Мұрат Мұтырғанов тұрмысы төмен отбасылардың балалары тегін оқитын цирк студиясын ашты
Алматыда белгілі цирк әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Мұтырғановтың цирк студиясы ашылды. Бүгін студия директоры Мұрат Мұтырғанов жаңа білім ордасының алдына қойған мақсаттары жөнінде әңгімелеп берді.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
«Біз балаларды алты жасынан бастап қабылдай беретін цирк студиясын ашуды көптен бері армандап жүр едік. Енді міне, соған қол жеткіздік. Енді біздің студиямызда кез-келген бала, тіпті мүмкіндігі шектеулі балалар да оқып, білім ала алады. Жалпы, балалардың барлығы да дарынды болып туады. Тек ата-аналардың барлығы бірдей баласының қай сала бойынша дарынды екендігін дер кезінде байқай бермейді. Тағы бір айта кететін жәйт, біздің студияға ересектердің де келіп, цирк өнерін меңгерулеріне болады. Әрине, қаржыландырусыз студия ашу мүмкін емес. Ал ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры қашанда жастарға және мәдени жобаларға қолдау көрсетеді. Біз өткен жылы өтінім берген едік. Биыл мінеки Қордың грантына ие болдық. Бұл қаржыға әртүрлі қажетті реквизиттер сатып алдық. Әзірге өзімізге арнайы жеке зал табылғанша, осы Елбасы Қоры ғимаратының бір үлкен бөлмесінде жұмыс істейтін боламыз. Бізге ол тегін берілді», – деді М. Мұтырғанов.
Ол сонымен қатар, алғашқы кезеңде тегін түрде 10 адамнан тұратын екі топ құрылатындығын айтты. Олар таңертең және күндізгі уақытта оқитын болады. Ал болашақта студия түлектеріне ресми сертификаттар табыс етіледі.
Кездесу соңында цирк студиясының оқытушылары мен әртістері кішігірім қойылым көрсетті.
Айта кетелік, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жыл сайын жас өнер қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдарға гранттар бөледі.
Әлеуметтік тұрмыс төмен отбасыларының балалары Мұрат Мұтырғановтың цирк студиясында тегін оқитын болады.