұхбат берді.
Жасұлан Серік отбасымен, жеке архивтен
Төрт перзенттің әкесінің айтуынша, АҚШ-қа көшемін деген нақты мақсаты болмаған.
“Ең бірінші рет 2016 жылы тәжірибе алмасу үшін жұмыс бабымен бардым. 2021 жылы әйелім екеуміз тур визамен қыдырып қайттық. "Грин карта" лотереясы туралы естігенбіз. АҚШ мемдепартаменті жыл сайын 50 мың адамға әр елден ұтыс ойынын ойнатады. Заңды және тегін түрде келіп жұмыс істеуге, осында өмір сүруге мүмкіндік береді.
Осы бағдарламаға жұбайым қатысып, оның атына ұтыс шықты. Барлық құжаттарымызды өткізгеннен кейін, олар бізді қабылдады. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға бел байладық. Әке-шешеміз де ақ батасын берген. Өзім мұндай ұтыс ойындарына сенбейтін едім. Тур визамен жұмыс істеуге болмайды. Ал жасыл картамен жұмыс істеуге, емін-еркін жүріп тұруға мүмкіндік бар", - дейді отандасымыз.
Өзімізге алты адамға есептесем айына 1000 доллар ғана кетед
Жасұлан мырзаның айтуынша, өзі ағылшын тілін жақсы біледі. Әйелі мен балалары үйреніп жүр. Үлкен ұлы 10-сынып, одан кейінгілері алты және төртінші сыныптар да оқиды екен.
"Америкалықтардың біздің халыққа ұқсамайтын ерекшеліктері көп. Олар көбінесе қуанып жүреді. Адамдары бір-біріне мейірімді. Танымайтын адамға да амандасып кетеді. Дүкен, қонақүй т.б. кез келген жерде ізеттілік танытады.
Танымайтын адамнан жағдай мен көңіл-күйін сұрау оларға қалыпты жағдай. Бізде бәрі керісінше. Езуімізді тартпай, қабағымызды қатып жүреміз ғой. Күнделікті жұмыс барысындағы қиындықтардан ба, біз олай жасай алмаймыз. Бұл жақта екінің бірі осындай”, – дейді ол.
Жасұлан Серік отбасымен, жеке архивтен
Сөзінше, елде қарапайым халыққа да жұмыс көп.
“Бұл жақта адамдарды кемсітпейді. Бай отбасының баласы даяршы болуы мүмкін. Төменгі тап ретінде ешкімге қарамайды. McDonald’s секілді кафелерде қызметкер болып, 2022 жылғы су жаңа көлікпен де жүре береді. Бізде салоннан көлік мінсе, ең дәулетті адам ретінде қараймыз. Оны бизнесмен деп қаламыз. Бұл жақта қарапайым жағдай. Екінің бірінде Tesla электр көлігі бар.
Америкада кезекке тұру мәдениеті де жоғары. Кезекке тұрғанда рахаттанасыз. Өзіңізді адам ретінде сезінесіз. Кезек жүз метрге дейін алыс болса да тез өтеді. Кәрісі де жасы да кезегін сақтайды. Полиция қызметкері, біреуі балдақпен де тұруы мүмкін. Ешкім өз орнын бұзбайды. Арасында екі метр бос орын қалса да біреу пайдаланып кетпейді. Кезек күту мәдениеті бұлар да жоғары. Әуежай немесе аурухана, дүкен сияқты барлық жерде де бірдей. Әлеуметтік түрде қорғалған сияқтысыз. Біреу кезегімді алып қояды деген мүлдем қорқыныш жоқ", – дейді сұхбат беруші.
Кейіпкеріміз балаларға деген қамқорлық ерекше екенін баса айтады.
“Балалар бар жерде темегі шегуге болмайды. Тура осылай көлік ішінде бала болса, темекі шегуге тыйым салынған. Тіпті тәртіп бұзса, қамап тастауға дейін апаратын көрінеді.
Мектептері өте жақсы. Балаларымыз сабаққа қуанып барады. Бірінші сыныптан бастап 12-сыныпқа дейін тамақтар тегін беріледі. Пандемия кезінде ата-анасы жұмыссыз қалған балаларға берген. Қазір 100% барлығына беріледі. Оқу ордасында арнайы форма жоқ. Балалар еркін киім үлгісінде сабаққа барады. Әркім өзіне ыңғайлысын киеді. Мұғалімдердің балаларға деген қамқорлығы да жоғары", – дейді төрт ұлдың әкесі Жасұлан мырза.
Кемшін тұстары ретінде, отандасымыз Америкада қолдау жоқтығын айтады. Арнайы шетелдіктерге арналған бағдарламалар жоқ. Үй мен жұмыс табу әркімнің өз мәселесі екен.
Жасұлан Серік отбасымен, жеке архивтен
"Америкада бұған дейін екі рет болдым. Турист болып келу басқа. Миграция өте күрделі процесс. Ешбір туысқаннын жоқтығына дайын болу керек. Бізге үй табу қиын болды. Балаларымыз болғаннан кейін жақсы үй іздедік. Көліксіз мұнда жүру қиын. Қоғамдық көлік барлық жерде қалыптаспаған. Біз сияқты шеттен келгендерге тамақтары ұнамай жатады. Бізде ондай проблема болған жоқ. АҚШ мал бордақылаудан алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Бірақ жылқының еті сатылмайды. Кейбір заттарды қылмыс ретінде көреді. Жылқыға адамның досы сияқты қарайды. Ит пен мысық қатарына жылқыны да жатқызады.
Шеттен келгендерге ағылшын тілін оқуға мүмкіндік береді. Әйелім курсқа жазылып қойды. Бірақ үш жасар баламыз болған соң, үйден шыға алмай жатыр. Ағылшын тілін кішкентай баладан кәріге дейін тегін оқытады. Жарты жыл ағылшын тілін оқыса, ары қара арнайы мамандықтарға үйретеді екен. Тұрақты жұмыс болмаса, қажетті мамандықтарды оқуға болады. Америкада оқу қымбат. Ақылы түрде айына 500 доллардан төлеу керек", - дейді ол.
Жасұлан мырза Американы теңгеге шаққанда өте қымбат екендігін айтады. Бір гамбургерді орташа есеппен 10 долларға есептесе, теңгемен 4800 теңге. Теңгеге шаққанда екі-үш есе баға шығатындығын есептеп көрді.
"Жергілікті айлыққа шақсақ өте арзан. Қарапайым даяршылар айына үш-төрт мың доллар табады. Оның тамағына 20% ғана кетеді. Қымбат тамақтарды тұтынатын болса да осы. Тамақ жергілікті ақшамен өте арзан. Біз келмей тұрып, бір жыл бұрын одан да арзан болды. Пандемия, Украинадағы соғыс т.б. әлемдік экономикаға әсерін тигізді.
Сол жағынан азық-түлік те аздап көтеріңкі. Кез келген дүниесін өз долларына шаққанда арзан. ТМД елдерінің проблемасы азаматтар табыстарының 50% азық-түлігіне жұмсайды. Бұл жақта орташа статистикамен 10% көрсеткіштен аспайды. Өзімізге алты адамға есептесем айына 1000 доллар ғана кетеді", - дейді АҚШ-та тұратын жерлесіміз.
Дегенмен Американы армандар орындалатын ел дейді. Барлық саласынан да алдыңғы орындардан үздіктерді иеленген. Бірақ кейбір салаларда Қазақстанның алға кетіп бара жатқандығын айтып қалды.
"Қазақстанда "Электронды үкімет" порталы жұмыс істейді. Көп жағдайда телефонмен мемлекеттік қызметтерді пайдаланамыз. Бұл жақта кейбір салалар ондай емес. Көлік нөмерін онлайн түрде рәсімдей аламыз. Мұнда арнайы тапсырыспен пошта арқылы алғызамыз. Арасында осындай ескі бюрократиялық тұстары бар. Біздегі он жыл бұрынғы жағдай мұнда әлі де бар. Бірақ кейбір штаттар да жағдайды басқаша деп естігенмін.
Ең бастысы әділдік үстем құрған. Бастысы саған адам ретінде қарайды. Ұлты, нәсілі, дініне бөліп жармайды. Барлық жерде адамдар тең құқылы. Біздің бір қазақ жігітті жолда полиция ұстаған. Ол сотқа беріп "жол ережелерін полиция қызметкері дұрыс білмейді, оны қайта оқытыңыздар" деген. Сот оның шешімін құптапты. Билік өкілі "полиция біздің азамат" деп бөліп қарамаған. Бастысы кімдікі дұрыс, соған баса мән береді. Әлеуметтік және заң жағынан да бәріміз қорғалғанбыз", - дейді ер азамат.
Америкадағы отандасымыз қазақтардың мұнда жиі араласатындығын айтады. Бірақ Калифорнияда қазақтар көп емес екен. Сөзіне қарағанда бір жиналғанда 50 шақты қазақ басын қосады дейді.
"Америкаға келгендер екі-үш жылдан кейін аяққа тұрып кетеді. Басында бәрі қиын. Жақын араласатын достарым көп. Жүк көлігін сатып алғанбыз. Ебін тапқандар екі-үшеуін қоса алған. Тәжірибем болмаған соң, тек қана жалға беремін. Әрбір жүк көлігіне ай сайын 350 доллардан төлейміз. Күн жылығыннан кейін жұмысымыз қызады. Жалға бергеннен көп табыс түспейді.
Үй жалдауға 3300 долларды ай сайын төлейміз. Одан бөлек коммуналдық қызмет те бар. Теңгемен үйге бір миллион бес жүз елу мың болады екен. Сондықтан теңгемен есептемеуге тырысамыз. Әйтпесе көңіліміз түсіп кетеді. Америкада қай жерде мектеп жақсы болса, сол маңдағы үйлер қымбат. Өйткені балаларды тұрғылықты мекенжайсыз қабылдамайды. Кейбір аудандардан бір-екі бөлмені 2000 долларға да табуға болады. Біз балалардың қауіпсіздігі үшінде жақсы ауданнан алдық. Келесі жылы жақсы үйрене бастағанда, бюджеті аздауынан қараймыз", - дейді ол.
Отандасымыз Американы мүмкіндіктер мекені дейді. Сөзінше төменгі айлық сағатына 16-30 доллар шамасында екен.
"Бұл жақта адамдар уайымға салынбайды. Бастапқы кезде қорқыныш болды. Бірақ мұнда аяққа тұрып, адам болып кетуге көбірек жағдай жасалған. Бізде 20 жыл жүріп үйді әрең алсақ, бұл жақта төрт-бес жыл ішінде баспаналы болуыңыз мүмкін. Шымкенттік жігітіпен танысқанмын. Өзі Чикагода тұрады. Екі жарым жылдан кейін 450 мың долларға үй алған. Бұл тынбай еңбек етуінің арқасында.
Бұл жақта туыстарды сағынасыз. Бізде уайымсыз өмір екен. Қасымызда жиі көретін жақын адамдар жоқ. Қазақстандағы диплом мен абырой, қоғамдағы орнымыз маңызсыз. Бәрін басынан бастауымыз керек. Өз ойым он жылдан кейін елге ораламын. Балаларымды осында жоғарғы оқу орнына түсірсем, басты арманым осы. Америкаға кеткендер қайтпайды дейді. Бірақ туған бауырларым мен әке-шешемнің қасына барғым келеді", – дейді АҚШ-тағы жерлесіміз.
Қадірәлі САРЫПБЕК

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
