"Мүмкіндіктер мен жаңалықтар алаңы": KMF Банк Талдықорғанда агрофорум өткізді
Талдықорғанда KMF Банк пен KMF-Демеу қорының ұйымдастыруымен агрофорум өтті. Форумда сарапшылар мен Жетісу облысының шаруалары бас қосып, бұршақ, жүгері мен қант қызылшасы сынды дәнді дақылдарды тиімді өсірудің жолдары талқыланды. Сондай-ақ шаруалар егістік саласындағы тәжірибелерін бөлісіп, білгенін ортаға салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің тиімді тәсілдері" атты агрофорумның Талдықорған қаласында өткізілуі бекер емес. KMF Банктің тарихы дәл осы жерде бастау алған. Сондықтан KMF банк статусын алғаннан кейінгі алғашқы форумын Жетісу аймағында ұйымдастырып отыр.
Форумға Жетісу облысының түпкір-түпкірінен келген шаруалар, аграрийлер мен сарапшылар жиналды. Олар аймақта негізінен өсірілетін жүгері, майбұршақ немесе соя, қант қызылшасы мен бидай өсіру кезінде жіберілетін қателіктер туралы айтып, егістік көлемін арттырудың қыр-сырын ортаға салды.
Шараға қатысқан сарапшылар шетелдегі тәжірибені Қазақстандағы жағдаймен салыстырып, негізгі айырмашалықтарын көрсетіп берді. Сондай-ақ І.Жансүгіров университетінің жас ғалымдары да форумға атсалысып, өздері шығарған жүгері мен тауық тұқымын таныстырды.
"Жетісудың басқа өңірлерден ерекшелігі – майбұршақтың негізгі егіс аумағы осы жақта. Сондай-ақ жүгері де негізінен осы облыста өсіріледі. Мұндай агрофорумның артықшылығы – бірден бірнеше саланың қамтылуы. Көбіне форум ұйымдастырғандар тек өз саласы туралы сөз қозғайды. Ал KMF өткізген агрофорумда бірнеше сала, жаңа технологиялар жайлы да маңызды мәселелер ортаға салынады. Нәтижесінде фермерлер пайдалы ақпарат алып кетеді. Оның үстіне бір-бірімен тәжірибе алмасып, жіберген қателігі мен жеткен жетістігі туралы да айтып жатады. Бұл – әлеуметтік желі мен ғаламтордан оқыған түсініксіз ақпарат емес, сан жылдар бойы жинаған білімі", – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі, докторант, сарапшы Нариман Масалиев.
Мамандар егістікті арамшөптерден қорғаудың маңызы, зиянкестерге қарсы препараттарды тиімді пайдалану жолдарын шаруаларға түсіндіріп берді. Сондай-ақ іс жүзінде жүргізілген тәжірибелердің фотосуреттерін көрсету арқылы қай әдістің қандай нәтижеге алып келетінін баяндады.
Форум барысында фермерлер де сарапшыларға сұрақ қойып, білмегенін нақтылап отырды. Бұдан бөлек гендік модификацияланған ағзасы (ГМА) бар тұқымды егудің зияны мен пайдасы жайлы шағын ойталқы өтті.
"Алдағы уақытта мұндай форумдар жалғасын табады деп сенеміз. Жетісу облысы бойынша біз барлық салада кәсіп жүргізіп отырған азаматтарға қолдау білдіреміз. Соның ішінде негізгі бөлік – ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлер. Форумды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – аграрлық салаға жаңа технологияны енгізу, қатысушылардың білімін жетілдіру. Егер форумнан кейін шаруалар білген-үйренгенін іс жүзінде қолданып, егін өсіруде жетістікке жетсе, онда біздің мақсат орындалды деп білемін", – деді KMF банктің Талдықорғандағы филиалының директоры Жарқын Сәдуақасов.
Форумның екінші жартысы панелдік сессия форматында жалғасты. Бұған сарапшылардан бөлек тәжірибелі фермерлер де қатысып, шаруалармен ой алмасты.
"Мен Панфилов ауданынан келдім. Осындай форум өткізгені үшін банктің өкілдеріне алғысымды жеткізгім келеді. Бүгін мен де пайдалы ақпарат алдым, білгеніммен бөлісіп, өзге шаруалармен таныстым. KMF-пен бұрыннан таныспын, кәсіпкерлерге арналған ұсыныстары өте тиімді. Барлығы жылдам, қаржы беру тез жүзеге асады", – деді "Тоқтаева" шаруашылығының жетекшісі Білімжан Нұрызов.
Агрофорумға қатысқан шаруалардың бірі Герман Нам мұндай шаралардың бірін де өткізбейтінін жеткізді. Себебі мұнда пайдалы ақпарат беріліп, тәжірибе алмасуға болады дейді.
"Басқа фермерлердің тәжірибесін көремін және тиімдісін өз шаруашылығыма енгіземін. Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияларды пайдалану қажет, сондықтан оқу артық болмайды. Ұйымдастырушылар осыған ерекше мән берді. Біз ризамыз. Бүгін де Қазақстан мен Қырғызстандағы шаруашылықтың жағдайы, егістік алқабы жайлы маңызды деректерді білдім. Оның үстіне егін егуде есеп жүргізудің де маңызы бар екен. Қорыта айтқанда, агрофорум мүмкіндіктер мен жаңалықтар алаңына айналды", – деп қосты "НАМ" шаруашылық жетекшісі, агроном Герман Нам.
28 жылдың тарихы бар KMF Банк пен KMF-Демеу корпоративтік қоры форумдар өткізу арқылы агробизнеске жаңа технологияларды енгізуде үлкен серпін беріп келеді. Айта кетері, бұл елімізде өткізіліп отырған жетінші агрофорум. Әр форумда өңірге тән өзекті мәселелер көтеріліп, агросектордағы даму жолдары қаралады. Соңғы үш жылда форумдарға 750-ден аса адам қатысқан.
Банк операцияларын жүргізуге 2025 жылы 12 тамызда ҚР ҚНРДА берген № 1.1.120 лицензия

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
