Мұрат Әбенов: Қайрат Нұртастың фильмінде ащы шындық көрсетілген
Саясаткер Мұрат Әбенов Қайрат Нұртастың “Арман” фильміне қатысты пікірін білдірді. Ол қоғамдағы ащы шындықты қаз қалпында көрсеткен Қайрат Нұртастың еңбегін жоғары бағалап, фильмнің көрсетілуіне қарсы шыққан азаматтарға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz.
Кинокартина жайлы ойын Әбенов Instagram-дағы парақшасында жазды.
“Бұл – кейбір қырағы көрермендер үлкен экранда көрсетілуіне қарсы шығып жатқан алғашқы отандық фильм. Ал мен керісінше: “Міндетті түрде осы киноны көріңіздер”, – деп айтар едім. Мен бұл сөзді жиі айтпаймын, алайда бүгін достарым мен таныстарыма осылай дедім. Қайрат Нұртастың шығармашылығын жарнамалаймын деп ешқашан ойламаппын, себебі мен оның тыңдарманы емеспін.
Алғашқыда “Арман” фильміне деген көзқарасым теріс болды. Онсыз да аса танымал әншінің фанаттарға арналған туындысы деп ойладым. Клиптер жиынтығы дегендей…
Кейін фильм туралы көрермендердің жағымды пікірлерін оқыдым. Оны да сапалы түрде жүргізілген жарнаманың арқасы деп түсіндім. Бұдан соң өзім оқитын бірнеше блогер аталған фильмге қатысты позитивті ойларымен бөлісті. Олардың да тілін тапқан екен деген ойға қалдым.
Бірақ білікті кино сарапшылары Кәрім Қадырбаев пен Төлеген Байтүкеновтің пікірін оқыған соң, фильмді міндетті түрде көру керек екенін түсіндім. Аты аталған азаматтарды ел құрметтейді. Сондықтан келер аптада уақытымның ыңғайына қарай барамын деп шештім.
Алайда бүгін аталған фильмге жазылған сыни пікірді көзім шалып қалды.
“Арман” фильмін көрсетуге тыйым салу керек, адамдарды полицияға қарсы қояды, ал негізінде ІІМ-де адал жігіттер қызмет атқарады, бәріне күйе жағудың қажеті жоқ, бәрі соншалықты жаман емес, сатылмайтын полицейлер де бар”, – деп жазуда. Дәл осы сәтте фильмге тез арада бару керек деп ұйғардым.
Фильм өмірден алынған. Бар шындық. Әрине, ағаттықтар да жоқ емес. Бірақ жалпы алғанда құқық қорғау жүйесіндегі жағдайды айна-қатесіз көрсеткен.
Күлекбаевтар мен Жампозовтардың пайда болуын шынайы сезінуге болады. Көрерменнің реакциясы қызық болды, көпшіліктің әділдік үшін күрескен бас кейіпкерлер үшін уайымдағанын байқадым. Залдағы көрермендер ұзақ уақыт бойы қошеметтеумен болды.
Ойланатын дүние көп. Әсіресе, ІІМ мен идеологиялық салада… Мұндай фильмдерге тыйым салмау керек. Керісінше, көріп барып нәтиже шығарған дұрыс. Жастарға обал”, – деп жазды Мұрат Әбенов.
Жіберіп алмаңыз:
KN-нің ізімен: Төреғали жеке киімдер топтамасын шығармақшы (фото)
“Аға буын түк бітірмеді” деп назданған Мархаба Мақпал Жүнісованың қаҺарына ұшырады
Ақбота Сейітмағамбет Ресей кинофестивалінде “үздік актриса” атанды