Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз көзқарасын білдіруге құқығы бар": ІІМ вице-министрі "әйелдің тілі ұзын" деген депутат мәлімдемесіне пікір білдірді

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепёха сенат кулуарында отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зормбылыққа әйелдердің тілінің ұзындығы себеп болатынын айтқан депутат Баққожаевтың көзқарасына пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Үкімет/Орталық коммуникациялар қызметі

Игорь Лепёха әр азаматтың пікірін білдіруге құқығы бар екенін және депутат қандай да бір өмірден алынған оқиғаны негізге алған болуы мүмкін екенін айтты. 

“Мен депутаттың көзқарасына пікір білдіре алмаймын. Әр азаматтың, оған қоса депутаттың өз көзқарасын білдіруге құқығы бар. Бірақ жалпы депутаттардың ортасында осы мәселені реттеу керегі туралы түрлі пікір айтылады. Мен қазір енгізіліп жатқан шараларды қолдайтын депутаттарды білемін. Заңды қатаңдату бастамасын да осы депутаттар енгізгенін білесіздер. Оның да пікірін тыңдап, ескерді деп ойлаймын, қандай да жағдайлар болған шығар. Ол нақты бір оқиғаны немесе нақты бір адам туралы айтқысы келген болар. Ештеңе айта алмаймын”, – деді ішкі істер вице-министрі. 


Игорь Лепёха мемлекеттік қызметкер ретінде өз пікірін айтуға құқылы емес екенін атап өтті. 

“Оған баға беретін өз сайлаушылары бар”, – деді вице-министр. 

Бұған дейін мәжіліс депутаты Анас Баққожаев әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасын таныстыру барысында жанжалдың шығуына әйел тікелей себепкер екенін айтты. 

Оның пікірі қоғамда дау тудырып, сынға ұшырады. 

Талқылау