Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұғалімдерді демалыста оқушыларға рейд жүргізуге шақырған Қостанай әкімі сынға қалды

Фото: gov.kz

Қостанайда мамырдың соңғы күні бір жасөспірім Тобыл өзеніне батып, көз жұмды. Осы жағдайдан кейін қала басшысы Марат Жүндібаев резонансты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әкімнің сөзінше, каникулдағы балаларды енді құтқарушылар мен полицейлер ғана емес, мұғалімдер мен ата-аналар да қадағалау керек.

"31 мамыр күні қайғылы жағдай болды – бала суға батып кетті. Отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Бірақ тағы да айтарым, жиналыс өткіздік қой, төтеншеліктерді шақырдық. Нақты тапсырмалар бердім – білім бөлімімен бірге рейд шараларын жүргізуді тапсырдым. Кейбіреулер неге мұғалімдерді тартасыңдар деп ашуланады. Онда рейд шараларын кім жүргізеді? Бізде полицейлер де, құтқарушылар да жеткіліксіз. Бұл – бәріміздің ортақ жұмысымыз. Мектептерде ата-аналар мен мұғалімдерден ерікті негізде рейд шараларын ұйымдастыру керек", – дейді Жүндібаев.

Ол жазда мұғалімдерді жұмысқа тартуда тұрған ештеңе жоқ деп есептейді. 

"Мұғалімдер 40 күн демалады, ұйымдастыруға болады, арасында демалыс бересіңдер. Арасында мектептің жөндеу жұмыстарымен айналысады. Осы жұмыс аясында олар еңбекақы алады. Мұны ұйымдастыруға болады деп ойлаймын. Меніңше, бұда тұрған ештеңе жоқ, артынан айтылатын сын орынсыз болады. Бір ғана баланың өмірі үшін барлығын аяғынан тік тұрғызуға болады деп ойлаймын", – дейді әкім. 

Қала басшысының бұл мәлімдемесін желі қолданушылары жақтыра қоймаған.

"Байқұс мұғалімдерге бір күн тыным бермейді", "Мұғалімдердің бұған не қатысы бар?", "Адам жетпесе, өзі шықсын", "Мұғалімдер адам емес пе, олар демалмауы керек пе?", "Ең алдымен балаға ата-анасы бас-көз болуы керек. Ата-аналарды жазалап, ата-ана құқығынан айыру керек. Айлық алып отыр ғой, рейдке өзі шығып, балаларға өзі бас-көз болсын", "Мұғалімдер енді балаларды 24 сағат қарауылдау керек пе, бәлкім, бала күтуші мен үй қызметшісі бола салар", "Мұғалімдерді тартуға болмайды, ол үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", "Жөндеу жұмыстарымен, рейдпен мұғалімдер айналыспауы керек, мұғалімдердің мәртебесі туралы заң бар", "Мұғалімдердің абыройын аяқ асты етіп жібердік қой", – деп әкімнің бұл шешіміне желі қолданушылары наразылығын білдірген.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 04 Маусым, 2025 12:47
Талқылау