Қазақстанда музыканттар мен шығармашылық адамдар үшін сыйақы төлеу тәртібі цифрландырылады
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев үкімет отырысында авторларға сыйақы төлеу тәртібін цифрландыру мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Рexels.com
Ерлан Сәрсембаев былтыр күзде, қазақстандық музыка Meta платформасынан жойылып кеткенде ұжымдық басқару саласының кемшіліктері айқын көрінгенін айтты. Көптеген танымал авторлар мен орындаушылар өз туындыларын осы платформада пайдаланғаны үшін сыйақы алмаған.
“Бұл саланы цифрландыру қажет. Авторлар мен өзге де құқық иелеріне шығарманы пайдалану кезеңдерін онлайн форматта қадағалау мүмкіндігі ұсынылмақ. Атап айтқанда, келісімшарт жасаудан бастап, жинау, бөлу және сыйақы төлеуге дейін. Жалпы, жасанды интеллект, аналитика және есеп беру (мемлекеттік реестрлерге енгізілген объектілер үшін) элементтері бар цифрлық платформаны енгізу мәселесін қарастыру жоспарланып отыр”, – дейді әділет министрі.
Сондай-ақ тіркелген зияткерлік меншік объектілерін іздеу жүйелерін жетілдіру жоспарда бар. Сонымен қатар авторлар мен авторлық құқық иелері үшін мобильді қосымша әзірленбек.
Бұған дейін ұлттық бірыңғай тесттің сұрақтары енді жасанды интеллекттің көмегімен әзірленетіні туралы жазған едік.